• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Бельгиялық беделді топ

364 рет
көрсетілді

«Қамажайды» еуропалық мәнерде орындады  Халық әні «Қамажайды» білмейтін қазақ жоқ. Әсіресе, оның мақамымен орындалатын бидің орны бөлек. Ал енді осы қайталанбас туындыға шетелдіктер қызығып, нәшіне келтіре орындап жатса, әрине, қуанасың. Бұл бір жағынан төл өнеріміздің өзгені мойындатқан құдіретін білдірсе керек.  Күні кеше бельгиялық Julien Jaffres деп аталатын топ «Қама­жайды» өз репертуарына енгізіп, оны еуропалық мәнермен ойнап шыққаны туралы хабар ақпарат кеңістігінде желдей есті. Мұны естіген бойда біз де Еуропа мен Америкаға танымал әлгі ұжымның халық әнін қалай орындағанын естуге асығып, интернет желісіне жүгіндік. Расында, олар әсем туындыны еуропалық нақышқа кел­тіре отырып, екі гитара, скрип­ка, волынка (үрлемелі аспап), бара­бан аспаптары көмегімен тәп-тәуір орын­дапты. Әрине, кәсіби музы­кант емеспіз, сонда да бол­са айтайық, Julien Jaffres тобы­ның келтірген мақамы жүрекке жылы тиіп, құлаққа жағымды естіл­ді. Бәлкім, бұл қазақы ортаға белгісіздеу шетелдік өнерпаз­дардың «Қамажайды» лайықты бағалағанына разы болғандықтан туындаған сезімнің әсері шығар. Julien Jaffres тобының мү­ше­лері қазақстандық телеар­на­лардың біріне берген сұхбатында аталған халық әнін неліктен таңдағандарын түсіндіріп беріпті. Ұжымның бас гитарашысы Седрик Ватерсукттың айтуы бойынша, «Қамажай» әні қазақ хал­қының тарихында, мәдени өмірінде ерекше орын алады. Сондықтан олар атақты туындыны өз репертуарларына қосқан. Бельгиялықтар әнді орындамас бұрын интернет арқы­лы көп ізденіпті. Олар бұл ком­по­зицияның қалай шырқа­ла­тынына баса назар аударған. Ал мұның нәтижесіне өзіміз куә болып отырмыз. Енді бұл топ оны қазақ әншісімен бірге орындағылары келетінін жеткізіпті. Жалпы, әлемнің қазақ өне­рі­не деген ықыласы күн өткен сай­ын­ артып келеді. Оның жар­қын мы­­­салдары өте көп. Ал ұлт­тық ­шы­­ғар­маларымызды шетелдік­тер­­­дің орындауы сирек кездесе­тін жағ­­дай. Сондықтан да, дархан­ даламыз­­дың өзегінен жарып шық­қан әндері­­міз бен күйле­рі­міз­ді, би­лерімізді ділі, болмысы, тілі бө­тен ұлт өкіл­дері орын­­дап жатса, мақ­­та­­нып, марқа­йып, мерейленіп қалатынымыз рас. Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Бельгия әншісі Вим Роланд Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған болатын. Ал жақында қазақ ком­позиторы Абай Бегейдің «Ас­пан­ға қараймын» әнін Куба­ның беделді тобы өз оранжировкаларымен орындап, әнсүйер қауымды тағы бір мәрте дү­рілдетіп тастап еді. Енді оның қатарына, міне, «Қамажай» да қосылып отыр. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Бельгиялықтар орындаған «Қамажай» әнін газет сайтындағы мақаланың бейнетіркемесінен тыңдай аласыздар http://youtu.be/k9tl9Bgrkc8