Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл суару кезеңінде 13,5 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрліктің мәліметінше, ШҚО бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Нұржан Әміржанов бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім қылды. Филиал өңірдің 364 шаруа қожалығымен келісімшарт жасасқан. Берілген судың жалпы көлемі 51,8 млн текше метр.
Тасқынға дайындық шеңберіңде филиал су қоймаларынан су жіберіп отыр. 9 бірлік арнайы техника сатып алынған. Ұзындығы 36 шақырым каналда іріктемелі механикалық тазарту және 7 ГТҚ ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. 9 ГТҚ су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Абай облысында вегетациялық кезең сәтті өтті, бұл жақсы өнім жинауға мүмкіндік берді. Қазір біз су тасқынына қарсы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шар су қоймасына көп факторлы тексеріс жүргізілді. Су қоймасын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», деді Нұржан Әміржанов.