Халқымыздың мәдениет кеңістігінде өзіндік орны бар өнер ордасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Өнер ордасының мерейтойлық жылы Республика сарайында өткен гала-концертте қорытындыланды.
Мерейтойлық гала-концерт шымылдығы симфониялық оркестрдің сиқырлы үнімен ашылып, көрермен қауым Жүсіпбек Елебековтің алтын қорда сақталған жарқын бейнесімен қауышты. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнер ордасының ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі мерейлі белес. Іргелі білім ордасы осы кезеңде төл мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналды. Ұлттық музыкамыздың бірегей дәстүрі бар ұстаханасы ретінде танылды. Қазақтың ән-күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми негізін қалыптастырды. Консерватория – дарынды жастарға классикалық музыканың қыр-сырын үйретіп, кәсіби музыканттар даярлайтын алғашқы жоғары оқу орны. Өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман маман осы қара шаңырақтан қанат қақты. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығармашылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда ұлттық өнерімізді жан-жақты дәріптеп, руханиятымызды дамытуға зор үлес қосқаны үшін консерватория ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген Президенттің құттықтау хатында.
Аида Ғалымқызы елдегі жетекші музыкалық оқу орнында Қазақстан өнерінің бүтін бір тарихы жасалғанын, мұнда білім алған елімізге танымал композиторлар, орындаушылар ұлтымыздың мақтанышына айналып, елімізді әлемдік музыкалық аренада даңққа бөлегенін атап, оқу орнының 13 қызметкеріне «Үздік педагог» төсбелгісін тақты.
Салтанатты іс-шараға еліміздің мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Жәмиля Баспақова, Роза Рымбаева, Үмітжан Жұмақова, Марьям Қожамқұлова, Алмас Алматов, Серік Еркімбеков, Карима Сахарбаева, Дүйсен Қасейінов, Алтынбек Қоразбаев, басқа да өнер қайраткерлері бар.
Консерватория студенттеріне елімізге және әлемге танымал орындаушылар шеберлік сабақтарын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Олардың ішінде атақты скрипкашылар Айман Мұсаходжаева, Марат Бисенғалиев, ресейлік скрипкашы Назар Кожухарь, дирижерлер Алан Бөрібаев пен Абзал Мұхитдинов, пианист Нұрлан Измайлов, әнші Талғат Мұсабаев, Айгүл Үлкенбаева секілді талант иелері бар.
«Қазақ ұлттық консерваториясының Құрманғазы атауын алып жүруінің өзінде үлкен мән бар. Кез келген қазаққа Құрманғазы – күй өнерінің эталоны, шеберліктің шыңы. Жаһандану дәуірінде халық өзінің болмысын тек мәдениет арқылы, өнер арқылы сақтап қалады. Өйткені ұлттың дамуына үлес қосып, жастарды тектілікке тәрбиелеп отырған осындай өнер ордалары деп білемін», дейді дәстүрлі әнші А.Үлкенбаева.
Ұлттық ән-күй қорымыздың інжу-маржан мұраларымен қатар әлемдік жауһарға баланатын даңқты туындылар асқақтаған айрықша думанды көрермен үш сағат бойы тапжылмай тамашалады. Концерт жүргізушілері мерейлі кешке қатысқан өнерпаздар Құрманғазы атындағы консерваторияны туған үйіндей көретін, қайта-қайта оралып, жастықтың және шабыттың қуатын сезінгісі келетін әртістердің аз ғана бөлігі екенін айтып, көрерменмен қимай қоштасты.
АЛМАТЫ