• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Lexus «мінген» жеткіншек

323 рет
көрсетілді

Қарағандыда мектеп жасын­дағы оқушы қыз шетелдік қымбат машиналардың бірі – Lexus көлігін мініп жүр деген хабарды ақпарат кеңістігінен байқап қалып, алғашқыда: «Осы жұрт не болса, соны жазып басты қатыратыны несі? Онда тұрған не бар?» деп аздап кейістік танытқанбыз. Бірақ сәлден кейін бұл хабардың интернетке босқа жарияланбағанын сезе қойдық. Өйткені, «Оқушы қыз машина мініп жүр» деген сөздің мәнісі басқада екен. Дәлірегі, ол заңды құқығы болмаса да көлік жүргізген. Оның қашаннан бері «шопыр» болып жүргенін өзі не жанындағы жақындары айтпаса, бір Алла ғана біледі. Бұл «сенсацияның» жариялану тарихына келер болсақ, жас қыздың осы әрекетін әлдекім бейнекамераға жазып алып, нәтижесінде «қызықты фильмді» кең құрсақ ғаламторға орналастырған. Бейне материалда көрсетілгендей, оқушы қыз көліктің артқы орындығына сөмкесін қойып, өзі жүргізуші орнына отырады. Бұдан кейін көлікке баласын көтерген әйел келіп, «шопырдың» қасына жайғасады. Одан арғысы белгілі. Қыз бала көлікті оталдырып, машиналар ағылып жатқан көшеге беттеген. Осыған байланысты Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі арнайы түсінік берді.  Полицейлердің айтуынша, көліктің иесі анықталып, ол заңнама аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Иә, ештеңе бүлінген жоқ. Бірақ әлі буыны қатпаған жас жеткіншекті қандай жағдай рөлге отыруға мәжбүр етті екен? Ол – бала. Көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Бірақ үлкендер жағы не қарап отыр? Кәмелет жасына толмаған жалғыздарына «асау» көліктің тізгінін ұстатып, ақырында өмір бойы санасынан бір сәтке өшпейтін, жүрегіне  қанжардай қадалған қайғыға тап болғандар аз ба? Ойланатын мәселе. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».