Өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы инвесторлар тұрғын үй құрылысы жөніндегі шығындарға субсидия ала алмай отыр. Айтуларынша, аймақта ауылдардың арнайы тізімі бекітілмеген. Ал ауылдарда қазірдің өзінде 24 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офисінде ауылшаруашылық тауарын өндіруші «Кронос-Павлодар» ЖШС мен «Победа» ЖШС-ның мәселелері қаралды.
Биыл жыл басында еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалдамалы тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары бекітілген. Ережеде жұмыс берушімен салынып, пайдалануға берілген тұрғын үй шығындарын субсидиялау қарастырылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша ауылшаруашылық тауарын өндірушілері 24 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Олардың екеуі – жоғарыда атап өткен инвесторлар.
Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Жандос Сағатбековтің айтуынша, құрылыстарды субсидиялау үшін жергілікті атқарушы органдар аумағында инвесторлар тұрғын үй салуды жоспарлап отырған ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін анықтап, жергілікті өкілді органдармен бекітуі қажет. Алайда бұл тізім бекітілмеген. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар аталған бағытты субсидиялай алмайды және қазірдің өзінде бірқатар кедергілер бар.
Белгілі болғандай, «Кронос-Павлодар» ЖШС биылғы наурыз айында өздерін аталған тізімге енгізуді өтінген. Бірақ мәселе сол күйі орнынан қозғалмаған. Инвестор Ақсу қаласының Қанаш Қамзин ауылында құрылыс жүргізіліп жатқандығы туралы қайталап өтініш берген. Өтінішті қабылдап алғандар тізімге енгізілетінін айтыпты. Алайда ақыр соңында тізімнің бекітілмегені анықталып отыр. «Кронос-Павлодар» ЖШС-нің заңгері Тамила Гашимованың айтуынша, қаңтар айынан бастап компания Қанаш Қамзин ауылын құрылыс жүргізетін ауылдар тізіміне енгізу туралы бірнеше хат жазған. «Биылғы 5 тамызда Ақсу қаласының құрылыс бөлімі мен Павлодар облысының құрылыс басқармасынан елді мекеннің тізімге енгізілетіні туралы жауап келді. Өкінішке қарай, содан бері қосымша ешқандай ақпарат ала алмай отырмыз. Ал тұрғын үйлердің құрылысын бастап кеткенбіз, қазір жоба қызу жүріп жатыр», дейді ол. Серіктестік тауарлы сүт фермасы инвестициялық жобасы шеңберінде өз жұмысшылары үшін жалға берілетін тұрғын үй тұрғызып жатыр.
Мұндай мәселеге Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС де кезігіп отыр. «Біз өз қаражатымызды тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың құрылысына салып жатырмыз. «Победа» ЖШС Орловка ауылындағы барлық әлеуметтік саланы үнемі қолдаумен келеді. Өткен жылы екі пәтерлі бір үй пайдалануға берілді. Биыл тағы бір баспананың құрылысын бастап кеттік, оны 2025 жылы пайдалануға береміз. Біз алдағы уақытта тізімге еніп, мемлекеттен берілетін субсидияға ілігеміз деген үміттеміз», дейді серіктестік директоры Владимир Поляков.
Өңірлік құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат қаңтарда бекітілген субсидиялау ережесін жүзеге асыру облыста кемшін қалғанын жасырмады. Өкінішке қарай, құрылысқа жауапты жергілікті органдар тиісті дәрежеде жұмыс жүргізбеген. Субсидия төлеуге мемлекеттік мекемелерге ең алдымен ауыл тізімін бекіту қажет. Құрылыс басқармасы бұл жұмысты біртіндеп бастап, облыстың бес өңірінде, атап айтқанда, Ақсу қаласында, Ертіс, Аққулы, Шарбақты, Железин аудандарындағы әлеуетті ауылдар анықталған. Тізімді бекіту үшін облыстық мәслихатқа тиісті хат жолданды.
Ал облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко хат түссе, мәселені күн тәртібіне жеделдетіп шығаратындарына уәде берді. «15 желтоқсан күні 2025–2027 жылдарға арналған бюджет бойынша мәслихат сессиясы өтеді. Егер бұл өтінім бізге, мәслихат депутаттарының бейіндік комиссиясының қарауына келсе, онда да тиісті қаражат көзделген. Біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі», дейді ол.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев құрылыс басқармасының басшысына әлгіндей ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін дайындауға бір апталық мерзім берді. Сондай-ақ мәслихат төрағасынан инвестор кәсіпорындар мемлекеттен субсидия алу рәсімін жеделдетуді өтінді.
Павлодар облысы