Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойын жасап шығарды. Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрәли Амангелдиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын әзірледі. Жас өнертапқыштың бұл еңбегі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған.
Нұрәлидің айтуынша, ойынның басты мақсаты – жасөспірімдерге жемқорлықтың зиянын түсіндіру әрі оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру. Ол осы арқылы мектеп оқушыларын адалдық пен әділдікке баулуды көздейді.
Ойын сюжеті танымал эпостық кейіпкер Алпамыс батырдың бейнесіне негізделген. Алпамыс түрлі сынақтан өтіп, әділдік пен парасаттылықты сақтап, жемқорлыққа қарсы тұрады. Әрбір деңгейде ойыншы өзінің адал әрекеттері арқылы ғана жеңіске жете алады. Ойын квест форматында жасалған. Ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді сот, прокурор, мемлекеттік қызметшілердің қайсысына қатысты жүргізетінін де өзі шешеді. Ең басты мақсат – жемқорлықты әшкерелеу.
Оқушының бұл жобасы мұғалімдер мен сыныптастары арасында қызығушылық тудырып, үлкен қолдауға ие болды. Жезкент мектеп-лицейінің әкімшілігі де Нұрәлидің бастамасын жоғары бағалап, оның жобасын әрі қарай жетілдіруіне жағдай жасауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе жұмысы ретінде енгізілген. Мұғалімдер мұндай әдісті оқушылардың құқықтық білімін арттыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру тұрғысынан тиімді деп бағалап отыр.
Нұралидің айтуынша, ойынның рухани мазмұнына ерекше назар аударылған. Жоба авторы алдағы уақытта әр деңгейге Абайдың қарасөздерін енгізіп, тәрбиелік маңызын арттыруды да көздеп отыр. Сонымен қатар ол ойынның мобильді нұсқасын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Ойын еліміздегі нақты оқиғаларға негізделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсіндірме беріліп, оқушылардың құқықтық сауаты арттырылады. Ал ойын соңында көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады», дейді Нұрәли.
Айта кетейік, жас өнертапқыш жобаны дамытуға былтыр І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын жұмсаған. Сол арқылы ойынның техникалық мүмкіндігін жақсартып, оның көпке қолжетімді болуына мүмкіндік жасаған.
Қоғамдағы жемқорлыққа қары күрес мәселесі – күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырып. Нұрәлидің ойыны осы бағытта жасалған игі қадамдардың бірі деуге болады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушы жобасы танымал болып, қоғамды өзгертуге үлес қосса екен дейді.