Мажарстанға мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Мәдени-гуманитарлық байланыс нығая түседі
Содан соң Шандор сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Бірге суретке түсу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Түскі ас форматында өткен кездесу барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады. Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан аса уақытта бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.
– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған еді. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді.
Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.
– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.
Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын күшейтуге айрықша мән берді. Әсіресе Қазақстан мен Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жандандыру қажет екеніне назар аударды.
Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібі, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.
Мажарстан инвестициясы 370 млн долларға жетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.
– Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 млн долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен аса компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында «MOL Group» және «Gedeon Richter» секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 млн доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа саяси және экономикалық парадигмаға бет бұрғанын айтты. Білім мен инновацияны ту еткен өзгерістер бұл үдерістің басты қағидатына айналады.
Президент Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мажар компанияларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Инвестициялық дөңгелек үстел барысында Мажарстанның Қаржы министрі, Қазақ-мажар экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Михай Варга мен ірі компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.
Жиын қорытындысында ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Парламентаралық ықпалдастықтың маңызы
Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты.
Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы жоғары білім саласындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.
– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламентаралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығарушы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды.
Кездесуде халықаралық аренадағы жағдай да талқыланды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.
Серпінді Будапешт келісімі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапары аясында Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді. Кездесу достық рәуіште өтті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді.
Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың басым бағыттары мен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету келешегі талқыланды. Қазақстан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ достас әрі бауырлас мемлекет ретінде атап өтті.
Президенттің айтуынша, Мажарстанға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика сияқты бағыттарға тың серпін беруді көздейді. Бұл ретте мұнай-газ секторы мен ауыл шаруашылығы, логистика, атом өнеркәсібі және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін екі ел үкіметтері қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.
Мажарстан Премьер-министрі сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Бұған қоса тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстар жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы рөлін арттыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Будапешттегі келіссөздер қос тараптың стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екенін көрсетіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.
Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қоры құрылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақындығын атап өтті.
– Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.
Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
– Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндігі мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан Премьер-министрі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды.
Келіссөз қорытындысында екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы консулдық мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісім; «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан), «L.A.С Holding» (Мажарстан) және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation Co» (Қытай) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «MOL GROUP» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Алдағы меже – алыс-берісті 1 млрд долларға дейін арттыру
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халық екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.
– Отыз жыл бұрын Қазақстан Мажарстаннан өз елшілігін ашты. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі. Жаңа ғана Жоғары Мәртебелі Виктор Орбан мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Премьер-министр мырзаның былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, ықпалдастықтың жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды. Келіссөздер барысында серіктестігіміздің болашағын талқыладық. Тиімді саяси диалог жүргізу және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру – өте маңызды міндет. Сондай-ақ көпжақты ықпалдастықты нығайта түсу қажет. Осы орайда бүгін Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сан қырлы байланысты күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді, – деді Президент.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.
– Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 млрд долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 млн доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Елімізге 2005 жылдан бері 370 млн доллар мажар инвестициясы тартылды. Мен бүгін Мажарстандағы ірі компания басшыларымен кездестім («MOL», «OTP Group», «Gedeon Richter»). «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 млн доллар. Экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы. Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан – Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады.
– Бүгін «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміз арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тараптардың мәдени-гуманитарлық байланысты нақты іс-шаралар арқылы күшейту жөнінде уағдаласқанын жеткізді.
– Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Мажар құрама командасы белсене қатысты. Қолдауларыңызға рақмет айтамын. Мұндай іс-шаралар өркениетіміздің, тарихымыздың тамыры ортақ екенін көрсетеді. Бауырлас халықтарды жақындата түседі. Мажар үкіметінің қолдауымен кейінгі 10 жылда Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде бірнеше мың жас Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің көпжақты ынтымақтастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатқанына назар аударды. Әсіресе Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді.
Виктор Орбан Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне назар аударды.
– Келісөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық, – деді Виктор Орбан.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрінің салтанатты қабылдауына қатысты. Қазақстан Президентінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты қабылдау Мажарстан Премьер-министрінің кеңсесі орналасқан ғимаратта өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына көрсеткен қонақжайлылығы мен достық пейілі үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Будапешт қаласындағы Халықаралық дзюдо федерациясының штаб-пәтеріне барды. Онда Қазақстан басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен кездесті.
IJF басшысымен әңгімелесу барысында осы танымал спорт түрін елімізде дамыту келешегі талқыланды. Мариус Визер Қазақстан дзюдоны қолдауға арналған дәйекті шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар спортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне және Қазақстан дзюдо федерациясының жұмысына жоғары баға берді.
Мемлекеттік сапары келелі кездесулермен түйінделген Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан құрметпен шығарып салды.