Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді, – деді Ресей Президенті.
Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.