Елордада осымен екінші рет IBSA «Judo Astana Grand Prix» халықаралық турнирі өтті. Додаға 15 елден 100-ге тарта балуан қатысты.
Париж паралимпиадасынан кейін салмақ дәрежесіне өзгеріс енгізілді. Елорда төрінде балуандар жаңа салмақтарда күресті. Ресей құрамасы бірнеше жылдық үзілістен кейін қатысқан халықаралық додаға тегеурінді балуандарын қосты. Париж төрінде өткен паралимпиада сайысында жалпыесепте Бразилия балуандары топ жарса, Жапония мен біздің балуандарымыз бестікке енген болатын. Бұл парадзюдоның елімізде де қарқынды дамығанын айқындай түседі. «Beeline Arena» спорт кешенінде өткен сайыста балуандарымыз 6 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль еншілеп жалпы есепте көш бастады.
J1 санатында Динара Кужулова (70 кг), Абылай Әділбеков (95 кг), Ерлан Өтепов (+95 кг) чемпион атанса, J2 санатында Ерлан Қоңқиев (95 кг), Жұқамырза Шүкірбеков (+95 кг), Айдана Ғазизқызы (+70 кг) жеңіске жетті.