• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Айрандай ұйып отырған елміз

641 рет
көрсетілді

Аллаға шүкір, біз өз Президентімізді бесінші мәрте сайлап, халықтың  көңілі жайланған күнге де жетіп отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – біздің ортақ Отанымыздағы бірлік пен берекені сақтаудың  теңдессіз құрылымы  еді. «Қазақстан халқы Ас­самблеясы нағыз халықтық институт. Аталмыш ұйым­ның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде болсын, әлемде болсын, баламасы жоқ. Оның басты артықшылығының конфессияаралық және этносаралық ғажап үйлесімділікті орнатуында екендігіне ешкім шек келтіре қоймас, сірә. «Өзгені де өзіңдей қабылда, басқаға өзіңе жасағанын қаламайтын жамандықты жасама, – бұл қарапайым шындық. Бізде, Қазақстанда жақсы өмір сүруге барлық мүмкіндіктер бар. Ассамблея шақыратын жол – бұл гүлденудің жолы, болашақтың жолы», – деген Елбасының сөзінен бәрін аңғаруға болады. Рас, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Тәуелсіздік алуымен үлкен жеңіске жеттік. Бұл жеңіс бізден қуатты күш пен үлкен шыдамдылықты талап етті. Барлық қайта құруларға қарамастан, қазақстандықтар еңселі мемлекеттің жоғары деңгейге көтерілу жолында саяси, әлеуметтік, экономикалық катаклизмдердің барлығынан мойымай өтті. Осындай барлық сынақтарға шыдап, жеңіске жету үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген халықтың үлкен сенімі негізгі қолдау болды. Өйткені, елі үшін бар жауапкершілікті алып, мемлекетімізді нығайтып, атақ-абыройын асқақтатып, өсіп-өркендей беруіне, халықтың бай-қуатты болуына  аянбай тер төгетін бір ғана адам бар. Ол – НАЗАРБАЕВ! Мемлекет басшысы өз елінің патриоты ретінде еліміздің болашағын биіктен көріп, сол биік белестерді бағындыру жолында аянбай еңбек етуде. Халық айтқандай, біздің Президент сияқты адам 100 жылда бір-ақ рет туылады.  Нұрсұлтан Назарбаевты – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың бастамашысы, оның бітімгері, саяси гроссмейстер, интеграциялық үдерістердің ұйытқысы, қозғаушы күші, идеялардың генераторы деп атайды, ал ең негізгісі оған халық сенгенін, орасан зор сенім артқанын осы бесінші рет сайлануымен білдірді. Мемлекетімізге басшылық жасаған жылдар ішіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған қай идеяны алып қарасаңыз да, уақыт өте келе Елбасы бастамалары өзекті болып, басты қажеттілікке айналады, қазіргі әлемнің талаптарына жауап береді, ол саяси, экономикалық, әскери, аймақтық, діни және басқа да халықаралық ұйымның негізгі бағытына айналады. Айрандай ұйып отырған еліміз ата-бабаларымыз аңсаған қазақ жерін Жерұйыққа айналдырып, Мәңгілік Ел болып, бүкіл әлемге паш еткізді. Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің бір ұштығын ғана атап өттім. Ел билеу оңай емес, Патша  Жаратқанның жердегі көлеңкесі деп те бекер айтпаған. Оны  міндетті абыроймен алып жүру де оңай емес. Елбасының халқына деген мінсіз қызметінің бір бағасын мына сөзден-ақ білуге болады, Дүйім жұрт «Назарбаев десе – Қазақстан» деп, «Қазақстан десе – Назарбаев» деп бекерден-бекер  айтпайды. Егіз ұғым – елін әділдікпен билеген еңбегіне құрметі, халықтың сенімі. Жаратылысынан бір туар Ұл, сарқылмайтын табиғи дарын иесі, дініне берік, рухани байлығы мол Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа басымды иіп өз алғысымды білдіремін! Людмила ХОЧИЕВА, ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.