Қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастарға билік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Өйткені олар қай істе де белсенділігімен дараланады. Жанарында жалыны лаулаған жастар қамқорлықтан тыс қалған емес.
Өңір халқының 29,1 пайызын жастар құрап отыр. Цифрмен сөйлетсек, Жамбыл облысы тұрғындарының 355 мыңнан астамын 14-35 жастағы буын құрайды екен. Кейінгі жылдары өңірде жастар саясатына айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Содан да болса керек, жаңашыл буын қолдан келгенше жарқын істерге бастамашыл болып жүр.
«Біздің өңірде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күреске айрықша басымдық берілгенін айтпай кетуге болмас. Түрлі деңгейде көрсетілген қолдау арқылы өткен жылдың екінші тоқсанында жұмыссыз жастар саны 3,5 пайызды құраған болса, бұл көрсеткіш жыл ішінде 0,7 пайызға азайды. Нақтырақ айтар болсақ, екі қолға бір күрек таппай жүрген замандастарымыздың қарасы 9 134-тен 7 100-ге азайған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадірәлиев.
Орталық басшысы келтірген дерекке жүгінсек, уақытша бос жүрген жастардың үлес салмағы да айтарлықтай азайыпты. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың екінші тоқсанында NEET санатына енген жастардың саны 23 351 адамды құраған болса, осы жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш біршама азайған көрінеді.
«Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. Осы орайда жергілікті атқарушы билік тарапынан бөлінген қаражат есебінен 35 жасқа дейінгі 21 080 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын айта кеткен жөн. Жалпы, жылдағы дәстүрге сәйкес жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мәселен, осы жылдың басынан бері 102 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Оған 2 108 жұмыс беруші мекеме қатысып, 5 291 бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шараға 6 мыңға жуық жастар қатысты. Олардың қатарында NEET санатындағы және пробация қызметі есебінде тұрған замандастарымыз да бар», дейді А.Қадірәлиев.
Жауапты орталық басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, өткізілген жәрмеңкелердің қорытындысында 156 жас ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 18 азамат әлеуметтік санаттағы жұмыс орындарына орналасса, 240 азамат «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Бұған қоса, 281 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасыпты.
«Осы жылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл ел» жобасына жергілікті қазынадан 173,5 млн теңге қаражат қарастырылды. Бөлінген қаржы есебінен 2 мың жасты маусымдық жұмыспен қамту мүмкіндігі туды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы дер кезінде өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандарда жалпы сомасы 155,2 млн теңгеге 1 789 жас маусымдық жұмыстарға тартылғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде 94-і уақытша бос жүрген жастар болса, 23-і – пробация тізімінде тұрған жастар», дейді орталық басшысы.
Өңірде бірнеше жыл дербес басқарма ретінде жұмыс істеген жастар саясаты мәселелері басқармасы осы жылы облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қанатының астына өтті. Дерекке сенсек, бүгінге дейін жастар арасында 10 500 іс-шара ұйымдастырылған.
Кейінгі уақытта жастар арасында түрлі шығармашылық байқау ұйымдастырылып келе жатқанын да айта кеткен жөн. «Әулиеата үздігі», «Жас сақ» секілді ірі додалар сөзімізге дәлел бола алса керек. Бұған қоса, бірнеше жылдың бедерінде өңірде «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында сан салада еңбек етіп келе жатқан жастар баспаналы болып жатыр. Баянды бастама осы жылы да жалғасады. Жыл аяғына дейін ондаған жас отбасы тұрғын үй кілтіне ие болмақ.
Жамбыл облысы