• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Сот төрелігі

874 рет
көрсетілді

Оны жүзеге асырудың сапасы мен жеделдігі артуда Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаев 2013 жыл­­дың қараша айында өткен Судьялардың VI-съезінде: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біз­дің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан-2050» Стра­те­гияс­ының басты межелерінің бірі – осы», деп отандық сот кор­пусының алдына іргелі міндеттер жүктеген болатын. Міне, осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика соттары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, олардың заңды мүдделерін қорғау, сот төре­лігінің әділдігін, ашықтығы мен қалың бұқараға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүйе­лі жұмыстар атқаруда. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері сот-құқық жүйесін реформалау бағытында басталған жұмыстар 2014 жылы өзінің шарықтау шегі­не жетіп, бірқатар заңнамалық актілер әзірленіп, қабылданды. Осы тұрғыдан алғанда, 2014 жыл еліміздің сот-құқықтық саласында жаңа өзгерістерге толы жыл болды десек, қателеспейміз. Енді биылғы жылдан бастап республика соттары азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қор­ғау кепілдіктерін күшейтуге бағыт­талған жаңа қылмыстық заң­­нама шеңберінде жұмыс істей бастады. Былтырғы жылдың шілде айында қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушы­лықтар туралы кодекстерді заман талабынан туындаған заңдар деп айтуға болады. Бұл жөнінде Елбасы аталған съезде: «Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қыл­мыс­тық, қылмыстық-іс жүр­гізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары қазірдің өзінде дайындалып қойды. Олар ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, соның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі  қарастырылған. Сот бақы­лауы мен сот тексеруі бары­сындағы судьялар өкілдік­терінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгі­лендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бас­тысы біз босаң­сып кетпеуіміз керек. Тия­нақты қарау керек. Бұл кодекс­тердің тезі­рек қабылдануы мен жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапа­сы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», деген болатын. Расында да, ізгілендіруді ұран етіп, қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуіне жол бермеу керек. Ата Заңымыздың алғашқы бабын­да «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтiк мем­лекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам­­ның өмiрi, құқықтары мен бос­­тан­дықтары» деп айқын жазыл­ған. Сондықтан да, адамның құ­қы­­ғына нұқсан келтіретін кез кел­­ген қылмыстың алдын алу ма­ңыз­­ды. Ал қылмыс болған жағ­дай­да, оның өтемі – жаза. Бұл кез келген өркениетті мемлекет жүр­­гізетін құқықтық саясаттың бас­ты қағидасы болып табылады. Дүние­жүзілік қауымдастықтың белді мүшесі болып табылатын еліміз осыдан 5 жыл бұрын «Қа­зақ­­стан Республикасының 2010 жыл­дан 2020 жылға дейінгі кезең­­ге арналған құқықтық саясат тұжы­­рымдамасын» қабылдаған болатын. Осы бағдарламалық құжат­та: «Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қыл­мыс­тық саясаттың қос вектор­лығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру – ең бастысы, ал­ғаш рет ауыр емес және ауыр­лығы орташа қылмыстар жаса­ған адамдарға, сондай-ақ, ха­лық­тың әлеуметтік әлсіз топт­ары – жүкті және асырауында кәме­летке толмаған балалары бар жал­ғыз­басты әйелдерге, кәме­летке тол­­мағандарға, жасы ұлғай­ған адам­дарға қатысты болуға тиіс. Соны­мен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасау­ға кінә­лі, қыл­мыстық қуғын­даудан жасы­рынып жүрген адам­дарға қатыс­ты, сондай-ақ, қыл­мыс­тар кәнігі­лі­гі кезінде қатал қылмыстық сая­сат­­ты алдағы уақытта да жүргізу қажет. Қылмыстық құқықты дамы­тудың маңызды бағыты, ең алдымен, аса қоғамдық қауіп тудырмай­тын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға – жаза­ны жеңілдететін мән-жайлар) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүр­гін­ді қолдану аясын кезең-кезең­мен қысқарту мүмкіндігін ай­қындау болып табылады» деп көр­сетілді. Тұжырымдамаға сәйкес еліміздің құқықтық кеңістігіндегі қылмыстық заңнамалар азамат­тардың заңды құқықтары мен мүдделерін неғұрлым тиімді қор­ғауға бағытталған бірқатар өзгеріс­тер енгізіле отырып, жаңар­тылды. Солардың ең негізгілерін қысқаша айтып өтсек. Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдері әртүрлі санкциялар қатарын (айыппұл – 128, бостандықты шектеу – 356, түзеу жұмыстары – 453) көбейтуді көздейтін жаңа баптармен және нормалармен толықты. Оның ең басты ерекшелігі – қылмыстық тұрғыда жазаланатын екі топтық жүйенің енгізілуі. Оның бірі – қыл­мыстар болса, екіншісі – әкім­шілік құқық бұзушылық пен қыл­мыс шегінде тоғысқан теріс қылықтар. Олардың қатарында жеке тұлғаға, кәмелетке толма­ғандарға, қоғамдық қауіпсіз­дік­ке және қоғамдық тәртіпке қар­сы әкімшілік құқық бұзушы­лық­тармен қатар, қазіргі таңда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылмайтын ауырлығы орташа қылмыстар бар. Тағы бір атап көрсетілген жаңа өзгерістердің бірі – медици­налық және компьютерлік қыл­мыс­тар. Олар Қылмыстық кодекс­тің Ерекше бөлігінің дербес тарауына енгізілді. Террористік және экстремистік қылмыстарға қатысты жауапкершілік те кү­шей­тілді. Бұрынғы Кодекспен салыс­тырғанда жаңа Қылмыстық кодексте бас бостандығынан айырудың баламалы шараларын неғұрлым кеңейтуге бағытталған жазалар желісі қарастырылған. Жаңа Қылмыстық кодекске теріс қылық әрекеті (жалпы құра­мы – 156), іс жүргізу келісім­інің шарттарын орында­ған жағ­дайда қылмыстық жауап­кер­шіліктен босату және тағы басқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі қылмыстық процестің бастапқы сатысындағы тергеуге дейінгі тексеру сатысының алы­нып тасталуы азаматтардың конс­титуциялық құқықтарын сақтауға және көптеген іс-шаралар жүргізбей-ақ, қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік береді. Сотқа дейінгі тергеу ұғымы енгізіліп, азаматтарды ұстаудың тәртібі регламенттелді және іс жүзінде ұстау ұғымының мән-мазмұны нақтыланды. Адамды ұстау бары­сында оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіру қажеттігі заң нормасы ретінде белгіленді. Тергеу барысында жедел іс жүргізу, кінәні мойындау тура­лы және ынтымақтастық туралы келісімдердің енгізілуі іс жүр­гізу шешімдерін қабылдау тәрті­бін жеңілдетуге мүмкіндік бере­ді. Ондаған, тіпті, жүздеген томды құ­райтын кейбір көп эпизод­ты іс­тер бойынша айыптау қоры­тын­ды­сы қысқаша айыптау актісіне ауыстырылды. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сот бақылауын жүзеге асыратын тергеу судьясы, қорғалу құқығы­на ие куәгер, тиісті құзыретке ие процесс прокуроры, айғақ­тарды сақтауға қою секілді жаңа инс­титуттар енгізілді. Қол­даныс­тағы халықаралық шарттар­дың жеке­леген қағидалары жаңа Қыл­­мыстық-процестік кодекс ая­сын­да іске асырылатын болады. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 9 сәуірдегі Өкімімен мем­лекет­тік органдар орындауы тиіс 42 іс-шараны қамтитын Қыл­мыс­тық заңның және қылмыс­тық сот өндірісінің жаңа моделіне көшу жөніндегі Бірыңғай мемлекеттік іс-қимыл жоспары бекітілді. Осы іс-қимыл жоспарды орындау мақ­сатында Жоғарғы Сот бірқатар ұйым­дастырушылық және практи­калық шараларды жедел түрде қолға алып, жүзеге асырды. Мә­се­лен, барлық соттарда жаңа заң­­на­малардың новеллаларын түсін­діруге бағытталған семинар-тренингтер, дөңгелек үстел­дер, конференциялар мен оқу курс­тары ұйымдастырылды. Жаңа­дан қабылданған қылмыстық заң­наманың новеллаларын халық­қа кеңінен түсіндіру мақ­сатын­да арнайы медиа-жоспар қабыл­данды. Оның шеңберінде бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Жалпы алғанда, заңна­маға енгізілген бұл өзгерістер Пре­зиденттің тапсырмасына сәй­кес қолға алынған түрмедегі­ле­р­дің санын азайту мәсе­лесін неғұрлым тиімді шешу­ге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жақ­сартуға, сот жүйесін ашық және жедел жүргізуге мүмкіндік береді. 2014 жылы азаматтардың конс­титуциялық құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалу тетік­терін әрі қарай күшейтуге және толыққанды жүзеге асыруға бағыт­талған тағы да басқа бірқатар заң­намалық актілер қабылданды. Жоғарғы Сот заң нормаларының ре­с­публика бойынша біркелкі қол­данылуын қамтамасыз ету мақ­сатында нормашығармашылық қызметті тиісті деңгейде жүзеге асырып келеді. Мәселен, Жоғарғы Сот өткен жылдың өзінде-ақ сот прак­тикасының проблемалық мәсел­елерін түсiндiру мақсатында, сон­дай-ақ заңнаманың өзгеруіне бай­ланысты 4 нормативтік қаулы қа­был­дады. Осыған орай қолда­ныс­тағы 18 нормативтік қаулыға өз­герістер мен толықтырулар енгізілді. 2014 жылы сот органдары қылмыстық заңнаманы жаңғырту­мен қатар, сот төрелігін сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды басты назарға алды. Былтыр соттарға 1,2 миллионнан астам өтініш пен іс келіп түсті. Бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 8,7 пайызға артық екенін айта кеткен жөн. Соттардың 2014 жылғы қыз­метіне жүргізілген талдау еліміз­дегі сот төрелігін жүзеге асыру көр­сеткіштерінің жақсар­ғанын көрсетті. 2014 жылы республика соттарына 43 878 қылмыстық іс келіп түсіп, олардың 93,3 пайызының өндірісі аяқталды. 2013 жылмен салыстырғанда, республикамыздың төрт өңірінде соттарға келіп түскен қылмыстық істердің саны біршама өсті. Мәселен, бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында – 21,3 пайызға, Батыс Қазақстан облысында – 9,8 пайызға, Астана қаласында – 8,3 пайызға, Алматы қаласында 5,1 пайызға артты. Барлығы 20 573 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Олардың арасында ұрлық бойынша үкім шығарылған істердің үлес салмағы басым, яғни мұндай істер барлық қылмыстық істердің 16,6 пайызын (3420 іс) құрайды. 2014 жылы 25 079 адам сотталып, 458 адам ақталса, 2013 жылы 26 967 адам сотталып, 510 адам ақталған болатын. Демек, сотталғандар мен ақталғандардың да саны да біршама азайған. Былтырғы жылы сотталғандар­дың ішінде 9 690 адамға бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайын­далды. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 10 514 адамды құраған болатын. Өткен жылдың еншісіндегі жағымды үрдістердің бірі ретін­де кәмелетке толмағандар тарапы­нан жасалатын қылмыс саны­ның азайып, олардың сотталу көрсеткішінің 36 пайызға (1 063-тен 681-ге дейін) төмендегенін айтуға болады. Сонымен қатар, олардың арасында бас бостандығынан айыруға сотталғандар саны да екі есеге азайды (2014 жылы – 108, 2013 жылы – 207). Жалпы қаралған істер санының артуына қарамастан, 2014 жылы шығарылған сот актілерінің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып табылады. Қорыта айтқанда, 2014 жыл сот жүйесін одан әрі жаңғырту және оның құқықтық негіздерін қарқынды дамыту тұрғысынан маңызды өзгерістерімен ерекше­ленген жыл болды. Бұл өзгеріс­тер Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ұлттық сот жүйесінің көрсеткіштерін біршама жақ­сарт­ты. Аталған рейтингте қа­зақ­­стандық сот жүйесі 2014 жылы «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі бойынша өз көрсеткішін 2011 жылмен салыстырғанда 25 позицияға жақсартып, 86 орынға тұрақтады. Әрине, бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Еліміздің сот қауымдастығы бағындыратын белестер әлі алда. Ең бастысы, сот корпусы – «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы айқын­даған­дай, халқы сот төрелігіне жүгініп, заңды сыйлайтын қоғамды қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсайтыны анық. Ақылтай ҚАСЫМОВ, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы.