• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Қазақ билері – «Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы»

2738 рет
көрсетілді

Биылғы жыл Елбасының кешегі өткен, сарабдал саясаттың салтанатына айналған президенттік сайлаудағы жарқын жеңісімен қатар, ел мерейін өсірген Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен ұрпақтар жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Қазақ жұрты ежелден мәйегі мықты мемлекет құрған іргелі ел екенін әлем танитын өрелі істер, мәдени іс-шаралармен есте қалдырмақшы. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы мерейтойдың құрметі үшін «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткізбекші. Қазақ елінің мемлекеттік билігі мен құқық жүйесін нығайтуға билердің қосқан үлесі жайлы Жоғарғы Соттың Төрағасы, заң ғылымдарының докторы Қайрат Әбдіразақұлы МӘМИМЕН әңгімеміз төмендегідей өрбіді. – Өзіңіз білетіндей, Елбасы Ұлытау төрінде берген тағылымды сұхбатында халқымыздың тарихы тереңде жат­қанын талдай келе, еліміздің небір құпия сыр-шежіресін ішіне бүккен осы құт мекенге «Ұлытау – өте қасиетті жер», «тарихтың куәгері» деп айрықша баға беруі, отаншыл әр азаматтың рухын көтерді. Небір ұлы хандар мен сұңғыла билер құрылтай ашып, кеңес құрған Ұлытауға деген ойыңызды білсем деп едім. – Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Елбасын таяуда өткен сайлауда бүкілхалықтық қолдауға ие болған мерейлі жеңісімен құттықтаймын! Нұрсұлтан Әбішұлы талай ғасырдан бері ата-бабамыз Әулие бастауынан шөл қандырған Ұлытаудың топырағында толғана отырып «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі», – деп еліміз ежелден үлкен мемлекет болғанын бірауыз сөзбен түйіндеп берді. Бұл – еліміздің ғасырлар көшіне ілескен даму сатысындағы тарихи сабақтастық, мемлекеттілік құрылым, ел басқару жүйесінің буын-буынға жалғасқандығының нақты дәлелі деп білген жөн. – Қайрат Әбдіразақұлы, осы Ұлытау дегенде көкейімізге бірден Жошы хан, Кетбұға би, Алаша хан түседі. Олардан қалған аңыз-әңгімелер, әфсана-жырлар, күй-керуені жадымызға оралады. Соның ішінде Азауылдық ер Доспанбет жыраудың: «Садақ толы сайгез оқ, масағынан өткеріп, басын қолға жеткеріп, созып тартар күн қайда? Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?» деп қамығып айтқан толғауы санамызда алмас қылыштай жарқ ете қалады. Осы Ұлытауда Жошы ұлысы ту тіккенде оның бас уәзірі, орда биі болып Кетбұға би сайланған деген тарихи дерек бар. Доспанбет жыраудың арманға толы шерлі көңілінен мейманасы тасып, айбыны асқан Жошы хан заманындағы ел бірлігін, батырлық жолын, дана билердің әділетті жөн-жосығын аңсағаны, тегін еместігі осыдан-ау! – Тарихшы ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» деген кітабында Ұлытаудан бастау алған Қаракеңгір өзенінің бойында Жошыны ақ киізге салып хан көтерген ұлы сайлауға үйсін Майқы би, қоңырат Саңғыл би мен Мәуке би, барлас Қарашар би қатысқаны көрсетілген. Майқы би бабамыз ұлыстың осы ұлы жиынында Жошы ханға жүгініп, «Ұлы мәртебелі ием, ту алыстан алдыңызға әдейі келгендегі мақсатым – енді мәңгі-бақи ұлы қағанатыңыздың қол астында болып етек жию. Жау-жаламсыз, үркін-қорқынсыз күн өткізу. Сол үшін біздей пендеге өзіңізден айтар ақыл, көрсетер көмек бар ма деп келдік», – деген екен. Майқы бидің бұл ұсынысына Жошы хан: – «Сөзіңіздің төркініне қарағанда едәуір молайып, бір хандық ел болуға жеткен екенсіңдер. Хандық құрыңдар, ел басқаратын ережелерің бар ма?» – дейді. Сонда Майқы би бабамыз: – «Күллі еліміз үш жүзден құралады, бір-біріне құда боп қыз алады. Ру іші ет жақын туысқан деп, құда боп қыз алудан тыйылады. Ту тіксе, кісі өлтірсе ел келеді, адамды өлтіргенді тексереді. Кірісіп арасына ел ағасы, тоқтатып жеті белгі әпереді. Кебін-кетпен, ұстайтын жабдығымен, кескен құйрық, кертөбел ат береді. Тоқтатып осыменен ашу басып, артынан екі жүз жылқы құн береді. Мал ұрласа үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді. Тентекке мұндай тыйым салынған соң, тып-тыныш басқа халық күн көреді. Ер құны екі жүз жылқы болса дағы, әйелге жүз жылқыдан құн төлейді. Төрт бөліктің үш бөлігін үш жүзге арнап, алу-алмауын еркіне салады. Бір бөлігін қаралы үйге «құн» деп беріп, жосынға қол қояды. Көз шығарса, ер құнының төрттен бірін төлейді. Мүше сынса, оған да төлем беріп сүйейді. Қысас алуға жол жоқ. Қысаспен адам өлтірсе, қанға қан алынады. Ол қалай өлтірген болса, дәл солай өлтіріліп, көріне салынады. Жер дауы мен жесір дауы ел ішінде қаралады. Билер шығып болған істі саралайды. Көз жеткенде билік кесіп, ел алдында жазалайды», — дейді. Мұны естіген Жошы таңғалып: – Ел басқаруларың ғажап, жақсы екен! Осындай ауыз бірлігі бар ел қалайша басқаларға бодан болады? – деп, сол кездегі бүкіл қазақ ру-тайпаларын Жошы хан өз ұлысына алғанын жоғарыдағы автор дәйектеп жазған. Ал Кетбұға би Жошы ұлысының бас уәзірі, кейін әскери қолбасшы болғаны тарихтан белгілі.  – Сіз келтірген Майқы бидің құқықтық ережесі тұтас бір заң кодексіндей әсер беріп тұр маған. Осындай бас-аяғы түгел ел басқарудың жосын-үлгісін түгендеген Майқы бабамыз үш жүздің елдік таңбасын анықтап, еншісін берген кемел ісінен кейін данышпан би туралы ел арасына тараған: «Хан біткеннің қазығы – бұқара жұрттың азығы» деген мәтел тарихи құндылығымен бүгінге жетіп отыр. Жүз жиырма жас жасаған, өз заманында жеті қағанды хан тағына отырғызған Майқы би Шыңғыс хан қағанатының заң-ережелерін бекіттіріп берген ұлы жарғышы екенімен тарихта мәңгіге қалды емес пе? – Расында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген нақыл осы ұлы бабамыз мемлекет басқарудағы қағанаттың заң-жарғыларын өзі реттеп жөнге салған уақыттан бері де, одан кейін де, бүгін де халық жадынан өшпей келеді. Жоғарыда келтірілген заң ережелерінің қай-қайсысын алып қарасаңыз, Қазақ хандығы ту көтерген заманнан бері мемлекеттік құқық жүйесі мен билер сотының әріден үзілмеген заң баптары ретінде ел мүддесіне қызмет көрсетіп келгені анық сезіледі. Жалпы, біз «Жеті Жарғы» заңдарын Әз Тәуке ханның ұсынысымен сол заманның әйгілі билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би құрастырып, жазды деп білеміз. Осы дана билеріміз өз заманының мемлекеттік билік ісі мен сот қарау тәртібін сол кездегі халықтың қоғамдық ой-санасы мен көзқарасына лайықтап жасаған десек те, олар Майқы биден қалған жеті түрлі заң ережелерін басшылыққа алғаны шүбәсіз. Өйткені, қай дәуірдің мемлекеттік болмысына зер салып қарасаңыз, ел жаңа қоғамдық сатыға көтерілген сайын көнеден келе жатқан заң ережелеріне сүйене отырып, оны өзгерту, толықтыру үрдісі берік қағидатқа айналған. Мұндай үрдіс қазіргі уақытта да жиі қайталанатынын қабылданып жатқан заңнамаларға қарап бағамдауға болады. – Қайрат Әбдіразақұлы, Қазақ хандығы ұстанып келген өз ұлтымызға тән дәстүрлі құқық пен билер сотының үлгі-өнегесі қай уақыттан бастау алған деп ойлайсыз? Өйткені, Қазақ елі жыл санауымызға дейінгі көне дәуірдегі сақ, ғұн заманынан бері ірі империя құрған осы мемлекеттер құрамында болып, өзін әлімсақтан әлемге таныта білген іргелі жұрт екені баршаға мәлім. Сол көне заманнан бізге жеткен жүлгелі заң-ережелерін, оның заман ауанына қарай өзгеріске түскен реформалық құқықтық өлшемдерін былайғы жұрт нақты біле бермейді ғой. – Марқұм, академик Салық Зиманұлы құрастырған «Қазақтың ата заңдары» деген он томдық еңбекте біздің еліміздің сонау ғұн, үйсін, түркі дәуірінен бері мемлекеттік билікте қолданылып келе жатқан заңдар, құқықтық ережелер мен жол-жосындар, жазба деректер молынан енгізілген. Енді, сол академиялық кітаптағы деректерге сүйене отырып, тағы да Майқы бидің «Жеті Жарғысына» оралайық. Зерттеуші ғалымдар тарихшы Рашид ад-Диннің «Жамиат тау­арих» еңбегіне және Шыңғыс ханның ғұмырнамалық жылнамасы «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшыдағы» деректерді жинақтай келе, Майқы бабамыздан да жеті түрлі заң үлгісі қалғанын дәйектеп берген. Оның өлең-сөз ретіндегі нұсқасын жоғарыда келтірдік. Майқы бидің заң ережесінің бірінші бабы «Адам құны туралы» құқықтық өлшемге негізделген. Өз заманында реформалық сипатта, сол қоғамның жаңаша бағыттағы мемлекет мүддесін көздей отырып жазылған осы заң нормасын таратып айтсақ төмендегідей. «Соғыста өлгендерге құн төленбейді, Майданда өлген ерлерге 100 бесті төлеу күшінен қалдырылады. Құн төлеу жеңілдетіледі. Қанға қан алу күшін жояды, басқа жолдармен құн немесе айып салынады. Ежелгі төре, бай, бектер үшін қос құн, яғни, жай адамның екі есе құнын төлеу де күшін жояды. Кім қаншалық зақым алса, қарсы жақ соншалық төлем немесе айып төлейді», – делінген. Енді, осы құқықтық өлшемді ежелгі ғұндар мен түркілер қолданған заң ереже­­­­сіндегі жаза түрлерімен салыстырсақ, олар ұстанған қатаң заңдар жеңілдетілген, Майқы би заманындағы көшпелі қоғам­дағы барлық адамдарға құқықтық тең дәре­жеде жаза қолдану – өз кезегінде үлкен реформалық сипатқа ие болған. Бұл жерде ежелден қолданылып келген, яғни майданда өлген сарбаздарға құн төлеу­ді күшінен қалдырудың себебін, әр ер азамат­тың елін, жерін жанын сала қорғау – мем­лекеттік борыш, патриоттық сезім мен отан сүй­гіштікке баулудың үлгі-өнегесі деп ұғын­дырған. Бұған қоса әр адамның жеке басы­ның құқығы мен адамгершілігін, азаматтық тұлғасын қадірлеуді де негіздеп берген. Мұндай құқықтық ұстаным қазіргі Конституциямыздың бірінші бабында «...оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», ал Конституцияның он үш, он төрт, он бесінші баптарын­да: «...Әркімнің өз құқықтары мен бостан­дықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең», «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ», – деп анық жазылған. Ал Майқы бидің «Мал ұрласа үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді» – деген заң-ережесі Қазақ елінің сол заманнан бергі қолданыстағы дәстүрлі құқық нормаларынан шет қалмай, ХХ ғасырдың басына дейін келіп жетті. «Еселеп айып төлеттіру» – осы жылдың басынан енгізілген еліміздің жаңа Қылмыстық кодексінен де анық орын алды. Нақты айтқанда, кодекстегі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде парақорлыққа делдал болу, пара беру, оны алған қылмыстары үшін лауазымды тұлға он еседен сексен есеге дейінгі сома мөлшерінде айып тартады. – Сіз келтірген осы құқықтық өлшемдер сол уақыттан бері Қазақ елінің мемлекеттік билігіне үзіліссіз, өзгеріссіз қызмет көрсетті деп айтуға толық негіз бар сияқты. Өйткені, Майқы би заңын Түркі-Моңғол импе­риясының құрамындағы тегі бір қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, татар, башғұрт, сақа, алтай, тыва, тағы басқа түркітектес халықтар да ортақ мұра ретінде қолданған ғой. – Майқы би дайындаған, Шыңғыс хан атынан шыққан заңдар мен жарлықтар, үкім-кесімдер, тәртіп-ережелер ұлы қаға­­наттың барлық өңірінде бірдей қолда­нылды. Соның ішінде оны Жошы ұлысы, Алтын Орда хандары да өздерінің басты заң ережелері ретінде пайдаланды. Керей мен Жәнібек хандар да осы Майқы биден қалған «Жеті Жарғыны» ел басқару игі­лігіне жаратты деп толық айтуға болады. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Әз Жәнібектің Қазақ хандығының тағына отырған кезде шығарған отыз беттік жарлығы болған көрінеді. Жәнібек хан да жоғарыдағы Майқы бидің «Ру іші ет жақын туысқан деп, құда боп қыз алудан тыйылады» ережесін қатаң сақтап, «Жеті атадан ілгері аспай қыз алысқандар бүгіннен бас­тап болмауы шарт»... деп жарлық беруі – ұлтымыздың генетикалық бітімі, қан тазалығы мен ақыл-ой санасының мінсіз болғанына бүгінде көзіміз жетіп отыр. Қазақ хандығының құқықтық жүйесіне қызмет еткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заң-ережелері де сөз етіп отырған осы Майқы бидің жар­ғысынан алшақ кетпейді. Алдымен «Есім ханның ескі жолындағы» құқықтық нормаларды сараптап көрелік. Осы заң ережесінің ­атауына назар аударыңызшы, егер Есім хан өзі хандық биліктің басына келген кезден жаңаша реформалық бағыт ұстанды десек, онда заңның атауын «ескі жол» атамай, өзінің жаңа низамына орайлас алар еді ғой. Яғни, Есім хан да Қазақ елін басқаруда шығарған заң ережесін «ескі жол» деуінің мәнісі, ежелден желісін үзбей келе жатқан құқықтық өлшемдерге табан тірегенін білдіреді. Енді жоғарыдағы Майқы бидің адам құны, құн төлеу туралы заң ережелерін Есім хан шығарған осы тақылеттес құқықтық нормалармен салыстырайық. Ұзақ жылдар халық жадында сақтал­ған, бірнеше мәрте көне кадым жазуымен қолдан-қолға көшіріліп, бізге әйгілі Саққұлақ бидің туған баласы Ералы Саққұ­лақұлының қолжазбасы арқылы жеткен «Есім ханның ескі жолы» заң ережесі­нің нұсқасы бар. Бұл «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген ұстаныммен атадан бала арқылы бізге жеткен бірден-бір шына­йы деректер. Енді, Есім ханның заң ереже­лерінің бірінші бабына кірген «Ердің құны» туралы құқықтық норманы келтірейік. «Бұл басқа біреудің қолынан қаза тапқан кісі өліміне тең заң. Осы заң бо­йынша өлген кісіге – өлтіруші құн төлеуге міндетті. Ер адамның құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе) кесілген. Ол барлық еркек үшін – бай, кедей, жас-кәрі демей бірдей. Бұл алынған өлшеуден артық құнның мынадай түрі бар. Өнер құны. Оған жүлде алған атақты адамның құны жатады. Жүлде алған деп жұртқа белгілі ақындар мен топқа түсіп бәйге алған балуандар есептеледі, олардың құны үшін екі кісінің құны – 200 жылқы, 12 түйе кесілуі керек. Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мәселен, өлген адамның сүйегі туған-туысқанының қолына түспей, жоқ болып кетсе, не ит-құсқа жем болса, ол үшін де екі адамның құны төленген. Бұл екі түрлі құнды үстеме құн дейді», – деп көрсеткен. Байқаған боларсыз, арада төрт жүз жылдан астам уақыт өтсе де Майқы бидің заң ережелерінен айыр­масы шамалы, яғни бұрыннан келе жатқан ескі заң нормаларын ұстанғаны анық бай­қалады. Ал Есім хан құн заңына байланыс­ты өз тарапынан реформалық си­патта екі түрлі – «өнер құны» мен «сүйек құны» деген құқықтық нормаларды қосқыз­­ған. Алайда, бұл ереженің түп негізі сол ғұн, түркі дәуірінде жатыр. Бұл да Елба­­сының Ұлытауда айтқан сөзіне дәлел ғой. «Бай, бектер үшін қос құн төлеу» артықшылығын Есім хан да қолдамаған, бірақ өз тарапынан «өнер құны» мен «сүйек құнын» қостырып, халыққа қадірі асқан өнер адамын өлтіру мен өлген адамның мәйітін қорлау, бәйге алып жүрген жүйрік атты ұрлау сынды өлшемдерді жеке бөліп, үстеме құн төлеттіру арқылы құқықтық жауапкершілікті күшейткен. Есім ханнан қалған «Ескі жол» заңын терең зерттеп білгісі келгендер «Қазақтың ата заңдары» жинағының төртінші томының 149-152-беттерін қарап шыққаны дұрыс. Онда Ералы Саққұлақұлының жазба дерегі бойынша «Есім ханның ескі жолы» заңының ІV бабындағы «Қылмыстарға берілетін жаза» бөлімінің «Үкім» тармағы 118 тармақшадан тұратыны толық көрсетілген. Мұның өзі көлемі жағынан орта дәрежелі кодекске пара-пар келетін, дәстүрлі құқық нормаларын жан-жақты қамтыған өте пәрменді заңнама екенін көрсетеді. – Қайрат Әбдіразақұлы, әр заманда ретіне қарай өзгертілген бұл заңнамалар қаншалықты өміршең болған? Әз Тәуке хан тұсында жазылған «Жеті Жарғы», одан кейін еліміз Ресейге қарап, хандық билік жойылған кезде сол ұлық билер жазған ережелеріміз өзінің заңдық күшін сақтай алды ма? – Халқымыз айтқандай, «Заманына қарай заңы, орманына қарай аңы болады» демекші, қанша өзгерту, түзету болға­­нымен, заң-ережелеріміз өзінің түп негізі­нен қол үзіп кетпеген. Жаңағы «өнер құны» туралы шешім қаншалықты әділ орын­дал­ғанын мына мысалдан байқай беріңіз. «Еңсегей бойлы Есім ханның көкала бестісін ұры алғанда би құнына осы заңға сүйеніп, бір-ақ бесті кесіпті. Өйткені, ханның көкала бестісі қанша жүйрік болғанымен бәйгеге қосылып, жүлде алмаған екен» – деген деректі Ералы Саққұлақұлы нақты келтірген. Ол өзінің жазбасында «Ердің құнынан соңғы ең қымбат зат ретінде жүйрік атты есептеп, оны кісі өлімі бабының бір тармағына енгізіпті. Оның себебі, сыртқы жаумен шабысқандағы ең күшті соғыс құралы деп санағандықтан. Оның кесіміне нақты кесім көрсетілмеген, тек жүйріктің бәйгеде алып жүрген бәйгесі мен жорықтағы келтірген пайдасына орай шешкен», деп талдау жасапты. Бұл заң кешегі кеңестік жүйе орнағанға дейін өз күшінде болғаны түрлі жазба деректерде сақталған. Енді «Сүйек құны» туралы бір дерек келтірейін. ХІХ ғасырда дәстүрлі құқығымызды зерттеген ғалым Маковецкий: «Кісі өлтіріп, мәйітті тығып тастағаны үшін құнның мөлшері өлген ер адам үшін он-жиырма түйеге, әйел үшін бес-он түйеге дейін өсірілген. Сондай-ақ, елге қадірлі адамның мәйітін қорлағаны үшін «сүйек құн» қосылып, жазаланады. Мұндай қосымша құн мөлшері нақты көрсетілмейді. Ол бұл көрсетілгеннен де артық өсуі мүмкін. 1884 жылдың қыркүйек айында өткен билердің Үржар төтенше съезінде қылмыскер кісі өлтіріп, сүйегін мұз астына тығып тастағаны туралы істі қарағанда, билер айыпкерге қос құн, яғни, 100 түйе мөлшерінде құн төлеуді міндеттеген», – деп нақты мысал келтірген. Жоғарыда сөз етілген осы заң ережелердің әр бабына зер сала қарасаңыз, халқымыздың сол көне заманнан келе жатқан дәстүрлі құқығы бүгінге дейін келіп жеткенін анық байқауға болады. Біз жоғарыда Майқы би мен Есім хан шығарған заң ережесінің тек адам құны мен оған қолданылған жаза түрін ғана тал­қыладық. Өзге құқықтық нормаларды тал­дап шығу үшін үлкен ғылыми еңбек жазу керек, ол бір мақалаға сыймайтын жүк. Қысқаша айтқанда, бұл заң ережелері – көне дәуірден тамыр тартып, Қасым хан мен Есім хан, одан соң Әз Тәуке хан тұсында «Жеті Жарғы» атанып, мем­лекеттік билікке қызмет еткен дәстүр­лі құқық нормаларының ең озығы. Заман көшіне лайықталып, әр уақытта құқықтық тұрғыдан реформаланғанымен, түп негізінен ауытқымаған. Мұндағы кейбір заң баптары сонау ғұн, үйсін, түркі дәуірінен келе жатқаны анық байқалады. Әсіресе, азаматтық құқықтағы әмеңгерлік, қалың мал; қылмыстық құқықтағы қанға қан, тұлпар ат ұрлау көне түркі мемлекетінің жүйесінде бар заңдар. Жеті атаға жетпей қыз алысу, біреудің заңды некелі әйелін алып қашу, әйел зорлау өте ауыр қылмыстар санатына кірген. Сондай-ақ, жаман қылығы үшін ел алдында масқаралау жазасы Қазақ хандығы алғаш ел болып қалыптасқанда, ежелден келе жатқан төл құқықтық нормалар есебінде мемлекеттік билік жүйесінен орын алған. Ұлы Абайдың «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті Жарғысын» білмек керек» – деуі осыдан. – Елдігіміздің ежелден бергі басты ұйытқысы мемлекеттік билік болғанын өзіміздің төл тарихымызды зерттеп, зерделеген сайын терең ұғынудамыз. Осы ел билеудегі мемлекеттік басқару жүйесіне бұрынғының билері қаншалықты үлес қосқан? Қазақ елінің қоғамдық қарым-қатынасында билердің халыққа қызмет көрсетуі, кеңірек айтқанда мемлекеттік билік істеріне араласуы, атқарған лауазымдық дәрежелері қандай болғанын таратып берсеңіз. – Бір сөзбен айтқанда, билер мем­лекеттік құрылымның төменгі сатысынан бастап, ең жоғарғы мемлекеттік басқару әкімшілігінің барлық қыз­меттеріне араласқан. Түсінікті болуы үшін бұрынғы билер атқарған қызметті еліміздің қазіргі мемлекеттік билік жүйесінің үш саласы болып табылатын басқару, заң шығару, оны орындау құзыреті жүктелген функциялармен салыстырып қарауға әбден болады. Мәселен, Қазақ елінің өткен заман­дардағы мемлекеттік басқару ісіне билер хан-сұлтандармен тең дәрежеде араласқан. Ең жоғары билік орны Хан кеңесінің құрамындағы Бас уәзірлікті, негізінен халқына аса құрметті Орда биі атқарған. Ал мемлекеттік құрылымның үлкен-кі­шілігіне қарай Хан кеңесіне кіретін уәзір­лердің құрамына қырықтан тоқсанға дейін халыққа әділ билігімен танылған ұлық би­лер тағайындалған. Мәселен, Абылай хан үш жүзге билік жүргізген кезде Хан ке­ңе­сіне қырық екі уәзір кірген. Бас уәзірі Қа­най би болғаны тарихи жазбаларда сақ­­­­талған. Сондай-ақ, 1845 жылға дейін Бөкей ор­дасының хандық билігін сақтап келген Жәң­гір ханның Хан кеңесіне он екі би кірген. Олар өз міндеттерінде мемлекеттің іргесін нығайтып, өркендеуіне барынша үлес қосты. Экономикалық әл-ауқаттың артуына, ішкі-сыртқы саясатты нығайтып, әскери күш-қуатты кемелдендіруде, елге «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейқұт заман орнатуда халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ақыл-парасаттарын сарқа жұмсады. Ел басқарудағы билер атқарған осы мемлекеттік қызметтердің қай-қайсысын алсаңыз да, бүгінде бір-бір министрлікке жүктелген міндеттер екенін әркім бағамдай алса керек. Осы ретте академик Салық Зимановтың «Олар әрі ақын, әрі шешен, философ әрі ойшыл, әдет-ғұрып құқығының білгірі және оның реформаторы, әскери қолбасшысы және басқарушысы еді», – деп баға бергенін келтіре кеткенім артық болмас. – Қайрат Әбдіразақұлы, осы ой-толғамыңызға қарағанда, бүгінде құқықтық органдар атқарып отырған мемлекеттік лауазымдағы қызметтердің барлығын, яғни сот әділдігін жүргізумен қатар, атқарушы және заң шығарушы, сондай-ақ, елшілердің міндеттері де билерге жүктелген ғой. Байқап қарасақ, бұрынғының билері бір өзі бірнеше қызметті мойымай атқарғанына риза боламыз. Олардың ел басқару ісіне жасқанбай кірісетін біліктілігі мен әмбебаптығына еріксіз сүйсінеміз... – Тағы да «Есім ханның ескі жолына» оралайын. Бұл сол замандағы Ата Заң – Конституция іспетті төрт тағаннан тұратын қағиданы басшылыққа алған. Бұлжымас заң нормасының басты принциптері: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын; Би болсын, би түсетін үй болсын; Абыз болсын, абыз сайлау – парыз болсын; Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын» деген байлам өзінің мән-мағынасына қарай, кейін келе ел ішіне ұран сөздей тарап кеткен. Енді осы төрт таған принциптің әр қайсысын бүгінгі Конституция және басқа заңдармен шендестірелік. «Хан болсын, ханға лайық заң болсын» принципі мемлекетіміздің Ата Заңы – Конституцияда және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда да берік орын алған. Атап айтқанда, Конституцияның екінші бабында «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» екені нақты жазылған. Ал Ата заңымыздың тікелей Президентке арналған үшінші бөлімінің 40-бабынан 49-бабына дейінгі заң нормасында Елбасының мемлекет алдындағы барлық міндеттері мен өкілеттілігі және жауапкершілігі толық көрсетілген. Он үш баптан тұратын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз елімізге сіңірген өлшеусіз еңбегі, мемлекет пен халық алдындағы өмір бойғы мәртебесі мен өкілеттігі айқын белгіленген. Күлтегін бабамыздың «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» дегеніндей, 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында Елбасының тарихи миссиясының құрметіне 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні деп мерекелеу заңдастырылды. Міне, бұл да Ел Парламентінің бұрынғы билер салған үлгімен «ханға лайық заң» шығар­ғандығының дәлелі емес пе! Енді екінші тағандағы «Би болсын, би түсетін үй болсын» принципіне назар аударайық. Қай заманда да билердің әділ билік жүргізуі үшін, оларға барлық жағынан жоғары деңгейде қызмет көрсету – сот төрелігінің басты ұстанымы болып келген. Бұл тұрғыда «Би түсетін үй» – билерге деген қызмет көрсетудің биік мұраты, мәртебелі тұлғаны сыйлаудың жалпы ұйымдық көрінісі деп білген жөн. Билік ісін жүргізетін сот орындары талапқа сай, үкім, шешім шығаруға қолайлы әрі шындық іздеп келген әр адамға мінсіз жағдай жасалуы керек. Бүгінде Ақорданың оң жақ қанатына қоныс тепкен Жоғарғы Соттың сәулетті ғимараты Елбасының өзі тікелей қадағалап салдыртқан әділдіктің ақ отауына айналды. «Би түсетін үй болсын» деген принципке Президент те ерекше назар аударғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, рес­публика сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заң талаптарына сәйкес, еліміздегі жергілікті соттарды заманауи талаптарға сай, қолайлы да, көрікті ғимараттармен қамтамасыз ету үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл да шындық үшін ақыл-парасатын сарқа жұмсайтын, сот ісін әділдікпен атқаратын бүгінгінің билері – судьялардың кіршіксіз еңбегіне деген зор құрметтің белгісі дер едім. Ал «Абыз болсын, абыз сайлау – парыз болсын» деген үшінші тағанға келетін болсақ, бұл принцип қазіргі еліміздің қос палаталы Парламентіне депутаттар сайлау үрдісіне сай келіп тұр. Таратып айтсақ, абыз – арабтың «хафиз», көргені көп дана, ғылым-білімнің теңдесі жоқ ғұламасы деген ұғым береді. Отырықшы және көшпелі өмір салтын тең ұстаған халқымыз шығыстық ілім-білімді, оның ішінде кең тарған заң ережелері мен әр мемлекеттің билік жүйесін, елшілік қарым-қатынасын, дипломатиялық ұстанымдарын терең біліп, сұңғыла шыққан, көпке ұйытқы болған, ел бірлігін сақтай білген билерді данышпандығына сай «абыз» атаған. Абыздай болмаса да, оқыған-тоқығаны көп, ақыл-парсаты кең, ел басқарудағы істің мән-жайын заңды тұрғыдан әділ шеше білген, ғылым-білімге жетік, оның ішінде құқықтық заңнаманы терең мең­геріп, халық сеніміне ие болған озық ойлы азаматтарды Сенат пен Мәжіліске депу­таттыққа сайлау – бұрынғы «абыз сай­лаудың» бүгінгі жаңарған жолы дер едім. Төртінші тағандағы «Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын» принципі ежелден еліміздің қорғаныс қабілеті мен әскери күш-қуаты, тегеуріні мықты болғанын көрсетеді. Жалпы, біз әлімсақтан бөтен елді жаулап алуды қанына сіңірмеген бейбітшіл, өзгеге тиіспейтін, тиіссе аямайтын, қаз дауысты Қазыбек би бабымыз айтқандай «Ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған» елміз. Өйткені, Қазақ елінің мемлекеттік құрылымы ежелден әскери демократияға негізделген. Өзінің мемлекеттік басқаруын көшпелі қоғамдағы стратегиялық маңызы зор, мәртебесі жоғары билік – Ұлы құрылтай арқылы реттеген. Ол аса маңызды мемле­кеттік іс-шараларды қарауда жылына бір рет, ал елге тұтқиылдан шабуыл жасалған кезде төтенше жағдайда жедел түрде өткізілген. Ел тәуелсіздігін ерлікпен қорғауда жорық жолы Ұлы құрылтайдағы Хан кеңесінде «билер ұсынып, хан қолдаған, халық мақұлдаған» шешімге сай жүзеге асқан. Аса маңызды төтенше Құрылтайда бұдан басқа Қазақ елінің елдік мәселесі, мемлекетаралық дау-дамайлар, әскери одақ құрудағы өзге елдермен жасалатын келісім-шарттар, бес қаруын беліне байлаған әр ру-тайпа сарбаздарынан қол жинау, түмен құру, жиналған неше мың әскерге азық-түлік, жорық жолына төзімді тұлпар ат дайындау, ерлік көрсеткен батыр-оғландарды дәріптеу, марапат көрсету сынды қыруар мәселелер талқыланып шешілген. Міне, ел қорғаудың мұндай өнегелік әрі заңдылық үлгісіне бүгінде еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі және Қорғаныс министрлігі ие болып отырған жоқ па! – Қайрат Әбдіразақұлы, дәстүрлі құқығымыз бен билер сотының тарихынан терең де мол мағлұмат бердіңіз. Енді, сөз басында әңгімемізге арқау болған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жоғарғы Сот ұйымдастыратын ғы­лыми конференция туралы да айтсаңыз. – Үкіметтің өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күні шыққан қаулысымен бекітілген Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеуге сот қауымдастығы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында атсалыспақшы. «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты ғылыми конференцияны қыркүйек айында өткізу жоспарланып отыр. Оған көптеген тарихшылар мен құқықтанушы заңгер-ғалымдар, шетелдік зерттеушілер қатысады. Әңгімемнің соңында Елбасымыздың күні кешегі сайлаудан кейінгі бағдар­ла­малық сөзінде алда атқарылатын бес халықтық реформаның бірі елдегі құ­қық жүйесіне қатысты болатынын айтуы бұл мәселенің мемлекеттілігіміз үшін қан­шалықты маңызы бар екенін көрсететініне назар аударайықшы. – Қазақ хандығының 550 жылды­ғына арналған ғылыми конференция табыспен өтсін. Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рахмет. Әңгімелескен Қанапия ОМАРХАНҰЛЫ.