• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Қажымұқанның ұрпағы мықтылығын көрсетті

60 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналып, қазақ күресінен әлем кубогі өтті. «Олимпик Арена» спорт кешенінің түңлігін желпіген дүбірлі додаға Қазақстан, Грузия, Польша, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, Әзербайжан, Моңғолия елдерінен 100-ге жуық балуан қатысты.

Қазақ күресінен әлемдік сайыс өткізудегі мақ­сат – қазақ күресін халықаралық деңгейде насихаттау, әлем елдерінің арасында спорттық байланысты нығайту, түркі әлемінің мәдени мұрасын таныту. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Түр­кістан об­лысы әкі­мінің орын­басары Ертай Алтаев Мем­лекет басшысы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше кө­ңіл бөлгенін айтып, кейінгі уақытта өңірде спорт саласы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

«Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан төрінде қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем кубогінің өтуі заңдылық. Қажымұқан мен қазақ күресі – егіз ұғым. Қазір әлемнің 40-тан астам мемлекетінде ұлттық күресімізден федерация­лар құ­рылып, жұмыс жүйелі жүр­гізі­ліп келеді. Бүгінге дейін 10 рет әлем чемпионаты, 12 мәрте Азия чемпионаты, 6 рет әлем кубогі, 6 мәрте Еу­ропа чемпионаты өт­кізіліп, төл кү­ресіміз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл іс-ша­ралардың бар­лығы бұқара халық арасында саламатты өмір салтын, ұлттық спортымызды наси­­хаттауға серпін береді», деді Е.Алтаев.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы­ның жүлдесіне арналған до­даның бағдарламасына сәйкес, балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Еліміздің саңлақтары 7 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль еншілеп, жал­пы есепте көш бастаса, Гру­зия спорт­шылары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль­мен 2-сатыға жай­ғас­ты, үштікті 1 күміс, 2 қола медаль бұйыр­ған Моңғолия балуандары түйін­деді. Әлем кубогінде чемпион атанған балуандар 500 мың, күміс жүлдегерлер 300 мың, қо­ла медаль бұйырған саңлақтар 200 мың теңге қаржылай сыйақы алды. Турнирдің үздік балуаны атан­ған Әкежан Біләловке (66 кг) ерекше құрмет көрсетіліп, ав­токөлік сыйға тартылды.