• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:44

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтілді

9 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заң бұзушылық үшін міндетті жазалауды қамтамасыз ету шараларын күшейтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Басты қағидат – заң мен тәртіп. ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті жедел басқару орталықтары мен патрульдік қызметтің жұмысын белсенді қадағалап жатыр. Жедел басқару орталықтары патрульдік полицейлердің жұмысын тәулік бойы бақылауда ұстайды. Қызметкерлер өздігімен сөндіре алмайтын «смартжетондармен» жабдықталған. Бұл құрылғылар белгіленген талаптардан ауытқуға мүмкіндік бермейді, барлық әрекет үнемі жазылып отырады», деді департамент бастығы Шыңғыс Алекешов.

Бұдан басқа, жасанды интеллект қосылған бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдайтын жүйе қолданылады.

«Бұл кез келген құқық бұзушылықты анықтауға және оны жедел әшкерелеуге мүмкіндік береді. Полицияның жұмысы әрбір заң бұзушыны оның мәртебесі мен лауазымына қарамастан тиісті жауапкершілікке тартуға бағытталған. Ешкімге ешқандай артықшылық берілмейді. Патрульдік полицейлер заң талаптарын қатаң түрде сақтайтынын атап өткім келеді. Олардың тарапынан кез келген заңсыз әрекеттер үшін сәйкесінше жауапкершілік көзделген. Біз азаматтарды заңды сақтауға, полицейлердің заңды талаптарын орындауға, лауазымды тұлғаларға пара ұсыну әрекеттеріне бармауға шақырамыз», деді Ш.Алекешов. 

Сондай-ақ ІІМ ресми өкілі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында тиісті меморандумға қол қойылғанын еске салды.

«Оның аясында жемқорлықпен күрес одан әрі нығая түспек. Егер сiз қызметкерлердің әдепсіз іс-әрекеттерінің куәсі болсаңыз, дереу ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарласыңыз. Тек бірлесе жұмыс істей отырып, біз қоғамда қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті және әділеттікті қамтамасыз ете аламыз», деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешов.