Қара топырақты қусырған тас көшелер, сұлу Алатауды көлегейлеген зәулім ғимараттар, жасыл желектерді тықсырып бара жатқан заманауи Алматының келбетіне апорты қашан да керек. Оңтүстік шаһардың брендіне айналған алма сұрыбын селекциялық сапамен жаңғыртып, туризмнің басты нышаны ретінде келген-кеткен қонақтарға келісті етіп ұсыну көкейкестілігін жоймақ түгілі, бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Халықаралық тәжірибеге назар аударар болсақ, ірі мегаполистерде сән ағаштар мен бұталы өсімдіктер табиғат пен урбанистикалық ортаның дәнекеріне айналып келеді. Жасыл желек қала экожүйесінде көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегіні өндіреді. Сол тұрғыда Алматы алмасының орны мүлде бөлек. Мамандардың айтуынша, апорттың ерекше бір қасиеті – таулы аймақта, теңіз деңгейінен 950-1250 метр биіктікте ғана жақсы жеміс береді. Таулы, салқын аймақта ғана алма ағашының жемісі ірі, дәмді болады. Тәжірибе көрсеткендей, апорт сұрыбы Алматы мен Алматы облысынан басқа аймақтарда жақсы жеміс бермейді.
Ғалымдар алма ағаштардың мәдени түрлері алдымен Іле, Жоңғар Алатауларында пайда болғанын дәлелдеген. 2000 жылы Оксфорд (Англия) университетінің ғалымдары да бұл тұжырымды растады. Дегенмен Алматы апортының төркінін сиверс жабайы алма ағашымен байланыстыратын зерттеулер де бар. Айталық, әйгілі сұрыптың пайда болуына Воронеж губерниясынан Верныйға жер аударылған Егор Редько мұрындық болған, өзімен бірге алып келген апорт бұталарын жергілікті жабайы алмамен будандастырған деген де дерек бар.
1970 жылғы жеміс дақылдары санағының деректері бойынша елімізде 10 113 395 түп алма ағашы болған, соның ішінде 3 851 193 түп – апорт сорты, оның ішінде Алматы облысында – 3 036 346 ағаш немесе республиканың барлық апортының 78,8%-ы болған.
Осы арада қайталауға тура келеді, апорт тек Іле Алатауының етегінде ғана жақсы жеміс беріп, қалыпты өседі. Тау бөктерлерінде, дәл осындай қолайлы жерде өсіп тұрған алма бақтары егемендіктің елең-алаңында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талай колхоз-совхоздар пайға бөлініп, жекенің қолына өткеннен кейін, алма егумен ешкім ден қойып айналыспады. Оталмаған бақтардың өзі қартайды, қартаймағаны Іле Алатауы етегінде жаппай құрылыс науқаны басталып, кесіліп кетті.
Енді не істеу керек деген сауалға келсек, қаланың Бас жоспарында алма ағаштарын егуге арналған таулы аймақты құрылыстан, басып алудан қорғау мақсатында «апорт аймағы» анықталған жерлердің барлық аумағы апорт бақтарына бөлінген. Қазірде алма бақтары Алматы облысы аумағында сақталған. Техникалық-экономикалық көрсеткіштерде айшықталған, ауданы 6,49 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері – 2013–2014 жылдары қалаға кірген аумақтардағы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың жерлері.
«Бас жоспар бойынша қала аумағындағы тау бөктерінде тұрған «апорт аймағына» шамамен 2 мың гектар жер телімі бөлінген. Осы аумақты одан әрі құрылыс салу мен деградациядан қорғау мақсатында бақтардың барлық аумағы қосымша, жеке функционалдық аймақтарға жіктелген. Бұл аймақтар осы жерлерді басқа мақсаттарда пайдалануға тыйым салатын қала құрылысы регламенттерінде бекітілген», дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі Жанат Айтілеу.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының енгізу және коммерциялау бөлімінің басшысы Айгерім Сейсенованың айтуынша, бағдарлама бойынша апорт сұрыбын жаңғыртуға жыл сайын 18 млн теңге бөлінеді. Алайда бұл қаражат толықтай сұрыпты, брендті ілгерілетуге жұмсала бермейді. Ғылыми-білім беру орталығы ғылыми мақсатта әр сұрыптан 5-6 ағаш өсіреді.
Саябақтар, гүлзарлар мен бақтар құру – жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың негізгі элементтері. Олар қаланың эстетикалық келбетін жасандырып қана қоймай, тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Алматыда апорт бақтарын жандандыру – оңтүстік шаһардың шырайын ашатын ерекше артықшылық екенін әркез есте ұстаған жөн.
АЛМАТЫ