• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Президент Кеше

Ресей елімізге 24 млрд доллардан астам инвестиция салды - Президент

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді. Бұл екі елдің ынтымақтастық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғартады.

– Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жететініне сенімдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде 4,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Аталған көрсеткіштер стратегиялық қатынастарды одан әрі нығайтуға қос тарап та аса мүдделі және бір-біріне сенімі жоғары екенін растайды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілгеніне назар аударды. Жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады. Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселелерін талқыладық. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы аталған барлық бастамаларды іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық күн тәртібінде Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдағы уақытта Ақтауда Ресей Федерациясының Бас консулдығын ашудың маңызы зор екенін атап өтті.