«eGov Mobile» қосымшасы арқылы әскери қызметке қатысты деректерді онлайн қарап, қажет болған жағдайда алу мүмкіндігі пайда болды. «Цифрлық мәліметтер» сервисінің жаңартылғаннан кейін қосымшаға екі жаңа қызмет енгізілді. Біріншісі – азаматтың әскери қызметке шақырылу мәртебесін көру болса, екіншісі – әскери міндеттілік мәртебесіне қатысты мәліметті көру.
Енді пайдаланушылар бұл мәліметтерді өз бетінше ЖСН, компанияның БСН-і немесе мобильді азаматтар базасына тіркелген телефон нөмірі арқылы жібере алады. Сонымен қатар жұмыс берушінің тікелей сұрауы бойынша да ақпаратты бөлісуге болады. Мұндай жағдайда жұмыс беруші сұрау жібереді, ал пайдаланушы сұрауды растайды немесе кері қайтарады. Деректерді мессенджерлер немесе электронды пошта арқылы да оңай жіберуге мүмкіндік бар.
Қызметті пайдалану үшін қолданушы «eGov Mobile» қосымшасында авторизацияланып, «Мәліметтер» бөліміне өтіп, қажетті ақпаратпен жұмыс істей алады. Егер мәліметтерді қайтарып алу қажет болса, оны қосымшадағы арнайы батырма арқылы жасауға болады. Бұл жаңа мүмкіндік Қорғаныс министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.