• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Желтоқсан, 2024

Сахна төрінде – «Хан Сұлтан»

95 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өнер сүйер қауымға Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау және Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл толуына орай «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты опера спектаклін ұсынды. Алматылықтар және қала қонақтары үш күн бойы ортағасырлық алып мемлекет – Алтын Орданың құрылуына куә болып, ғасырлар қойнауына жетелейтін, ұлы сезімге толы естен кетпес саяхатты бастан кешті.

Әлемнің талантты шы­ғар­машылық тұлға­ла­рының бірлескен еңбе­гінің нәтижесінде дүниеге келген жаңа ұлттық операда сезім мен көңілге қозғау салған әсердің барлығы театр әртістері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауы арқылы, сахнаның трансформациялық декорация­лары, жарық эффектілері мен бейнепроекциялардың арқасында жүзеге асып, бұл технология­лық шешімдер әр көрерменді қойы­лым­ның басты кейіпкеріндей сезіндірді.

Қойылым туралы сөзге кіріспес бұрын, жаңа премьера алдында ұйымдастырылған ауқымды баспасөз мәслихатында театр директоры және идея авторы Айнұр Көпбасарованың операға қатыс­ты бірталай жайттан мағлұмат бер­генін айта кеткен жөн. «Хан Сұлтан» операсын сахналауға әлем­дік деңгейдегі танымал режиссер Давиде Ливермор Италиядан арнайы шақырылған. Оның есімі қазақ көрерменіне Түркістан сазды-драма театрының сахнасында қойылған «Бөрте», «Мағжан» спектакльдері арқылы жақсы та­ныс. «Италияның режиссері Испа­ния­ға барып немесе испан режис­сері Италияға келіп спектакль да­йындайтыны өнерде қалыптас­қан белгілі жағдай. Мен де Қазақ­стан театрларымен тығыз байла­ныста жұмыс істей жүріп, қазақ халқының тарихына құрметім арта түсті», дейді Ливермор. Хан Сұлтан, Жошы хан, Шыңғыс хан, Бөрте, Түркен-қатын, Шағатай, Берке, Бату, Тайшы, Қайша, Орда Ежен, Сархан-қатын, Бектеміш, Құнан ноян, Жасауыл бегі сияқты сүйекті кейіпкерлердің образын кейіптейтін әртістер үш құрам­ға бөлініп ойнайды. Ақылына көркі сай, сұлу, қайсар мінез Хан Сұлтанның рөлінде Зарина Алтын­баева, Венера Алпысбаева, Әйгерім Шәріпбек сынды сопрано дауысты белгілі әртістер ойнайды. Сонымен бірге Талғат Күзембаев, Гүлзат Дәуір­баева, Дулат Тоқанов, Евгений Шагаров, Мақсат Сама­тов, Жәмилә Бас­пақова бастаған театрдағы талантты әртістердің үлкен шоғыры көрінеді.

Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы – Хамит Шаңғалиев, дирижер-қоюшысы – Нұржан Байбосынов. Жас композитор кейіпкерлердің өмірі туралы кітаптарды ақтарып, көп ізденіп, Вагнерден бастап М.Төлебаевқа дейінгі композиторлардың шы­ғар­машылық әлемін зерттеп, либ­реттоға музыканы алты ай отырып жазғанын айтты. Айтуынша, бұл классикалық және заманауи музыканың синтезі секілді әртүрлі аралас жанрдағы әуенді біріктірген өзгеше туынды. Мұнда драматизм де, лиризм де бар.

Сондай-ақ костюм жөніндегі бас суретші Айнұр Ерімбетова спек­такльдің хор әртістері қатыс­қан және көпшілік сахнасына құрылған өте ауқымды қойылым екенін жеткізді. Бас суретшінің дерегіне қарағанда, тарихи қо­йылымның киім үлгілері клас­сикалық стиль мен заманауи көз­қарасты етене үйлестіріп, арнайы түстер таңдалған. «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсына арнайы 173 сахналық костюм тігілген. Сонымен қатар солистер, оркестр, хор, балет топтары, тағы басқа қатысушыларды қоса есептегенде, 300-ге жуық өнерпаз сахнада бас қосады.

«Осы операны қоюды алғаш режиссерге ұсынғанда, тарихын тереңнен тартқан Жошының ұлы­сын, бай салт-дәстүрімізді, хал­қымызға тән қасиеттерді, адами құндылықтарды, отбасы тәрбиесін, әйелдің қоғамдағы рөлін баса көрсетуді ұсындым. Мысалы, Хан Сұлтан сонау Шыңғыс хан билеп-төстеген заманда қуатты қағанат­тың қызына тән батылдығымен, еркін­дігімен, Ресей князьдерімен дип­ломатиялық қарым-қатынас жүр­гізген қабілетімен тарихта аты қалған. Осындай түркі әлемінің аналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін, бір жағы, оларға әділ баға беру үшін, біз Ұлы даланың қайсар қыздарын сахналауды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын, дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.

Операға келген қарапайым кө­рерменді ең алдымен «Хан Сұл­тан кім?» деген сұрақтың ойландыратыны, өзіне беймәлім кейіпкердің болмысын тануға құштар болып келетіні хақ. Хан Сұлтан – Алтын Орданы билеген ұлы қағандардың бірі Берке ханның анасы. Ұлыстың негізін қалаған Жошы ханның үшінші әйелі. Хорезм шахы ІІ Ала-ад-Дин Мұхамедтің үлкен қызы. Әйгілі Жәлел-әд-Диннің туған қарындасы.

Шыңғыс ханның Хорезмді жау­лаған кезеңінен басталып, Орданың алғаш қалыптаса бастаған кезімен аяқталатын либреттоның алғашқы актісі сахнада аса ауыр көрініс­пен ашылады. Сахнаның орталық нысанында өмір өзегінің рәмізі ретінде алынған тораңғыл ағашы, бұтағы сынған, жапырағы тоналған, жансыз, нәрсіз қу томарға айналған. Сахна ортасында өліктер үйіліп жатыр. Өлексе аңдыған қара құзғындарды қолымен жасқап, қуып-үркіткен болып, сарбаздар қан сасыған даланы мәйіттерден тазалап жүр. Кенет аяқ алып жүре алмайтын өліктер арасынан әлде­біреу қозғалғандай болып, шашы ұйпа-тұйпа, бет-аузы сатпақ, киімі шоқпыт бір әйел көтеріліп келе жатады. Тарғыл дауыспен жоқтау айтып, сыңсып салған зарлы әні­нен әйелдің тегін адам емес, текті әулеттің қызы екені аян болады. Шыңғыс хан 1221 жылы Хорезмнің астанасы Үргенішті бағындыра­ды. Хорезм шахы Жалел-әд-Дин Мангуберді бас сауғалап қашып кетеді де, Хан Сұлтанның әжесі, атақты Түркен-қатынның Шыңғыс ханның тұтқынына түскен беті екен. Тұтқынға түскен Түркен-қатын Шың­ғыс қағанға дат айтқанда: «Сұң­қар едім қондым, саған пенде бол­дым... Тағы бір өтінішім: Ай десе, аузы бар, Қырық қызға татитын, Немерем бар – Хан Сұлтан, Сол ботамды тауып бер, Сарайыңа сән берер...» дейді. Хан Сұлтанға іздеу салынып, диуана болып, дала кезіп жүрген жерінен Тайшы мен әйелі Қайша тауып алып, хан ордасына әкеледі. Сөйтіп, Шағатай мен Жошының арасындағы олжа бөлісі кезінде Хан Сұлтан Жошының енші­сіне бұйырады.

Хорезм шахының қызы ретінде Хан Сұлтанның бәсі жоғары болатыны түсінікті еді. Оның басқа емес, Жошыға қосылуында да көп мән бар. Жошы Шыңғыс ханның ең алғыр ұлы ғана емес, қағанның тақ мұрагері ретінде аталып жүр­ген уақыт. Хан Сұлтан Жошымен отасқан алты жыл ішінде Берке, Беркешар, Бөрі Мұхамед атты үш ұлды өмірге әкеледі. Жаудан түскен олжа ретінде ғана емес, шахтың қызы ретінде сарай ішін­дегі тартыс­тарда ықтимал бәсе­келес ретінде Жошының өзінен бұрынғы әйел­дері мен өзге де ықпалды әйелдер тарапынан шет­қақпай көргені анық. Су ағысы астындағы аңдысқан сөз, бір-бірін қыжыртқан қақтығыс Жошының аяқасты өлімінен кейін тіпті тереңдей түседі. Берке әлі жас бала, одан соңғы екі ұл тіпті сәби.

Осындай қиын кезеңде Хан Сұлтан өзінің ақылымен, мінезі­мен және арыдан ойлайтын сұң­ғы­лалығымен өзін де, ұлдарын да қатарға қосады. Жошыдан кейінгі Алтын Орданың атақты қағаны Батудың кіші шешесі ретінде оның құрметін иеленіп үлгерген Хан Сұлтан балаларының көп хан­зада­ның бірі болып қалмауы үшін барын салады. Ақыры, өзінің үлкен ұлы Беркенің ат жалын тартып мініп, алғашқы жорыққа шығып, атаққа жете бастаған кезінде қай­тыс болады.

Либретто осы бір тарихтан мәлім де беймәлім Хан Сұлтанның бей­несін ашады, қазақ хандары­ның атасы саналатын Жошы баба­мыздың заманын, даңқты тарихын жырлайды. Либреттода даңқты Бөрте, тарихтан белгілі Бектеміш бастаған бірнеше әйелдің бейнесі сомдалады.

Жас қаламгер Алмас Нү­сіп­тің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» дра­малық шығармасының же­лі­­сімен жазылған либреттоның ав­торы Қазақстанның еңбек сі­ңір­­ген қайраткері, Марал­тай Ыбы­раев әуелде жаңа туын­дының үш нұсқасын әзірлеген. Алайда клас­сикалық шығармаға, әсіресе му­зыкаға қойылатын та­лапқа сай үй­лесімді мәтін жазып шығу үшін ақын аз тер төкпеген. «Хан Сұлтан» операсы да картина іспетті.  Кім не көргісі ке­леді, нені танығысы келеді – көңіл қалауын табады. Көңілі тасып барған, ертеңнен үміт іздеген адам елдіктің, мемлекеттіліктің болашағына бойлай алады. Ал жүрегі қарайған адам тамыры солып, қурап қалған қу томарды ғана көріп қайтады» дейді либреттоның авторы Маралтай ақын.

«Хан Сұлтан» – тың тақы­рып­тағы қойылым. Жасампаз тұл­ға­лар­ды дәріптейтін жаңалығы бар кә­сіби қолтаңбамен қазақ елі­нің мәдени өміріне қанат қақ­ты. Му­зыка өнерінде бүркеулі жа­т­қан беймәлім тақырып шымыр­лығымен, шынайылығымен ұмы­тылмас әсер қалдырады. Абай атын­дағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұлы тұлғалардың дәс­түрін сақтап қана қоймай Қазақстанның жас та­лантты музыканттарына жаңа мүм­­кіндіктер мен шабыт сыйлады.         

Қойылым демеушісі, бизнесмен Тимур Турлов пікірін білдірді. «Біздің холдинг үшін Алматының әлеуметтік-мәдени әлеуетін дамытатын жобаларды қолдау өте маңызды. Асқан ұқыптылықпен қараймыз. Ал Абай атындағы опера және балет театрын қайта қалпына келтіру тіптен маңызды. Мұнда ашылатын музейге де көмектесіп жатырмыз. Бұл театрға республикамыздан ғана емес, көрші елдерден, түркі әлемінен көптеген көрермен келеді. Сондықтан біз театрдың ұзақмерзімді серіктесі болатынымызға толық сенімдімін», деді ол өз сөзінде.

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» қо­йылымы шарықтап келіп, түйін­делер тұста декорация жүгін арқа­лап тұрған қу қаңқа болып қурап қалған қара ағаш жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерекке айналып, төбесіне көктен қалықтап келген қыран бүркіт қонады. «Алтын Орда дәуірінің алақандай жұрна­ғы, ұлы қағандық пен ұлы ұлыс­тың бүгінгі заңды мұрагері Қазақ елі жаһандық көшке жалғасып, келешек кеңістігінде тұғыры жылжымақ емес» деген ишара ой көңілді еріксіз иітті. Түркі әлемінің түп тамыры – Алтын Орданың саяси сахнасында маңызды рөл атқарған Хан Сұлтанның бейне­сі – қазақ өнеріндегі аналар мен арулар галереясын парасатымен толықтыратын жаңа образ.

 

АЛМАТЫ