Аңызға айналған дара тұлға Мұстафа Өзтүрікті еске алып, рухына тағзым етіп, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеу мақсатында велоспортшы, журналист Ернат Рахметолла 70 шақырымдық велошеру өткізді. Астана қаласындағы «Бәйтеректен» басталған велошеруде Ернат Мелсұлы Қабанбай батыр кесенесіне дейінгі қашықтықты жүріп өтті.
Елімізде таеквондо федерациясының (WTF) негізін қалаушы, таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, 6-дан қара белбеу иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл. Елімізде ғана емес, Германияның Кельн, Мюнхен, Түркияның Ыстанбұл қалаларында таеквондо мектебін ашқан, ана тіліне қоса түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерін жетік білген тұлғаның қазақ спортына сіңірген еңбегі өлшеусіз.
«Қарашаның қара суығына қарамастан велошеру өткізу арқылы адамның мүмкіндіктерін көрсету, төзім, шыдам, саламатты өмір салты, табандылық, ыстық қайратты насихаттап қана қоймай, қайраткер тұлғаның 70 жылдығына өзімнің де үлесімді қосқым келді. Жастарды отансүйгіштікке, қайсарлыққа үндеу мақсатында осы шараны өткіздім», дейді әріптесіміз. Қазақ пен түрікке ортақ перзент саналған Мұстафа Өзтүріктің өнегелі өмірі арқылы екі елдің бауырластығын насихаттап жүрген журналист игі ісі жалғасын табатынын айтты.
Велоспорттан еліміздің 3 дүрін рекордшысы бұған дейін де республикалық, халықаралық деңгейде 14 велошеру өткізген. 2022 жылы 55 күнде 5555 шақырым жүріп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл мерейтойына арнап Торғай, Ақкөл, Сарытүбектен бастап, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары, Грузия, Түркия аумағы арқылы Ыстанбұлдың Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүрік жерленген зиратқа дейін барған.