• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

Магистратураға құжат қабылдайды

46 рет
көрсетілді

Биыл жазда магистратураға тест тапсырған 10 мыңға жуық адамның 32%-ы ғана шекті балл жинады. Демек тестіленушілердің 70 пайызға жуығы оқуға түсе алмаған. Сол талапкерлерге және уақытында құжат тапсырып үлгере алмаған үміткерлерге тағы бір мүмкіндік туып тұр.

Ғылым және жоғары білім ми­нис­трлігінің хабарлауынша, 9 жел­тоқ­санда магистратураға білім грант­тарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады. Қа­былдау 13 желтоқсанға дейін (қоса ал­ған­да) жоғары оқу орындарының қа­был­дау комиссиялары, соның ішін­де виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады. Яғни та­лап­керлер құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.

Магистратураға түсу үшін ғы­лы­ми-педагогикалық бағыт бойынша кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойын­ша аз дегенде 30 балл жинау қажет. Магистратурада оқу­ға арналған білім гранттары ке­шенді тестілеу нәтижелері бойын­ша конкурстық негізде тағайын­далады. Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергенін растай­тын халықаралық сертификат­тар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анық­таманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады. Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетуге құқылы.

Магистратураға түсушілер осы жолы 4 мың мемлекеттік бі­лім гран­тына үміткер бола ала­ды. Магис­тра­тураға білім гран­ты иегер­лерінің тізі­мі 25 желтоқ­санға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тесті­­леу ор­талығының ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі парақша­ларында жарияланады. Ал болашақ ма­гистранттардың оқуға қа­былда­нуы 26 желтоқсан мен 2025 жыл­дың 10 қаңтары аралығында жүр­гізіледі.

Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне сүйенсек, жаздағы магис­тра­тураға тапсырғандардың орташа көрсеткіші ғылыми-педагогикалық бағытта 71 балл, бейіндік бағыт бо­йынша 24 балл болды. Ең жоғарысы 135 балды құрады. Сол кездегі тестілеу қорытындысында 38 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 25 тестіленуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ере­желерді бұзғаны үшін аудитория­дан 12 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 1 адамның балы жойылды. Бөгде тұлға анықталған жоқ. Республикалық апелляциялық комиссияға 5,5 мың өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 5,1 мың, техникалық себептерге байланыс­ты 344 өтініш түсті. Апелляциялық комиссияның шешімімен 54 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 44, техникалық себептерге байланысты – 10 тапсырма. Осы жолы тапсырған талапкерлер де қорытындысымен келіспеген жағдайда апелляцияға бірден өтінім бере алады.