• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өнім Бүгін, 09:15

Сапасыз өнімнен қалай сақтанамыз?

75 рет
көрсетілді

Елімізде халық тұтынатын өнімдер арасында стандартқа сай келмейтін, адам денсаулығына кері әсері бар азық-түліктердің сатылымда жүргені оқта-текте анықталып жатады. Таяуда ел аумағында жүргізілген тексерістің нәтижесінде өнімдердің 70 пайызға жуығы белгіленген нормаға сәйкес келмеген. 300-ге тарта субъектіге әкімшілік-жауапкершілік шаралары қолданылыпты.

«Мемлекет басшысының ішкі нарықты қорғау туралы тапсырмасына орай, қоғамдық бірлестіктер мен министрліктің бастамасымен өткен жылдың соңында тұтынушы құқығын сапасыз өнімдерден қор­ғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы қолданысқа енгізілген болатын. Оған үкі­мет­тік емес сектор, жергілікті ат­қару­шы және өкілетті орган­дар мен кәсіпкерлік қоғам­дастықтың өкілдері тартыл­ды. Әрине, сапасыз,  контра­фак­­тілі өнімдерді тарату немесе сатудың алдын алу – тұтыну­шылар мен өндірушілер үшін өте өзекті мәселе. Бұл шы­ғын­ға ұшыратып қана қой­май, өндірушінің беделіне нұқ­сан келтіріп, тұтынушыға моральдық, тіпті физикалық зиян тигізуі мүмкін», дейді Сауда және интеграция ми­нистр­лігі Тұты­нушылардың құ­қық­тарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Болат Танабергенов.

Аталған жобаның жол картасын жүзеге асыруда жақында импорттық өнімді іріктеу еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілді. Саты­лымдағы зат­тарға талдамалар Ден­саулық сақтау министрлігі Сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау комитетінің «Ұлттық сарап­тама орталығы» ШЖҚ РМК фи­лиалдары, «Ұлттық сарап­тау және сертификаттау орта­лығы» АҚ мен «Президенті Іс бас­қармасы Медици­налық орта­лы­ғының Сани­тар­лық-эпидемио­логиялық сараптама ор­талығы» РМК базасында өткен. Болат Амангелдіұлының айтуынша, тауарлардың 83%-ы таңбалауда мемлекеттік тілде ақпараттың жоқ­тығы, жарамдылық мерзімі мен өндіруші және оның орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіл­меген. 17%-ында құрамы бойынша тиісті құжаттары болмаған. Өнімнің 43 түріне сәйкестік декларациясы жо­йылып, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, БҚО, ШҚО, Жетісу, Ұлытау облыстарында тоқтатылды. Мәселен, Талдықор­ған қаласын­да майдың массалық үлесі 82,5% болатын «Сливочное традиционное» өніміне кешенді зерттеу кезінде ішек таяқшасы тобының бактерия­лары (БГКТ) табылды. Қоғамдық бірлестіктің өкілі құпия сатып алу әдісімен Тараз дүкендерінің бірінен «Умка» печеньесін сатып алып, аталған өнімді «Ұлттық сараптау және сертификаттау ор­талығы» АҚ Жамбыл филиа­лының аккредиттелген сы­нақ орталығында сынама­дан өткізді. Онда әртүрлі таксоно­миялық топтардың микро­организмдері, бактериялары, саңырауқұлақтары мен вирустары анықталды. Тамақ өнімі технологиясының КМАФАнМ (мезофильді аэробты және факуль­­тативті анаэробты микро­организм­дердің саны) деңгейі рұқсат етілген нормадан үш есе жоғары болған. Бұл сынама өнімдегі микро­­орга­низмдердің жалпы құ­рамын, өнім­дерді сақ­тау және тасымалдау режім­дері­нің бұзылуын, соның ішін­де патогендердің көбеюін көрсетеді. Азық-тү­лік өнімдерін зерттеу хаттамасына сәйкес, Петро­павл қаласында сатып алынған «халал» белгісі бар қалбырдағы жыл­­қы етіне жүр­гізілген зерттеуде  шош­қаның ДНҚ-сы анықталған. Ал  өндіруші өз өнімдерін жарнамалай отырып, «Халал» талаптарына сәй­кес, құрамдас ингредиенттердің жо­ғары сапасы мен құрамында жеуге тыйым салынған компо­ненттер­дің жоқтығын растайтын мәліметтер­ді алға тартқан. Сонымен қатар комитет төрағасының орынба­са­ры жобаның басты мақса­ты –тұтынушыларды төтен­нен келетін аурудан сақтанды­рып, барынша сапалы өнім­мен қамтамасыз етуде ақпарат­тандыруды арттыру керек­тігін жеткізді.

Бұл сауда қатынастарының қар­қынды дамуы мен нарықта­ғы тауар көлемінің өсуі жағдайында ерекше маңызды. Бүгінгі күнге дейін еліміздің 20 өңірінде 15-тен астам тауар санаты зерттеліп, әрбір зерттеу бойынша егжей-тегжейлі есептер дайындалыпты. Талдамалар аккредиттелген зертханаларда жүр­гізілгендіктен, олардың нәти­желері жоғары дәлдікке ие деуге болады. Алматы, Астана, Шымкент, басқа қалаларды қоса алғанда, ел өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар, кондитерлік өнімдер, балаларға арналған тауарлар, тұр­мыстық техника мен құрылыс материалдарынан сынама алынған.

«Өнімдердің сапасын тексеру «жасырын сатып алушы» әдісі арқылы жүргізіліп, нақты жағдайды көрсетуге бағытталды. Әр өңірде алын­ған сынамалар аккредиттел­ген зертханаларға тапсырылды. Азық-түлік тауарлары микробиология­лық, химия­лық, органолептикалық көрсеткіштер бойынша зерттелді. Май қышқылының құрамы, жануарлар ДНҚ-сы және ГМО бар-жоғы анықталды. Талдау нәтижесінде, көптеген импорттық тауарлар көрсетілген сипаттамаларға сәйкес емес, құрамында көрсетілме­ген қоспалар, кейбір сиыр еті деп көрсе­тілген өнімдерде шошқа мен тауық ДНҚ-сы табылды. Қай­мақтағы сүтқышқылды бактерия­лардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден төмен болды. Өкінішке қарай, дүкен сөрелерінде жалған өнімдер мен қолдану мерзімі өтіп кеткен тауарлар жиі кездесіп жатады. Бұл тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді. Тауарлардың айтарлықтай бөлігі дұрыс таңбаланбағандығы заң талаптарына қайшы келуде. Кейбір өнімдерде құрамы, өндіруші туралы толық ақпарат пен сақтау шарттары көрсетілмеген», дейді Б.Танабергенов.

Жоғарыда айтылған деректер «Тұ­тынушы құқығын қорғау тура­лы» заңның өрескел бұзылып отыр­­ғандығын айғақтайды. Мұндай жағ­­дайда заң талаптарын сақтауды қа­таң қадағалау мен өнім сапасын бақы­лауды күшейту керек екені айтпаса да түсінікті.