• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

«Ұлы даланың күш мәдениеті» ұғымы мен терминін айналымға қостым – Абылайхан Қалназаров

101 рет
көрсетілді

Түркі-қазақ тарихындағы 500-ге жуық палуан дерегі мен аңызын түгендеген зерттеуші-мәдениеттанушы, PhD доктарант Абылайхан Қалназаровпен сұхбат.
 

- Абылайхан Мамырайханұлы, сіз қазақ күресі саласында бұрын-соңды жарық көрген кітаптардан ерекше «Балуан тас» атты түркі-қазақ палуандарына арналған қостомдық құрадыңыз. Одан беріде көкпарға арналған тағы төрттомдық жазып жатыр екенсіз. Асық ату, бәйге тақырыптарына да барып жүр деп естідік. Осы еңбектер барысында не түйіп, нендей пайым жасаудасыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Маған «Балуан тас» қостомдығы жазылу барысында емес, шығып болғасын көп ой салды. Өйткені өзімнің не жазып қойғанымды уақыт өте келе тереңірек түсіне бастадым. Жазу деген үздіксіз процес. Ол кезде мағұлымат пен мәтіннің логикасымен де кетіп қалатын  кездер көп. Қызықтың бәрі барлығын жазып бітіп, баспаға шығарып, оқырмандармен кітапханаларға таратып тастағанда басталады. Өзің де қайта-қайта ежіктеп оқисың, ол еңбек қолына тигендер де «кері байланыс» бере бастайды. Біреулер сынап, енді біреулер мақтап, үшіншілер ұсыныстарын айтып дегендей, қайыра шығармашыл кезең салтанат құрады.

Енді мынаны қара: Қазақ күресін және оның көрнекті шеберлерін одан әрмен зерттеп зерделеу, сондай-ақ тарихы мен философиясына тереңдеу – бұл бағытты оқшаулап қарауға болмайтынын айқын көрсетті. Қазақ күресі, көкпар, бәйге және даланың басқа да интеллектуальдық-күштік сайыс-жарыстары біртұтас кешенді жүйені – Ұлы даланың күш мәдениетін құрайтын болып шықты. Бұл мәдени кешенде өзара байланысты және бір-бірін нығайтатын құндылықтар мен мағыналардың белгілі бір құрылымы мен терең генетикалық коды байқалады. Яғни сахаралық қисында – той-думан, ас, жиын, соғыс,дау-дамайлы ел арасын бітістіру мен бәсекеде бәрінің ортақ өзектен тарамдалған өз орны мен жөні бар. Яки «Тотай сал» жырында айтылғандай, «Ол кезде тыныш тұрмас ел арасы, Көкпары, балуан, бәйге ер таласы».

«Керей шежіресіндегі» мына бір жолдар тіптен, панорама береді:

«Ас беріп, ат шаптырып, мереке қып,

Жиналыс, той-томалақ береке қып.

Қызқуар, мүше, балуан, ойын-сауық,

Жеңгені жеңілгенін келеке қып».

«Дуан палуан» туралы жыр-шежіреге де назар салалық:

«Қазақтың бір қызығы бәйге, палуан,

Қыз қуып, көкпар тартып, сайран салған.

Жел жетпес тұлпарларын бәйге қосып,

Байлар көп тұлпарымен атақ алған.

Палуанын жуан балтыр күреске сап,

Әр ру дәмелісін сынға салған».

Әскери жағынан мысалды жыршы Ниязбек Қыдырмоллаұлы жырлаған «Мырзаш батырдан» табамыз:

«Арасы екі қолдың жақындады,

Жекеге шығатындар мақұлданды.

Ажал жетіп кім өледі, кімдер қалып,

Бір қайғы, бір қуаныш тақымдады.

Түйіспей екі жағы таяу келіп,

Ажалдыға сұм тағдыр келді төніп.

Тоқтады екі жақта сәл кідіріп,

Жекпе-жек дауыс жетер жерге келіп».

Бұл жерде бейбіт өмірде «жұлдыз» болған ұлттық спорт түрлері майталмандарының енді қазақ-қалмақ соғысы жағдайындағы бетпе-бет ахуалы суреттеледі.

- Бұл барлық зерттеуге кешенді түрде келу керектігіне тағы бір дәлел болса керек. Кешенді жағынан баяндасаңыз!

- Біріншіден, қазақ күресі, көкпар және басқа да дәстүрлі спорт түрлері Исламға дейінгі заманалардан арна тартатын ортақ тарихи-мәдени тамырларға ие. Олар бастапқыда жас ұрпақты көшпелі өмірдің қатал жағдайларына бейімдеудің бір түрі мен ғылыми түрде айтқанда, физикалық-моральдық денсаулықты нығайту құралы, сондай-ақ өмір сүру дағдылары мен әскери өнерді үйрету тәсілдері ретінде пайда болды. Дене жаттығуларына мұндай көзқарас тек тәнді ғана емес, рухты да қалыптастырды, адамды Отан, ру мен мәдениетті қорғаушы рөлін орындауға дайындады. Бұл жерде қазақ күресін басқа спорт түрлерінен бөлек қарастыра отырып, оларды біріктіретін ортақ өзек – тұтас өмір салты мен құндылықтар жүйесін ұмытып кететінімізді байқадым. Осы бір кішкене деталь, шетін тартқанда арғы жағынан үлкен ақиқатты сүйреп алып шықты.

Екіншіден, Ұлы дала мәдениеті – бұл қауымдастық бірлігін нығайтуға, Құдайын жад тұтып, ата-бабалар әруағын құрметтеп, салт-дәстүрлерді сақтауға бағытталған тәжірибелердің синтезі. Бұл тұрғыда қазақ күресі «күш мәдениетінің» ұстындарының біріне айналады. Бірақ бастысы емес. Образдап айтқанда, қолдың саласы мен білектің өзі емес, бес саусақтың бірі деуге болады. Көкпар, асық ату және басқа да ойындар, дала палуандығы сияқты, осы құндылықтарды бейнелейтін мықты, әділ және шешуші қаһарман идеалын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оларды біртұтас зерттеуге біріктіру осы жүйеде жұмыс істейтін мәдени тұтастық пен терең механизмдерді анықтауға мүмкіндік берді.

Үшінші тұрғы – бұл спорт түрлерінің әлеуметтік тәрбиеге қосқан үлесі. Мысалы, көкпардан біз тек қара күшті ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ойлау, командада жұмыс істей білу мен өз тобына адалдықты байқаймыз. Асық ату – қарсыласқа деген дәлдік, шыдамдылық пен құрметке тәрбиелейді. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, дәстүрлі ойындар арқылы тәрбиеленген адамның ұжымшылдық, жауапкершілік және ортаны құрметтеу тәжірибесін алатын қоғамдық өмірде де маңызды. Мұндай кешенді тәсіл осы спорт түрлерінің қоғамдық қарым-қатынастар жүйесін қалай қалыптастырғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қазақ менталитеті мен оның көріністерін зерттеуде аса маңызды.

Сонымен, Ұлы даланың күш мәдениетінің барлық компоненттерін зерттеуге кешенді көзқарас дәстүрлерді сақтап қана қоймай, оларды қазіргі қоғамға бейімдеуге жол ашуымен ерекше. Жаһандану аждаһасы мәдени айырмашылықтарды жойып жатқан қазіргі «дүние жалғанында» ұлтымыздың спорттық үрдістерін кешенді зерттеу уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап ретінде төл құндылықтарды қорғау мен өзгерту тәсіліне айналуда.

- «Ұлы даланың күш мәдениетіне» қандай анықтама берер едіңіз?

- «Ұлы даланың күш мәдениеті» – Орталық, Орта Азияның, әсіресе Қазақстанның көшпелітекті ұлттарының физикалық, рухани және зияткерлік қуатын біріктіретін бірегей құбылыс. Ол тек әскери дәстүрлерден ғана емес, сонымен қатар ойындардан, жарыстардан, күштік және моральдық дайындықтан тұрады. Бірініш кезекте олар мінез бен ақыл-ой күшін қалыптастырды. Бұл мәдени элементтер көкпар, қазақ күресі, ат жарыс, жамбы көздеу, аударыспақ яки ат үсті күрес, теңге ілу, құсбегілік, тоғызқұмалақ және асық сияқты дәстүр мен ойындарымызда да тамыр жайған. Менің бұл терминді айналымға енгізудегі басты мақсатым – жеке тұлғаның адами тәрбиесінде көрінетін дала мәдениетінің ерекшелігі мен идентификациясын бөліп көрсету болды. Бұл концепция – күш мәдениеті тек батылдық пен төзімділікті ғана емес, сонымен бірге адамның дамуы, оның ел-жұртпен өзара әрекеттесу мен ынтымақтастық қабілеті, қоршаған орта мен табиғатты құрметтеуге деген тұтас көзқарасты қамтиды. Бүгінде осы жаңалығымды ұлттық спорт айналасындағы ұйымдардың бәріне, әсіресе, шешім қабылдайтын басшылығына баса айтып жүргенім бар. Өткенде жүздескенде Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитовке де кеңінен баяндадым. «Төл спорт түрлеріне кешенді көзқарас ұстану керек» дедім. Атасына рақмет, оң қабылдап жатыр. Алдыңғы буын өкілі ғой деп, қазақ күресінің белгілі ардагері, қазына қарт Оңалбек Әуелбековке айтсам, тіптен, бұл идеяны әрмен қарай дамытып, арқырап аңқылдап көп пікір мен дерек қосты.

- Сіздіңше, «күш мәдениетін» қалыптастыратын негізгі құрауыштар қандай?

- Ұлы даланың күш мәдениеті үш негізден тұрады: физикалық, рухани және әлеуметтік. Дене шынықтыру – күш, ептілік, төзімділік және реакция жаттығуларын қамтиды. Бұл қажетті сапа! Бұрындары онсыз қатал дала жағдайында өмір сүру мүмкін емес еді. Мәселен, көкпар айтып өткеніміздей, ойыншыға ептілік пен жылдамдықты ғана емес, топта жұмыс істеу қабілетін де үйретеді. Өйткені кейбір түрлерінде болмаса бұл сайыста жалғыз жеңіске жету мүмкін емес. Күрес те ерік-жігер мен байсалдылықты, кейде қазақ жанының құпия да терең иірімдерінен тартып әдеп нормаларын қалыптастырады. Оның этникалық сипаты да зор. Мәселен, нағыз «Күш атасын танымас» деген қағидаттың өзінің нюанстары бар. Әулие Мәшһүр-Жүсіп Көпейдің жеткізуінше, «Нағашысымен күрескен жиен жығылады». Яғни күші жетіп тұрса да жорта жеңілу этикеті болған. Сол сияқты «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» дегенді бәріміз білеміз. Одан қалса орайы келіп тұрса да «Қызбен күреспе, желмен жарыспа» деген жазылмаған заң. Әйел, қыз баласын жеңсе де, жеңілсе де абырой таппасын көне айперендер білген-ақ. Ат спорты түрлерінің өзіне деген сенімділік пен батылдықты дамытуға жғадай туғызатыны бесенеден белгілі. Менеджмент тілімен айтсақ, мұнда шабандоз тек шеберлікті көрсетіп қана қоймай, жылдамдық пен қауіптен қорқу сезімдерін басқарады.

Бұл жерде рухани аспект те бар. Жамбы ату және құсбегілік сияқты түрлер шыдамдылық, ыждағаттылық, ішкі тәртіпке үйретеді. Олар адамды философиялық тұрғыдан бейсаналық деңгейде реттейді. Бүгінгі құсбегілер жетекшісі Берік Уәлиге ол жағынан айтарым да көп, бірақ жолығудың реті келмей жүр. Мәселен, нысанаға ату ой жию мен тыныштықты қажет етеді. Тарихи тұрғыда бұлар аң аулауға дайындық болатын. Демек, өмірді өз бетінше қамтамасыз етуге баулушылық. Жыртқыш құстармен аң аулау, бүркіт яки сұңқарлармен ұзақ және тығыз қарым-қатынасты, оны үйрету мен күтуді талап етеді. Бұл жауапкершілік сезімін, табиғатпен нәзік байланысқа тәрбиелей отырып, ол адамдарға қоршаған әлемнің бір бөлігі ғана екенін ұғындырады. Сөйтіп, табиғат анамен гармонияға келуіне себеп болады.

- Күштің рухани аспектісі көшпенділер үшін қандай маңызға ие?

- Көшпенділердің рухани күші қара күштен кем емес маңызға ие. Бұл екі қасиет бір-бірімен тығыз байланысты. Тарихи тұрғыдан алсақ, ата-әжелерімізге далада тіршілік кешу елеулі қиындықтар туғызған, ауа-райы жағдайлары, ресурстардың жетіспеушілігі, үнемі қауіп-қатерлер. Мұндайда психологиялық тұрақтылық, тыныштық пен өзін-өзі бақылау қажетті қасиеттер болды. Ал оны мектебі мен университеті, дайындық орталықтары жоқ жерде ұлттық спорт арқылы қалыптастыруға күш салынды. Сондықтан жастардың олардан сайыстарды ғана емес, философиялық аспектілерді де көруі, біздің де ғалым ретінде дәл осыларды көрсете білуіміз аса маңызды.

- Сіз осы ойындардың шығу тегі мен генезистерін анықтай алып жатсыз ба?

- Бәрін болмаса да кейбіреуін аңыз-әфсана, ел аузындағы әңгімелер, яғни ғалым Ақселеу Сейдімбек, тарихшы Жамбыл Артықбаев әдістемелеріне сәйкес ауызша тарих арқылы өте көне үрдістер екендігін пайымдағандай болып жүрмін. Қазақтың Үш жүзінің шығу тегіне қатысты аңыздалған көне өлең-шежіреде де «Атам қазақ үш ұлы туғанда той жасап, ат жарыстырып, күрес ұйымдастырған» деп жырлануы да тегіннен тегін емес.

Атасына тартқан ер болып,

Үш бала туды Қазақтан:

Біреуі оның – Ақарыс,

Той болған үлкен ат жарыс.

Екінші бала – Жанарыс,

Халық жиып, той қылып,

Мал семізін сойдырып,

Күрескен палуан арпалыс.

Үшінші бала – Бекарыс,

Сыйлады жат пен бейтаныс.

Қазақтан туған үш бала –

Өңкей көкжал, жолбарыс.

Мысалы, көкпар ойынының шығуы туралы аңыздардың бірі – Тоныкөк, Күлтегіндердің мұраттас-серіктесі Білге қағанның ерлік мұрасы мен ел басқарудағы көрегендігімен байланысты. Білге қаған – екінші Түрік қағанатының үшінші билеушісі, оның билік құрған дәуірі далалықтардың саяси-рухани жаңғыру кезеңімен ерекшеленеді. Ол түркілердің саяси тәуелсіздігін сақтауға, көшпелілердің қайталанбас мәдениеті мен дәстүрін қорғауға зор үлес қосты.

Заманасында Білге қаған еліне жау жиі шабуыл жасап, қыздарын күңдікке айдап әкететін көрінеді. Бұл жағдай ханның намысына тиіп, оларға қарсы қалың қол бастап барып соғысып жеңеді. Жеңілген жақ әміршісі алпыстағы қарт кісі екен, тұтқында пенде болып отырып, мұны «Сенің де жасың алпыстан аспасын!» деп қатты қарғайды. Шынымен, алпысқа келгенде қаған дертті болып, ешбір ем қонбайды. Осы кезде бір жас қыз келіп, оны жазудың жолын білетінін айтады. Ұсынысы бойынша палуандар арасынан шыққан мықты жігіттер атшаптырым жерден таутекенің тұшасын атқа міне бір-бірінің үстінен кезек-кезек тартып, Ордаға әкеліп салады. Осы етті жеген соң Білге баяғы қыран қалпына келеді. Кейінірек бұл шара көкпар ойынына арқау болып, аңыз бойынша «серке-лақ тарту» аламанды ойын-сауық дәстүрі қалыптасады. Бірақ түпкі мағынасы бейбіт кездегі соғыс жаттығуы әдісі ретінде бекиді. Бәрін айт та, бірін айт, сол ескі жоралғының емдік жағы әлі де ұмытылмай, оңтүстікте сырқат жандарға да тартылатынын атап өткен жөн. «Жігітің сұлтаны мен жылқының тұлпарының тері сіңген көкпардың еті мың да бір ауруға ем болады» дейді көнекөздер.

Жалпы, Білге қағанның тарихи мұрасы түркі халықтарының бірлік пен ұлт сезімін нығайтуда маңызды рөл атқарды. Оның тұсында қағанат нығайып, мәдени мұрасы кейінгіге мирас болып, бүгінгі Венгрия мен Манжурия аралығындағы түркі-моңғол ареалы қалыптасты. Өз тұжырымыма келер болсам, аңыздардың арқасында көкпар сияқты дәстүрлі ойындардың ықылымнан халықтың жауынгерлік рухын сақтап, ерлік пен бірліктің бейнесіне айналғанын ұқтым. Жоғарыдағы баянның да тарихи негізі бар. Өйткені Білге қағанның Қытайдың үлде мен бүлде арқылы арбайтын мәдениетінен бас тарту туралы Орхон жазбаларындағы өсиетінде күштік коларитті сақтау арқылы түркілікті сақтау идеясы бар. Осы тұрғыдан алғанда көкпар ойыны да оның далалықтардың жібек киіп, тәтті жеп, дімкәс тартып кетпеуін көздейтін екі мыңжылдық стратегиясымен үйлеседі.

- Қағандар туралы әңгіме шықты ғой. Әрненің пайдасына қарай тұтады. Күш мәдениеті қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына қалай әсер етті?

- Көшпелі мәдениет, әсіресе оның күш құралдары қазақ мемлекеттілігінің негізін қалап, үш жүздің баласының дәстүрлерді құрметтеу, өз қауымдастығына адалдық және қорғауға дайын болу сияқты қасиеттерді берді. Мұны айтып келемін, айта да беремін, қайталаудан да танбаймын. Көкпар мен бәйге сияқты жарыстар жайшылықта танысып, білісіп бірігуге алып келді және әлеуметтік байланыстарды нығайтты. Өз кезегінде бұл күшті мемлекет құру үшін өте маңызды. Өзара көмек, қауымдық жауапкершілік пен адал бәсекелестік идеялары осы сияқты спорттық тәжірибелер арқылы жеткізілді.

Күш мәдениеті адамдарға көкпарда талап етілгендей командада әрекет етуге немесе курестегідей нақты белгіленген ережелер шеңберінде жеңіске жету үшін күресуге үйретті. Мұны батыс менеджмент ғалымдары корпоративтік тұрғыда зерттесе, «Бұл сайыс-жарыстар көшбасшыларды тәрбиелеп, мықты қоғамдастықтар қалыптастырды» деп қорытынды берер еді. Бір әттеген-айы, біз – қазақстанның қаншама профессор-кандидаттары, PhD иелері соншама әлеуетімізе қарамастан, осыны көрсете алмай келеміз. Өкінішке қарай мен де мұны тиісті деңгейде таныта алмай келемін.

Жалпы, біздер, қазақ халқы ұлттық күш спорты түрлеріне тәуелсіздігіміз, осылай іргелі ел болып, әлемнің тоғызыншы аумағын иеленіп отырғанымыз үшін тарихи тұрғыда қарыздармыз. Олар өз миссиясын атқарды. Солар арқылы талай да талай майдан даласында дұшпанның арынын басып, тас-талқан етіп жеңіп, халық ретінде аман қалдық. Оны мойындаймын, мойындауымыз керек.

- Тақырыптың осы жерін кеңірек талдасақ. Сонымен, ұлы дала күш мәдениетінің түпкі мұраты не болды?

- Ұлы даланың күш мәдениетінің ұлы мақсаты, сайып келгенде, тек дене тәрбиесінде ғана емес, өз халқы, жері мен дәстүрлері үшін соңына дейін тіресіп тұруға дайын идеалды қорғаушы – бергісінде жауынгер, арғысында баһадүр-батыр тәрбиелеп өсіріп шығару болған. «Кешубай-Жәмила» жырында осыны аргументтейтіндей мынадай жолдар бар:

«Қырық жігіт бәрі мықты, бәрі балуан,

Қамшыгер, көкпаршы мен шоқпаршыдан.

Әрбірі жекпе-жекте он кісілік,

Ер жүрек, сом денелі, алып қолдан.

Бұл көшпелі өмірдің ерекше тарихи контекстіне байланысты, мұнда қауымдастықты қорғау және өмір сүру қабілеті негізгі құндылықтар болды. Қазақ күресінен көкпарға дейінгі барлық күш ойындарына тек сарбазды ғана емес, сонымен қатар дене күші, моральдық төзімділік пен стратегиялық ойлауды біріктіретін қорғаушы тұлғаны дайындайтын жүйелер кіреді.

Айта кетейік, дала халықтарының көшпелі өмір салты жоғары бейімделу мен бүгінгінің «спецназынан» бір кем емес аса шебер жауынгерлік әзірлікті талап етті. Себебі, руаралық-аумақтық қақтығыстар мен көшпелі шекараны сыртқы геосаяси қауіп-қатерлерден қорғау қажеттілігі тұрақты сипатта болды. Бұл тұрғыда күш мәдениеті әрбір ер кісіні әлеуетті сарбаз болуға дайындайтын мектептің бір түрі ретінде дамыды. Көкпар, қазақ күресі, аударыспақ, асық ату, тіптен, бір қарағанда күшке қатысы жоқтай көрінетін тоғызқұмалақ – осы спорт түрлерінің әрқайсысы «ұдайы әскери-соғыс жағдайында» тіршілік кешкен ата-бабаларымыздың қажеттілігін  қамтыды: күш, жылдамдық, төзімділік, топта немесе үлкен әскери шоғырда тиімді әрекет ете білу және ойлана алу. Бұл спорт түрлері тек қара күшке иек артқан топтарды ғана емес, азаматтық та болмысы мығым, қажет болса асыл жар мен сары бала, қара қазанды, атамекенді қорғау үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға моральдық тұрғыдан дайындалған «құрбандық» жауынгерді қалыптастырды.

Содан соң, батырдың орталық фигурасы тек жауынгер ғана емес, мәдени идеал болды. Батыр тек дене күшін ғана емес, сонымен бірге рухани қасиеттерін де бейнелегенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Олардың портреті: әділдік, жомарттық және өз халқы үшін жауапкершілік. Батырдың дәстүрлі санасында оның жауынгерлік жетістіктері үшін ғана емес, даналығы, қиын жағдайларда салмақты шешім қабылдай білуі, туған жері үшін өзін құрбан етуге дайындығы үшін де бағаланды. Күш ойындары осы құндылықтарды тәрбиелеудің бір түрі болды. Мысалы, бәйге қуғанда жетіп, қашқанда құтылатындай әдісқойлыққа тәрбиелеген жәнеден бұл әскери мәдениетте қажетті элемент болып табылады. Қыз қуу да сондай. Қазақ аналары мен қыз-келіншектері, сұлулары қарсы тараптың қолына түсіп қорланбас үшін қашып құтыла да білуі керек. Ал бұған бейбіт өмірде қыз қуу арқылы дайындалмағанда, қай кезде дайындалады? Қазақ ауызша тарихы жаудың тақымында кетіп, алтын бастары қор болған талай нәзікжандылардың трагедиялы тағдырларын баяндауға толы. Сондықтан да «неге» деуге болмайды.

Келесі аспект – күш ойындары арқылы дамыған елдік-қауымдық-ұжымдық сана. Елдің ел болуы мәселесі. Сөзімізге бір мысал, «Дүние жүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі» баянында:

«Бағзының атасынан мирас қалып,

Өлген соң отырады орын алып.

Бағзылар бір палуанның күшіменен,

Тұрады патшалығы қуаттанып», – деп толғанылған.

Өстіп, күш мәдениетінің әрбір құрауышы қауымдастықты тиімді қорғау үшін қажетті қасиеттерді дамытуға шақырылды.

Ақырында, Ұлы Дала мәдениетінің өзі терең рухани мағынаға ие екендігін де айтқан ләзім. Әскери қорғауға дайындық агрессивті мақсат ретінде емес, қоғамдағы тәртіп, әділеттілік пен тұрақтылықты сақтау қажеттілігі ретінде қабылданды. Жауынгер тек физикалық шекараларды ғана емес, сонымен бірге қоғамның қасиетті кеңістігін, оның моральдық және мәдени құндылықтарын қорғады. Көшпелі өмір жағдайында жерді қорғау халықтың құрылымын, наным-сенімдері мен мәдени ерекшеліктерін қорғауға айналды. Сондықтан даланың күш мәдениеті тек жауынгерді ғана емес, сонымен бірге физикалық қасиеттерден басқа, оны өз халқымен біріктіретін моральдық-рухани құндылықтарды алып жүретін мәдениет пен дәстүрлерді тасымалдаушы һәм сақтаушы баһадүр зиялыны да қалыптастырды. Бұл жерде батырлық идеологиясының басты насихатшысы – эпостар мен жырлардың жеткізілу каналы – жараулық туралы да айта кетуге тура келеді. О, бұл кезде әдебиеттен бір-ақ шығамыз.

Тиісінше, Ұлы даланың күш мәдениетінің түпкі мақсаты болған ұлы құндылық – «Ұлыс-саяси қоғамды қорғау» және оған қызмет ету. Бір қуанарлығы, ол төл философиямыздың басқа да салаларында терең тамыр жайған және әлі де заманауи Қазақстан матрицасында бар нәрсе. Бұл платформа – жай ғана күш пен ептілікке үйрету емес, өз халқының табандылығы мен рухани қорғанысының символына айналуға дайын тұлғаларды тәрбиелеу. Егер қазіргі ұлттық ойындарымызды тиісті деңгейде дамыта алсақ, сол баяғы ілкі жолды жалғаған болатынымыз содан. Арғы авторлығы қырғыз тараптан – «Дүйнөлүк көчмөндөр оюндары» деп басталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының да біз үшін мемлекетшілдік тұрғысында маңызды болуы сол. Дәл оған атсалысудан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

- Қазіргі Қазақстан үшін бұл мәдениеттің қандай аспектілері ерекше өзекті?

- Қазіргі Қазақстанға өзінің мәдени тамырларын түсінетін және оларды бүгінгі әлемнің талаптарына бейімдеуге дайын, дәстүрге бағдарланған мықты жастар қажет. «Өзара көмек, үлкендерді құрметтеу» деп тізбелер болсақ, күрестің немесе көкпардың ар-намысы мен қадір-қасиеті сияқты күш мәдениетінің көптеген элементтері өзекті болып қала береді. Сайыстың бұл түрлері жамбы ату немесе тоғызқұмалақпен қатар ұлттық мақтаныш сезімін нығайтып, ұрпақтар арасы байланысын күшейтеді. Ең бастысы, адалдық, әдептілікпен және өзін-өзі басқара білумен тығыз байланысты күш-қуат туралы дұрыс түсінік қалыптастырады.

Осы жерде айта кетерлік бір жайт, зияткерлік мұрамызды былай қойып, бір күш культін баса насихаттау деген ойымызда жоқ. Ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қыз, қызық, батыр, балуан керек қылған, Ойсыз құлақ, мисыз бас шыға тұрсын» деп кеткенін де білеміз. Бірақ ол жаңа заман басында берекесі кетіп, артта қалған қазақ қоғамына батырлық пен балуандықтан және басқа да күштік іс-қимылдан білім-ғылым қайырлы болған тұстың әңгімесі еді. Қазір приоритет өзгерді. Қазақ ұлты ілім-ғылымды меңгеріп, Қытай түгілі, Америка асып жоғары білім-білікке ие болып жатыр. Бұл жерде ұлттық спорт Hard Skills –ұлттық мінезділік пен кәсібиліктің мәселесін шешуге сұранып тұр. Soft Skills «үйжандар» арқылы онсыз да қоғамда жетіп артылады. Қалай дегенде де «Білегі жуан бір кісіні, Білімі көп мың кісіні жығады» дегенді еш ұмытпақ емеспіз.

- Сіздің ойыңызша, бұл ойындарды ел ішінде танымал етуге қандай шаралар ықпал етеді?

- Дәстүрлердің күші оларды қолдануда да, мәдени таратуда да. Спорттікі де сондай. Көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ және басқа да арнаулы түрлер – фестивальдер, жарыстар және халықтық мерекелер сияқты іс-шараларды өткізуде басымдық болса керек. Сонымен қатар, танымал ету маңызды білім инфрақұрылымын – кітаптар, оқу материалдары, деректі фильмдер, білім беру бағдарламаларын құру оңды тактика мен стратегия болушы еді. Мұғалімдер, тәрбиешілер мен ата-аналарға пайдалы нұсқаулықтар жасау да зор қажеттілік.

Жастарды осы ойындармен ерте жастан таныстыру үшін мектеп пен университет бағдарламаларына күштік сайыстар мәдениетін енгізу қажет. Әр спорт түрінің тарихын, ерекшеліктері мен құндылықтарын ашатын басылымдар мен портал-сайттар жұмыс жасаса, әсіресе, олар қолжетімді де иллюстрацияланған түрде болса зор рөл атқарар еді. Бәрінен де, балалар мен жасөспірімдерді тарту үшін қызықты кітапшалар көп болса нұр үстіне нұр.

- Дамыту мен насихаттауда қандай бизнес-әлеуетті көресіз?

- Ұлы даланың күш мәдениеті туризм, спорт және мәдени бағдарламалар саласында үлкен әлеуетке ие. «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көзделгендей межеде турист тартпады» деп бір жолғы сәтсіздікті дабыралау қажет емес. «Қалауын тапса қар жанар». Келер жолы басқа жағынан келейік немес қырекеңдерге жармаспай, соның қазақы баламасын ойлап тауып, әрмен қарай ілгерілетейік. Бұл жағынан Қытай үлгісі зор тәжірибе. Олар Шаолинь у-шу мектептеріне шетелдіктерді шәкірт етіп алу үшін миллиондап қаржы алады. Сол сияқты басқа да спорттық ерекшеліктерін табысты монетизациялауда. Мұны сол жаттығу орталықтарында болып өз көзіммен көрдім. Біз де шетелдік қонақтарға көкпар, садақ ату немесе құсбегілік негіздерін оқытуды қамтитын бағдарламаларды ұсына отырып, спорттық туризм индустриясын дамыта аламыз. Күні кешегі әлеуметтік желілерге қызықты видеоларымен сән берген америкалық көкпаршы ковбойлар ат спортымыздың түрлеріне елітпейді дейсіз бе? Олардың артында қалтасы долларға толы тұтас армия бар деп ойлаймын. Ол индустрия мәдени және тарихи контекстті түсіндірумен қатар жүрсе… Бұл тек үздіксіз ағылатын қаржы көзі ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада төл мәдениетіміздің бренд-беделі мен танымалдылығын арттыру тәсілі де болмақ.

Сонымен қатар, тағы қайталап айтамын, балалар, жасөспірімдер мен ересектерге бағытталған танымдық-кәсіби әдебиеттерді шығару мен тарату – бұл білім беру курстары, оқу материалдары, тіпті мобильді қосымшаларды құруға негіз бола алатын жеке бизнес бағыты. Әр спорттың өзіндік аспектілерін шеберлік сыныптары мен арнайы спорт клубтарын ұйымдастыру арқылы дамытуға да болады. Бұл бағытқа инвестиция салу тиімді деп білемін. Мұны танымал меценат, кәсіпкер Арман Байқадамов та жиі айтады. Оның бір көкпардың өзінен тұтас табысты сала жасауға болады деп келетін көзқарасын меммекемелер назарға алуы тиіс. Өйткені қазіргі қоғам, батыста болсын, шығыста болсын, ашық ауада өзін-өзі дамытудың адреналинді де экстремальды ерекше түрлерін іздейді. Ендеше, «Осы тұрғыларды баяндайтын кітаптар мен әңгімелер, гидтер мен бейне курстар әлемдік аудиторияға барша әлемдік тілдерде цифрлық түрде қол жетімді болуы керек» десем қалай?!

- Жаһандану жағдайында осы ойын-дәстүрлердің болашағын қалай елестетесіз?

- Ұлы даланың күш мәдениеті терең философиялық және этикалық әлеуетке ие. Оның бұдан әрменгі өзектілігін сақтау үшін жаңа заманауи шындыққа бейімдеуіміз керек. Баяғы сол «Өзгер, не өлем қап» деген әңгіме ғой. Жаһандану, әрине, үлкен қиындықтар туғызады. Бірақ мен көшпенділердің күш мәдениетін дүниелік ауқымда популиризациялауға әлі мүмкіндігіміз мол, пойыз перонда тұр, мініп үлгереміз деп есептеймін. Мысалы, біз жамбы ату және асық ату сияқты түрлерін халықаралық спорттық жарыстарға қатысуға бейімдей аламыз.

Жаһандану сөзсіз дәстүрлі мәдениеттерге, соның ішінде Ұлы даланың күш мәдениетіне өз ізін қалдырады. Ол осы ілкі үрдістерді сақтау мен дамыту үшін қауіптер мен мүмкіндіктерді қатар жасап түзеді. Бір жағынан, жаһандану мәдени процестерді стандарттау мен әмбебап стандарттарды таратуға алып келеді. Айталық, бұл – көкпар, күрес, асық ату, бәйге немесе құсбегілік сияқты дәстүрлі жергілікті тәжірибелерге қызығушылықтың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Айтқандай, көкпарда серкенің өзін емес, қолдан жасалған тұлыбын пайдалана бастау сол жаһандық талаптан туындаған жайт емес пе? Заманауи БАҚ-пен цифрлық технологиялардың жан-жақты қатысуымен олардың ұмытылуы немесе ескірген деп қабылдануы да ықтималды. Дәл мұнымен санаспай болмайды.

Алайда, екінші жағынан, жаһандану бұларды әлемдік мәдени ортаға біріктіруге және қайталанбас мәдени мұраның бірегей элементі ретінде ұсынуға мүмкіндік беретін жаңа көкжиектер ашады. Дәстүрлі қазақ спорт практикаларының рухтың күші, топтық жұмыс, үлкендерді құрметтеу, стратегиялық ойлау, адалдық және төзімділік сияқты әмбебап құндылықтары бар екенін атап өту маңызды. Бұл қасиеттер әманда жершарылық контексте өзекті және сұранысқа ие болып қала береді. Дәл осы тұрғыдан алғанда, бұл дәстүрлерді сақтап қана қоймай, оларды әлемдік қоғамдастыққа қолжетімді ету керек.

Күш мәдениетіне қатысты спорт түрлерінің болашағы оларды қалай бейімдеу мен ұсынуға байланысты. Мен олардың ертеңін фестивальдар мен чемпионаттар сияқты халықаралық тәжірибе алмасу платформаларын құруда, сондай-ақ әлгінде айтып өткенімдей, цифрлық технологиялар арқылы жастар мен кең ауқымды бұқара арасында осы ойындарды танымал ете алатын онлайн-курстар, оқыту материалдары мен бейне контент құру арқылы көріп елестетемін.

Бұдан басқа, қазақ философиясының элементтері мен қазіргі заманның жаһандық талаптарын үйлестіре отырып, балалар мен ересектерге арналған күш мәдениетінің дәстүрлерін бейімдейтін идеологиялық тұрғыдан тексерілген білім беру бағдарламаларын жасау үшін де зор әлеует бар. Ол тек техникалық дағдыларды үйретіп қана қоймай, сонымен қатар жаһандану жағдайында маңызды болып табылатын ұжымшылдық, жауапкершілік, мәдениет пен табиғатты құрметтеу сияқты тұмса дәстүрлерге тән құндылықтарды жеткізуі керек.

Спорттық аутентикаларымыз Қазақстанда сұранысқа ие болып қана қоймай, халықаралық аудиторияның назарын аудару үшін «қайта жүктелуі» керек. Ол үшін оларды заманауи білім беру жүйесіне белсенді интеграциялау, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды белсенді пайдалану маңызды. Бұл халықаралық ортада осы жүйелерді жаһандық тану мен танытуға жол ашады.

Осылайша, жаһандану жағдайындағы ұлы даланың күш мәдениетінің өміршеңдігі оның стратегиялық бейімделуі, өзгелігін сақтау және сонымен бірге әлемдік контексте оның құндылықтарын белсенді тарату жағдайында мүмкін болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!