Оқудың ерте-кеші жоқ. Сөзімізге дәлел – 69 жастағы түркиялық Кадрие Ышыклы. Ол қазір Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде білім алып жүр.
Кадрие ханым бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, 20 мемлекетті шарлаған. Зейнеткердің елімізге келгеніне небәрі 1,5 ай болса да, мемлекеттік тілді меңгеріп қалған. «Ендігі мақсатым – Орта Азия елдерімен танысып, бауырлас халықтың мәдениетін насихаттау», дейді ол.
Нотр-Дам қайта жаңғырды
Әлемдік мәдени мұраның айрықша нысаны саналатын әйгілі Нотр-Дам-Де-Пари шіркеуі қайта ашылды.
Салтанатты іс-шараға Франция президенті Эмманюэль Макрон мен АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп қатысты. Айта кетейік, 2019 жылғы алапат өрттен кейін әйгілі шіркеу күрделі жөндеуден өткен еді. Оны қалпына келтіру жұмысына 760 миллион доллар жұмсалып, 250 компания мен 2 мыңнан астам адам атсалысқан. Париждің көрнекті орны енді келушілерді қабылдай бастайды.
Төрт күндік жұмыс аптасы
Жапонияда демографиялық дағдарысты еңсеру мақсатында төрт күндік жұмыс аптасы енгізілмек.
Жаңа ереже сәуір айында күшіне енеді. Мамандардың айтуынша, Күншығыс елінің халық саны кейінгі сегіз жылда күрт азайып барады. Себебі жұмысбастылықтан жастарға отбасын құрып, балалы болу қиындаған. Сондықтан Жапон үкіметі халық санын көбейту мақсатында ер адамдарға да әкелік демалыс беру сияқты бірқатар шараны қолға алмақ.