Чэнду қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайдың сыртқы саяси ведомстволарының басшыларын біріктірген «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті. Еліміздің делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап барды.
Іс-шара серіктестікті нығайту, өңірлік және халықаралық маңызы бар негізгі мәселелерді талқылау үшін маңызды алаң болды. Кездесуде тараптар саяси диалогті тереңдетуге, экономикалық байланыстарды дамытуға және мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайтуға өз міндеттемелерін растады. Министрлер «Өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі және орнықты дамуы» тұжырымдамасы аясында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Негізгі тақырыптар экономикалық ынтымақтастық, аймақтағы қауіпсіздік мәселелер, көлік-логистикалық ынтымақтастық, климат және экология, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту болды. Отырысқа қатысушылар бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сауда рәсімдерін оңайлату және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында инвестицияларды ынталандыру қажеттігін атап өтті. Министрлер терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы шараларды күшейтуді, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестіруді талқылады.
Кездесу барысында су ресурстарын, жаңартылатын энергетиканы және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, экологиялық тұрақтылық саласындағы ынтымақтастықты арттыру уағдаластығына қол жеткізілді. Сондай-ақ халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін білім, туризм және мәдениет саласындағы алмасу бағдарламаларын тереңдету туралы шешім қабылданды.
М.Нұртілеу тараптарға сындарлы диалог және Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін жаңа векторларды талқылау мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.
«Қазақстан бұл форматты біздің ортақ болашағымызды нығайтудың маңызды платформасы ретінде қарастырады. Біз экономика, қауіпсіздік және экология саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бүкіл өңірде тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», деп мәлімдеді министр.
ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азия Қытайдың тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетудегі басты серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
«Біздің формат стратегиялық басымдықтарды үйлестіру және өзара тиімді жобаларды ілгерілету үшін маңызды алаң ретінде қызмет етеді», деді Қытай министрі.
Кездесуге қатысушылар 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы II саммитке дайындықтың негізгі аспектілерін талқылады. Орталық Азия елдерінің өкілдері кездесуді өткізу бастамасы үшін алғыс білдіріп, бірлескен мақсаттарды іске асыру үшін осы форматты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар «Тяньфу-Сычуань» трансшекаралық магистралі арқылы 5 мыңыншы жүк көлігінің жөнелту мен Орталық Азияға 500-інші пойыз жіберу рәсімі өтті.
Соңында тараптар 2025 жылы «Орталық Азия – Қытай» форматындағы келесі кездесуді Қазақстанда саммит қарсаңында өткізуге келісті.