• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Желтоқсан, 2024

Жаңа тұжырымдама таныстырылды

106 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі журналистерге арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараға 50-ге жуық медиа өкілі қатысты. Қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетіл­діруге арналған медиа-орталық, агенттік пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тарихи мұражайы, цифрлық коворкинг-залы, кітапхана жұмысымен танысты.

Кездесу барысында Мемле­кеттік қызмет істері агенттігі­нің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметшілердің қажетті дағдылары мен құзы­реттерін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталып, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету және кәсіби мамандарды тарту мақсатында енгізілген заңнамалық бастамаларды жүзеге асырудың тиімділігі туралы айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызмет­шілердің қоғам алдын­дағы жауапкершілігін және әдеп­тілік мінез-құлықтың жоғары стандарттарын сақтауы, ком­муникациялық дағдыларын үнемі дамытуы маңызды екеніне ерекше назар аударды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымда­ма­сын ұсынғалы қоғам мен би­лік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгер­генін атап өтті. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екенін алға қойды. Бұл айтылған міндеттер мемлекеттік қызметшілердің рухани-адамгершілік әлеуетін жетілдіруді және адами құнды­лықтарға бастайтын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» идеясын олардың санасына орнықтыруды талап етеді, – деді Д.Жазықбай.

Баспасөз туры аясында агент­тік өкілдері мемлекеттік қыз­мет­тің гибридті моделі негі­зін­де мемлекеттік аппаратты кәсі­би­лендіру, персоналды бейім­деу, тұрақтандыру және ынталан­дыру негізінде HR-үдеріс­тер­ді жетілдіру, сервистік және адам­ға бағдарлану қағидатын ілгері­летуге бағытталған жоспар­ларымен бөлісті. Бұл шаралар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында жос­парланыпты.

Бұған қоса кездесуде мем­ле­кеттік қызметке іріктеу және оны өткеру, мемлекеттік көрсеті­­ле­тін қызметтер сапасын артты­ру, мемлекеттік аппарат қыз­ме­тін бюрократиядан арылту сала­сындағы негізгі жетістіктері атап өтілді. Кейін қатысушыларға мем­лекеттік қызметке онлайн ірік­теуді жүргізуге мүмкіндік беретін «eQyzmet» сыртқы порталының жұмысы таныстырылды.

Сонымен қатар «Жаңа фор­мация басшысы» мемлекеттік сая­си қызметшілерге арналған курс­тарда оқудың қалай өт­кі­зілеті­нін көрді. Жаңа формация бас­шылары үшін әділдік, ашық­тық, мемлекетшілдік және халық­қа адал қызмет ету қағидаттарын сақтаудың маңызына басымдық беріледі.

БАҚ және медиа өкілдері агенттік төрағасына мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға қатысты сұрақтар қойып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысында Д.Жазықбай Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын іске асыруда мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдері және азамат­тық қоғаммен сындарлы диалог құруының маңызын атап өтіп, қатысушыларды белсенді ынтымақтастыққа шақырды.