2025 жылы «Ұлттық қор – балаларға» ұлттық жобасы аясында қазақ балаларына 118-120 доллар беріледі. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржы министрі Мәди Такиев биыл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 1 ақпанда 7 млн-ға жуық балаға 100 доллар 52 центтен аударылғанын айтты.
«Қазір (қордағы қаржы) доллармен есептеледі және осы сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан жинақ өсіп жатыр. Инвестициялық кіріске тоқталсақ, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Келесі жылы 3% инвестициялық өсім болады деп болжам жасап отырмыз. Сондықтан біз 1 қаңтардағы санды ескеріп, балаларға 118-120 доллар болатын шығар деп отырмыз. Бірақ оны 1 ақпанға дейін тағы бір нақты есептеу керек», деді Мәди Такиев.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бір балаға болжам 130 долларды құрайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың ақпан айында Ұлттық қордан балаларға алғашқы төлемдерді аударған еді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударуды көздейді. Оларды пайдаланудың негізгі бағыттары тұрмыс жағдайын жақсарту және оқу ақысын төлеу.