• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 04 Желтоқсан, 2024

Кафканың «Достығы»

41 рет
көрсетілді

Айнала сұп-сұр. Дала бейжай, қарағай тұрпаты қала­мын қолға алып ойланып отырған кісідей. «Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние, өзінен өзі жырланып жат­қан сияқты» деген Мұқағали қандай әулие еді.

Адам санасы алып бір қойма десек, сол қоймаға кір­меген қаншама ғылым-білім шоғыры бар десеңші. Мұхит қасында тұрып, бір тамшы суын құмырасына құйып мәз болған жолаушы секілді біздің тірлік. Ал өмір бойы өзін іздеу­ден жалықпаған дегдар Кафканың «Достық» әңгімесі адам санасының жалқаулығын мысқылға айналдырады. «Біз бес дос едік, бір күні бәріміз үй­ден шықтық, алдымен бірін­шісі шығып есік алдында тұрды. Сосын жеңіл шар секілді біріміз қарғып шықтық, алдыңғысының қасына барып ол тұрды. Сосын үшіншісі, төртіншісі, бесіншісі. Ақыры бәріміз ретке келдік.» Әңгімеде аталған бес адам ымыраласып өмір сүріп жатады. Алайда бір күні алтыншы адам бұларға қосылмақ ниетін танытады. «Содан бері бәріміз бірге өмір кешіп жүр едік, алтыншысы келіп килікпегенде тату-тәтті-ақ едік. Ол бізге ешнәрсе де жасамайды, бірақ өзінен-өзі ауырлық тудырады, зиян шектіреді. Егер онымен сыры­мызды бөліскіміз келмесе, бізге себепсіз неге байланады? Оны анық білмейміз де, өзімізге қабылдағымыз да келмейді».

Ғылымнан білетініміздей, дене мүшелеріміз түгел бас­қарылғанымен, ми өзінше өмір сүруге бейім. Тіпті кейде өзді-өзінен сарсаңға салынып немесе жаңа дүниелерді қабыл­дауға жалқаулық танытады. Әлдебір досымыз айт­қандай, жаңа кітап оқу үстінде адамның ұйқысы келуі, жаңа тіл үйренуге кіріскенде есі­неудің көбеюі, сылтау іздеуге тырысу, бәрі де мидың асқан жалқаулығына дәлел. Жалпы, екі қолға бір күрек алуға, қап арқалап қара жұмыс істеуге адам ерінбеуі мүмкін, бірақ ми еріншектігін жеңетіндер, оны ғылымға жектіретіндер сирек. Кафка дүниені танымай бейғам өмір сүрген миллиондаған еріншек саналарды мысқылға алып, ескішілдікті сынайды. «Бесеуіміз, расында, бір-бірімізді танып білмедік, білмесек те өз-өзімізге жетіп артыламыз, бір-бірімізге шыдас береміз, ал алтыншы адам бізге артықтық етеді, әрі оған төзе алмас та едік. Үздіксіз бірге жү­руімізде жалпы қандай мән бар десек, мұнда тағы ой жоқ, бірақ бәрібір бірге боламыз, өмір тәжірбиемізді негізге ала отырып, ортамызға жаңа адамды қосуды қаламаймыз. Мұ­ның бәрін алтыншыға қалай ұқтыр­сақ екен, ұзақ түсіндірме жұ­мысы ортамызға жайсыздық әкелері даусыз».

Жаңа нәрсе қашан да әуелі қарсылыққа ұшырайды. Неге десек, ұйқықұмар саналарға әр жаңалық бөтен болып сезіледі, тіпті ызасын туғызады. Ал қай сала да эволюциясыз алға қарыштамайтыны анық. Қоғам жаңармай тұрмайды. Кафка айтқандай, «қанша рет келсе де шынтағымызбен кері итереміз, бірақ қанша кері итерсек те, ол бізге қайтып келе береді».