Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәскеу қалалық думасының төрағасы Алексей Шапошниковпен жергілікті өкілді органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады.
Мәжіліс спикері Мәскеу қалалық думасының делегациясымен кездесуде екі ел арасында барлық деңгейде өзара тығыз байланыс орнағанын атап өтті.
– Сіздің елордаға сапарыңыз екі астананың өкілді органдары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Бұл өте маңызды, өйткені Астана мен Мәскеу депутаттары өз өңірлерінің мәселелерін жақсы біледі және екі елорда арасындағы байланыстардың мазмұнын толықтыра алады, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс төрағасы Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жақында жасаған мемлекеттік сапарының тарихи маңызына назар аударып, Қазақстан мен Ресей басшыларының тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудағы ерекше рөліне жеке тоқталды.
Сапар қорытындысы бойынша жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Онда парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілген.
– Бұл – екі ел парламенттерінің қарым-қатынасына берілген өте жоғары баға. Біздің парламентшілер бір-бірімен жеке де, жұмыс бойынша да тікелей байланыста болып, туындаған мәселелерді жедел шешеді. Осы жазда Мемлекеттік Думамен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның жұмысы қайта жанданды, – деді Мәжіліс спикері.
А.Шапошников қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, Астана мәслихаты мен Мәскеу қалалық думасы арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуды ұсынды. Сондай-ақ тараптар мәдени, білім беру және экономика салалардағы ынтымақтастық жөніндегі бірқатар мәселені талқылады.