Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
«Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды», делінген хабарламада.
Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатыны хабарланды.Айта кетейік, бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.