Берқайырдан сыр тартсаңыз, бүгінгі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен молынан хабардар боласыз. Оқығаны, одан түйгені көп. Өзі байқағыш. Аңғарымпаз. Сондықтан да болар, қоғамдағы барлық жетістік пен жасампаз істер, қойыртпақ пен келеңсіздік жөніндегі ақпараттар ішінде толып жүреді.
Берқайырды анандай жерден көріп қалсаңыз, көбіне оның міндетті түрде әлдебір ойға беріліп, әлденені мақұлдап, келісе басын шұлғып немесе бір нәрсеге ренжіп, көңіл толмаушылығын білдіре басын шайқап келе жатқанын көрер едіңіз.
Егер ол басын шұлғып келе жатса – өзінің көзқарасына, таным-түсінігіне, пікіріне сәйкес келетін, ішкі жан дүниесімен үйлесетін жақсы бір мақала, ақпарат оқығаны, тыңдағаны, көргені немесе жанына жақын бір оқиғаға, көрініске куә болғаны. Ол өзіне жақсы әсер еткен әлгі оқыған не көргенін сана сарабына қайта-қайта салып, іштей оған келіссе, басын шұлғумен болады. Ал басын шайқап келе жатса, санасына сыйдыра алмаған келеңсіз бір жағдайға таңғалғаны немесе келеңсіз, жанын күйдіретін, қынжылтатын жағдаятқа куә болғаны, бәлкім, сондай мазмұндағы дүниелерді оқып-білгені.
Міне, Берқайыр көшеде маған қарама-қарсы келе жатыр. Арамыз – жетпіс-сексен метр. Басын қайта-қайта шайқап қояды. «Мұның тағы неге көңілі толмай келе жатыр?» деп ойладым іштей. Бір-бірімізден бар ықыласымызбен амандық-саулық сұрастық. Содан...
– Иә, басыңызды қайта-қайта шайқап, әлденеге таңғалып не ренжіп келе жатқан сияқтысыз ғой, – дедім әңгімеге тартып.
– Е-е-е, бауырым, бұл өмір таңғалыстан, тамсанудан, қуаныш пен шаттанудан, күйініш пен қынжылыстан тұрады емес пе? Алайда біздің ортамызда, мына қоғамда таңғалыс атаулы көбіне санаңа сыймайтын, көңілің қабылдай қоюы екіталай көрініске куә болғаннан туындайтын болды ғой. Қуандырып, шаттандыратын дүниеден гөрі ренішің мен қынжылыс тудыратын дүниелер көбейіп тұр, – деді.
– Жарайды, Беке, сонымен нендей нәрсеге ренжідіңіз, көңіліңіз неге толмай келе жатыр, соны айтыңызшы?
– Осы қазір ұшақтан түстім. Ақтауда құдам бар еді, соның көңілін сұрап қайттым. Ауырып қалған еді. Бұған дейін еліміздің шығысына, оңтүстігіне, солтүстігіне, барғанымда кездескен, бір-біріне өте ұқсас жайттар осы жолы батысқа барғанымда да алдымнан «айқайлап» шықты. Соны ойлап, санамда қайта жаңғыртып, «Әй, әй, не болып барамыз, мұнымызбен қайда барып оңамыз?» деп басымды шайқап келе жатқаным ғой, бауырым.
– Еліміздің қай тұсына барсаңыз да алдыңыздан «еркелеп, елжіреп» шыға берген ол нендей жайттар екен?..
– Қайтар жолда ұшақта қасыма менен жасы кіші, бірақ жігіт ағасы болып қалған бауырым жайғасты. Кейіннен білдім, өзі мәдениет саласына қатысты білдей шенеунік екен. Отырар ауданының тумасы екенімді айттым. Сол кезде ол маған риза пейілмен қарап: «О-хо-о, олай болса, сіз мықты жерден екенсіз», деді де іле пәленше деген әнші-әртістің, түгенше деген асабаның, тағы бір блогерлер мен білмейтін, шамасы әлеуметтік желілерде жұлдызы жанып жүрген біреулер болу керек, солардың жерлесі екенімді мәз болып айтып жатыр. Ол атаған азаматтардың көбісін танымаймын, аты-жөндерін естімегенмін де.
– Е-е, біреу жерлестеріңіздің есімдерін өзіңізге айтып жатса, бұған біздің Бекең несіне ренжіді екен? – дедім мен ол кісіні сөйлете түскім келіп.
– Ей, сен де бәленің бәрін біліп тұрып, өтірік аңқауси қаласың. Ойбай-ау, бұған қайтіп қынжылмайсың? Сен «Созақтанмын» дегеніңде қасыңдағы адам, арысы атақты Бабай түкті Шашты Әзіздің, Ысқақ баптың, Сұлтанбектің, Ықыластың, Сүгір мен Төлегеннің, Тәкен мен Асқардың, созақтық басқа да ірілердің есімдерін атамай, қайдағы біреулердің аты-жөндерін тақпақтай айтып тұрса, мәз боласың ба? Сол сияқты мен де «Отырарданмын» дегенімде, арысы Арыстан баптың, Әл-Фарабидің, берісі Қажымұқанның, Өзбекәлі Жәнібековтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Мұхтар Шахановтың, басқа да отырарлық айтулы тұлғалардың жерлесі екенімді естігім келеді, – деді де қолын бір сілтеп жөніне кетті.
Берқайырдың қынжылысының орны бар...
Деңгей ғой бұл, деңгей. Қайтесің енді?