• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Талбесік 06 Желтоқсан, 2024

Көктей солған көшеттер...

112 рет
көрсетілді

Жаны жоқ демесеңіз, өсімдікте құдды сәби сияқты, ерекше күтімді керек етеді. Кейде жоспарды асыра орындау мақсатында жол жиегінің бәріне көшет егіп, оның бой алып кетуіне онша мән бермейміз. Мұны талшыбыққа жасалған қастандық десек те болады.

Ертеде атақты Бекет әулиенің – Бекет Мырзағұлұлының бала кезі болса керек. Ке­зек­ті демалысқа кеткелі жатқан шəкірттері­не ұстазы қыстық отын даярлап кетуді тапсы­рады. Содан орман жағалап кеткен шәкірт­тер ағаш атаулының бәрін кесіп, құшақта­рын отынға толтырып келеді. Бекет тек қураған ағаштар­ды ғана теріп, ең соңынан оралады. Мұның қолындағы азғантай отынды көрген ­бала­лар оны келеке ете бастайды. Зерек бала­ның мұнысы бекер емес екенін түсінген ұстазы оның сырын сұрайды. Сонда бала Бекет: «Мен əб­ден қураған ағаштарды ғана тердім. Жас бұтақ­тар­ға жақындағанымда, олар өмірлерінің əлі алда екенін айтып, қыршынынан қимауым­ды өтінді», дейді. Тал-теректің тілін әулиеден басқа кім ұқсын?! Десек те, ерте көктемде егі­ліп, сусыздықтан шілдеге жетпей қурай бастай­тын бала шыбықтардың ми қайнатар ыстық­тағы мүшкіл халін түсінуге міндетті түрде оның тілін білудің қажеті жоқ.

Көшет егеміз, көгалдандырамыз деген же­леумен мемлекет қазынасынан қаржы бөлдіріп, онысы құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып жатқан жобалар аз емес. Нәтижесіз жұмыстың салдарынан бүгінде ағаш атаулы қурап, ауыл-аймақ тозып, құнарлы жерлер құрдымға кетіп бара жатқанын жасыруға болмайды.

Табиғат-Анаға жасалып жатқан қиянаттың кесірі тиіп, түрлі кеселдердің көбейіп кетке­нін ғалымдар да жоққа шығармайды. Таяуда Отырар ауданында болған осындай келелі кездесуде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықара­лық қазақ-түрік университеті жанындағы «Экология» ғылыми-зерттеу институтының мамандары көгалдандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуінен көптеген ауру­дың бас көтере бастағанын алға тартты. Түрлі кеселдің алдын алудың жалғыз жолы – жасыл-желекті көбейтіп, ауа тазалығына ерекше мән беру. Бұл жоба жөнінде біраздан бері ізде­ніп жүрген ғалымдар тіпті қай жерге қандай өсімдік жақсы жерсінетінін де тереңірек зерттеген екен. Олардың айтуынша, Отырар ауданына алдымен шөлге шыдамды, тез жетілетін «өлермен» ағаштар отырғызу керек. Алғашқы жылдары малдан қорғап, тамыр жайып алған­ша күтім жасаса, одан кейін өздері-ақ бой бер­мей кетеді. Ну орманға айналып жатса, ол жер­дің құнарлылығын да арттыра түседі. Құнар­лы жерлерге түрлі жеміс ағаштарын егуге де болады. Ең бастысы, қымбат көшетке қыруар ақша бөлдіріп, онысы жерсінбей жатқаннан гөрі өздерінде өсірілетін жергілікті ағаштар мен табиғи бұталарды, жыңғыл, тораңғыл, жиде сияқты тал-бұталарды көптеп өсіруге басым­дық беру керек.

Айтса айтқандай, аудан орталығындағы үлкен жолдың бойына осыдан оншақты жыл бұрын егілген ағаштар бүгінде ит тұмсығы батпайтын қалың орманға айналған. Демек бұл жоба тәжірибе ретінде өз-өзін толық ақтап отыр. Егер аталған жоба аудандағы басқа ­ауылдарда да қолға алынса, оның табиғатқа келтірер пайдасы да көл-көсір болмақ. Яғни белгілі бір аймақты 15 пайыз көгалдандырса, оның нәтижесі шудан, күннен, шаң-тозаңнан арылуға 20 пайызға дейін әсер етеді. 35 пайызға көгалдандырылса, оның пайдасы елу пайызға артады. Алғашқыда егілген көшеттер жердің құнарлылығын арттырып, одан кейін түрлі жеміс ағаштары да өсе бастап, ауыл-аймақ алпыс-жетпіс пайызға дейін көгалдандырылса, ондай жерде шаң-тозаң жо­йылып, ауа тазалы­ғы да жүз пайызға жақсара түседі. Мамандар­дың зерттеуінше, орташа көлемдегі бір ағаш үш адамға қажетті оттегі бере алады. Ал ағаш­тары жыл өткен сайын аза­йып, барының өзі мерзімінен бұрын «қарта­йып» қалған өңірде экологиялық ахуал уақыт өт­кен сайын асқынып бара жатқаны алаңдатады.

Сөз басында біз жерді дайындап алмай көшет егу ешқандай нәтиже бермейтінін, қай­та оған бөлінген қыруар қаржы желге ұша­тынын бекерге айтқан жоқпыз. Тек Отырар ауданында бүгінде жетпіс бес мың түпке жуық ағаш қурап қалған. Атап айтсақ, Аққұм ауыл­дық округіндегі – 1 347, Қарғалыдағы – 765, Қарақоңырдағы – 15 603, Қоғамдағы – 1 846, Талаптыдағы – 2 204, Шәуілдірдегі – 5 704, Көксарайдағы – 1 473, Маяқұмдағы – 996, Балтакөлдегі 2 749 түп ағаштың қурап қалуын қалай түсінуге болады? Соның ішінде «Отырар – 2050» коммуналдық мемлекеттік мекемесі еккен 42 327 түп көшеттің көгермей жатып көктей солғаны дабыл қақтырмай тұрмайды. Осыншама көшеттің обал-сауабын айтпағанда, оны егуге жұмсалған қыруар қаржы үшін біреу жауап беруі керек шығар?! Қалай дегенде де бұл экологиялық қасіреттің сұрауы болғаны жөн.

 

Аманбек ЖАЙЫМБЕТ,

журналист