• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Қараша, 2024

Бибігүл Төлегенова: «Бұлбұл» атандырған халқыма разымын!

232 рет
көрсетілді

Қазақ өнерінің паспорты іспетті, әлемді әнімен тамсантып, талай талантты шыңдап шығарған ерекше дарын иесі, аңыз әнші Бибігүл Төлегенова өзінің 95 жасында жеке шығар­ма­шы­лық кешін өткізгені – тарихта есте қалар оқиға, ұмы­тыл­мас естелік. Ерен өнер иелерінің басын жинаған өнер кеші «Астана Опера­ның» үлкен сахнасында аншлагпен өтуі – елорданың жоғары мәдениетін, жарқын сәттерін көрсетеді. Кеш алдында қайталанбайтын сәттерді пайдаланып, Бибігүл Ахмет­қызынан эксклюзив сұхбат алып үлгерген едік.

– Бибігүл Ахметқызы, үлкен сахнада шәкірттеріңізбен ән кештерін өткізіп, 70 жылдан астам бекзат өнерге барыңызды бердіңіз. Жалпы, көрген қиын­ды­ғыңыз бен қуанышты күн­де­ріңізді, жеңістеріңіз бен жеңі­ліс­теріңізді қысқаша қалай ­сипаттар едіңіз?

 – Тағдырдың маған берген сынақтары аз емес. Әкемді сонау зұлмат жылдарында ұстап алып кеткеннен кейін тіршілік қой, жас­тайымнан ет, консервілеу комбинаттарында жұмыс істедім. Соғыс кезінде де бала-шаға болсақ та ата-әжелермен бірге тынбай еңбек еттік. 18 жасымда Семейдегі ет комбинатында жұмыспен қатар көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрдім. Сосын Алматыға келіп, Алматы мемлекеттік консерваториясына (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) дайындық бөліміне оқуға түсіп, 6 жылдан соң жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығым бойынша еңбекке араластым. Филармониядағы Құрманғазы оркестрінде 11 жылдай жұмыс істедім. Ауыл ауылды, жер жерді, мал баққан, егін еккен ел ішін аралап, концерт беретінбіз. Бармаған ауылым жоқ десем болады. Халық әндерін бірінші кезекте орындайтынбыз, әуелі елімнің патриоты болып, ұлттық музыканы көтеруді, насихаттауды мақсат еттік. Сосын барып әлемдік классикалық дүниелер айтылады, оларды да репертуарымызға жиі енгізіп жүрдік. Құрманғазы оркестрінде жеке-дара ән айтып, ел алдына шығып жүрдім. 95 жасқа, шүкір, аман жеттім, қазір репер­туарымдағы әндерді, опералық шығармаларды өнер­дегі балаларым, немерелерім абыроймен орындап жүр.

– Халқы­ңыз­­ды әнмен тербеген әншісіз. Ал­ғаш бағыңызды қай ән ашты, сах­наға әкелген ұстаздарыңыз кім?

– Менің танылуыма қазақтың халық әндері әсер етті деп ойлай­мын. Репертуарымда мыңнан астам халық әні бар. Кейбіреулер мен орындаған әнді бұрын-соңды есті­­мегенін айтады. Мысалы, «Қара­­торғай», тағы басқа халық ән­дер­ді шырқай білген әншілер жоғары деңгейлі хас шебер бола алады деп есептеймін. Әрбір жас өне­рін осы халықтық әндерді айтудан бастаса, білімін тереңдетіп отырса, жақсы нәтижеге жетеді деген сенім­­демін. Ұстаздарым туралы айтсам, ет комбинатында жұмыс істеп жүр­генде көркемөнерпаздар үйір­ме­сінде ән айттым. Сол кезде Семей­де айдауда жүрген жазушы Г.И.Сере­бря­кованың көзіне түстім. Өнерде бағыт берген ұстаздарым – Семейге жер аударылған жазушы Галина Сере­бря­кова мен жетекшім, Халық әртісі На­дежда Самышина. Осы ұстаз­дарымның тәлімі ар­қа­­сында Құрманғазы атындағы Қа­зақ кон­серваториясына оқуға түстім.

– Өмірлік ұстаным­дарыңыз туралы білуге бола ма?

– Маған ештеңе оңайлықпен келген жоқ. 1932 жылы әкем нақақтан нақақ атылып кетті, сосын жеті баламен жесір қалған анама барынша көмектестім, жұмыс істедім, себебі үйдегі естия­ры мен едім. Еңбек етіп жүріп, жоғарыда айтқан ұстаздарымды кездестірдім. Олар ізденуіме бағыт-бағдар беріп, білім алып, әндердің мән-мағынасын түсініп, халықтық әуендерді, классика­лық дүниелерді орындағаным­ның арқасында осындай биік мақ­сат­тарға жеттім. Қазір де қара­пайым тұрамын, үш бөлмелі пәтер­де жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмын. Үйде музыкалық аспап – рояльдің қасынан кетпеймін, саусақ­тарыммен әлгі аспаппен жаңа әндерді үйренемін, айтамын, сол әдетімді әлі де тастаған жоқ­пын. Айтарым – мақсат қойсаң, табанды болсаң, дегеніңе жетесің!

– Биыл Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консер­ва­то­риясының 80 жылдығын атап өтуде. Өнердің қара шаңырағы туралы айтарыңыз бар ма?

– Иә, биыл менің 95 жасым ата­лып жатса, Қазақ ұлттық кон­сер­­ваториясы 80 жылдық тор­қа­лы тойын тойлап жатыр. Ал­ма­тыда Н.Тілендиев атын­да­ғы «Отырар сазы» Қазақ мем­­л­е­­кеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі мен Қазақ ұлттық консерватория ұжымы бірлесіп, мені қонақ ретінде шақырып, өнер көрсетеді. Консерваторияда мен кеңесші ретінде жұмыс істеймін, жас өнер иелеріне ақыл-кеңесімді айтамын. Екі рет омыртқама ота жасағандықтан, балдақпен, арбамен жүремін.

– Жас әншілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Оларға айтарым – ауылды­ ұмытпаңдар, өсіп-өнген ата­мекенді қастерлеп, шалғай ауыл­­дарға барып тұру керек. Өйт­кені ауыл бізді асырайды, тіршілік көзі, ата кәсібіміз сонда дер едім. Осынау 95 жасқа келгенше тынбай еңбек етумен келемін, ел ара­сында жүргендіктен, халық мені жақсы көреді. «Қазақтың бұл­бұл қызы» атандырған халқы­ма рах­мет, өзімді бақытты өнер иесі деп санаймын. Еңбегім, дауы­сым арқылы сый-құрметке бөленіп отыр­мын. Әндердің әуелі мәтінін жат­таймын, мағынасына мән бере­мін, сосын ­барып әуенге саламын.

– «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөз бар қа­зақта. Әлі де әдемісіз. Сұлу­­лық­­тың сыры неде? Қалай күті­несіз?

– Ешқашан опа-далап жағып, әлем-жәлем боянған емеспін. Тек сах­наға шығар алдында ғана жұқа­лап опа жағылады, болды. Өз шашым осы – жерге жетеді.

– Құрметтеп шақырған жер­­­лерден қалмайсыз. Туған же­рі­ңіз – Семейге де бардыңыз?

– Иә, биыл да Семей қаласына барып келдім. Семей – ұлы Абай мен терең Шәкәрімді, қаншама ғалымдар мен білімді тұлғаларды өмірге әкелген қасиетті топырақ қой, әрбір сапарым тағылымға толы дер едім. Ондаған жыл Семей жерінде ядролық сынақ болғаны, адамдарға, экологияға тигізген зиянды зардаптары әлі күнге дейін сейілген жоқ. Семей қаласы облыс орталығы мәртебесінен айрылып, аудан деңгейін­де қалып, қалада жылу дұрыс берілмеген шақтар – бәрін де көзбен көрдік, жанымыз ашыды, жүрегіміз ауырғаны белгілі. Енді қазір қалада жаңа құрылыс салынып, жаңарып келеді, әлі де ауылдарға көбірек көңіл бөлгенін қалар едік. Соғыс кезін­де майдан үшін қаншама өнім ұсынған ет комбинаты қазір қаңы­рап бос жатыр, осыған күйзе­лемін. Мал жоқ, ет комби­на­ты жұмыс істемейді, осыны бір іскер жандар қолға алып, жан­дандырса, қаншама халыққа жұ­мыс орны болар еді деп ойлай­мын. Тірі адамның тіршілігі біт­пейді ғой, жалпы, туған жерге бар­ғанда бойыңа ерекше күш-қуат құйылады, шүкір, қайда бар­сам да сый-құрмет көрсетеді. Ауыл­дастарыма қатты ризамын. Өмір болған соң бәрі де болады, он­­дайда әжем айтатын: «Дүние деген – дөңгелек, Айналдырып бір ба­сар» деп. Туған жерімнің, елім­­нің бұдан да жақсарғанын әлі де, бұ­йыр­са, көремін деген ойдамын. Та­лай жақсы мен жайсаңды ту­дыр­­­ған қасиетті Семей топырағы тү­леп, жаңарып, жақсарады деп үміт­те­немін.

– Дауыс күтуде ерекше ұста­ным­дарыңыз бар ма?

– Әрине, бұл Құдай берген дауыс. Дегенмен күтім керек. Қатты салқын немесе өте ыстық су, тамақ ішпеймін, ащы дәм жемеймін, ішкілікке, темекі тарту дегенге мүлде қарсымын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ,

журналист, арнайы  «Egemen Qazaqstan» үшін