• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қараша, 2024

Сәкен, Ілияс, Бейімбет ұлықталды

70 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситеті ғалымдарының қолдауымен халық «әдебиет алып­тары» атап кеткен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сүгі­­ровтің туғанына 130 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы кеңесі бастап ұйымдастырған іс-шараға ғалымдар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас бір ұлтты тәрбиелейді» деген тәмсіл дұрыс айтылған» деп бастап сөз сөйледі Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов. Қала­лық ардагерлер кеңесі мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізетінін, бұған дейін халық батыр­лары Саға­дат Нұрма­ғанбетов, Әлмұ­қан Сем­бинов, Рақымжан Қошқар­баевқа арналған бірне­ше ғылыми-прак­тика­лық конфе­­ренция, түрлі жиын ұйым­­­дас­тырылғанын еске алды.

Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов «Сәкен Сейфуллиннің зерттелмеген қырлары мен беймәлім сырлары» деген тақырыпта өте қызық­ты баяндама жасады. Марат Орал­байұлы тың деректер мен дәйек­темелер келтірді. Сәкеннің шығар­ма­шылығы өз алдына, оның мемлекет қайраткерлігі де неше атанға жүк болған­дай. Таласып-тартыса жүріп әліпбиді қолданысқа енгізуге Ахмет Байтұрсынұлы екеуі қол жеткізген. Алғаш ұшаққа оты­рып көкке көтерілген ақын «біз­де авиа­ция болуы керек» деп не­міс­тің «Юнкер» самолетін алды­рыпты. Орынборда аэроклуб ашқызған. Сол аэроклубта Талғат Бигелдинов пен Юрий Гагарин оқыған көрінеді.

Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Өмірбай Бекмағанбетов Бейімбеттің әдебиетке адалдығы туралы пікір өрбітті. Биағаң жа­зуға мүлде шаршамайтын, күй талғамайтын, қаламын қолынан тастамайтын еңбекқор жазушы болғанын айтып, шығармаларына кеңінен талдау жасады. Туынды­ла­рындағы әлеуметтік теңсіздік, ұлт азаттық көтеріліс, әйел теңдігі секілді тақырыптар бүгін де көр­кемдігімен, шынайылығымен ел есінде. «Шұғаның белгісі», «Рау­шан коммунист», «Жалбыр», «Аман­­­гелді» сияқты шығармалары әде­битеттің жауһарлары.

Өмірбаян Жолдыбайұлының терең мағыналы баяндамасынан қар жауса да сөнбейтін, балталаса да тамырынан ажырамайтын Бейім­беттің берік тұғырын көрдік. «Бейім­бет жау болса, мен де жау­мын» деп басын бәйгеге тіккен Ғабеңнің (Мүсірепов) атақты сөзінің шынайылығын сезіндік.

– Қаламмен емес, қанымен жазып қалдырғандай «Дала», «Күй­ші», «Құлагер» сынды поэ­ма­­­лар неше ғасыр өтсе де ұлт­тың құндылығы болып қала бе­ре­тін Ілияс Жансүгіровтің ш­ы­ғар­­машылығы баға жетпес бай­лы­ғымыз. Ол алғашқы шы­ғармасын 1928 жылы «Сағанақ» деген атпен шығарыпты. Өндіре жазатын Ілияс шығармаларын бүркеншік есім­мен жариялап отырған. 42-ге жуық бүркеншік аты болыпты. Көп­ші­лігі «Қаптағай» деп берілген. Бүр­кен­шік есіммен жариялаған шы­ғар­маларын зерттей түсу керек. Олардың ішінде небір інжу-маржандар жатуы мүмкін ғой, – деді ақын туралы баян­дама жа­са­­ған Еуразия ұлт­тық универ­си­те­ті­нің докторанты Жауынбай Жыл­қы­байұлы.

Ілиястанушы, Жансүгіровтің жерлесі, аталас туысы Ілияс Рыс­пекұлы атасының «Мамания» мек­те­бінде ақынмен бірге оқыға­нын айтып, шығармаларына тоқ­талды. «Құлагер» поэмасы алғаш­қы­да «Ас» деген атаумен шыққан екен. Құла­герді өлтірген Батыраш та, Қо­ты­­раш та емес, басқадай сая­сат пен амалдар болғанынан хабардар етті.

«Құлагер» поэмасын сахналап, керемет қойылым жасаған Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атында­ғы театрдың жас режиссері Фар­хад Мол­дағали есімін айта кет­сек артық емес. Спектакль көрер­мен­дер ықыласына бөленіп, театр­лар бай­қа­уында бас жүлдені жеңіп алғаны көп­шілікке аян.

Жиынның модераторы, «Арқа»­­ радиосының директоры Серік Сейітман сұрақтарға жауап беріп, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарды. Ұсыныстар мен пікір­лер тиісті орындардың назарына жететініне Астана қаласы Ішкі сая­сат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлі­мі­нің бас маманы Жанна Әбдуа­ли­қызы сендірді. Дөңгелек үс­телді Астана қаласы ардагерлер ұйымының пленум мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Күлзира Искакова үйлестіре білгенін атап өткен жөн.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, арыстарымыз уақыт озған сайын, ұрпақ алмасқан сайын биіктеп, заңғар шыңға айналды.

 

Қарлығаш ҚҰСПАН,

Астана қаласы ардагерлер кеңесінің медиатоп мүшесі