АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі «Ти-Мобайл Аренада» аралас жекпе-жектен UFC 310 додасы дүркіреп тұрып өтті. Сол кештің басты бәсекелерінің бірінде қазақтың мақтан тұтар ұлы Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен күш сынасып, жеңіске жетті.
Негізі осы жарыстың басты жекпе-жегінде Шавкат Рахмонов Мұхаммад Белалмен жартылай орта салмақтың чемпиондық тәжі үшін айқасуға тиіс еді. Алайда АҚШ спортшысы денсаулығының сыр бергенін алға тартып, октагонға шығудан бас тартты. Онсыз да біраз уақыт жанкүйерлер назарынан тыс қалған қандасымызға дереу арада қарсылас табу қажет болды. UFC басшылары біраз мықтыға ұсыныс жасап көрген еді, олар келіспеді. Бас тартқандардың қатарында Колби Ковингтон, Камару Усман сынды атақтары алысқа жайылған апайтөстер де бар. Сол «ығай мен сығайлар» арасынан тек Иэн Гэрри есімді файтер ғана қазақтың қайсар ұлымен айқасуға өз келісімін берді.
27 жастағы Ирландияның өкілі де «көлденең көк аттылардың» бірі емес. Спорттың осы түріндегі мансабын осыдан бес жыл бұрын бастаған Иэн сол уақыт аралығында 15 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Соның сегізінде қарсыластарын нокаутқа жіберсе, біреуінде «қылқындыру» тәсілін қолданды. Тағы жеті бәсекенің шешімін төрешілер шығарды.
Бұған дейінгі қарсыластарынан жеңілмеген қос саңлақтың жолы жексенбі күні Лас-Вегаста қиысты. Гэрри Шавкатпен қаймықпай айқасты. Бәсеке басталған бетте қандасымыз күрестің әдісіне салуға ұмтылды. Оны жығып алып, біраз «умаждағысы» келді. Бірақ қарсыласы Рахмоновтың ырқына көнбеді. Ол грэпплинг тәсілдерінен сауатты қорғанып, әрбір қауіптің бетін оңай қайтарып отырды. Ал соққылардың дәлдігі жағынан басымдық «Номад» жағында болғаны сөзсіз. Бір мезетте оң қолмен құлақ шекеден соғып, бірде айналып (бэкфист) ұрып Иэнді тәлтіректетіп жіберді.
Бесінші раундта Рахмонов қиын жағдайға тап болды. Сол кезде барша жанкүйердің жүрегі аузына тығылды. Екеуі алысып жатқанда ирландиялық ебін тауып, қазақты жығып алды да, тусыртына шықты. Гэрри Шавкатты қос қолымен мойнынан мықтап ұстап, «қылқындыру» әдісін қолдануға талпынды. Алайда бұл көрініс ұзаққа созылмады. Шавкат бұл қауіптен құтылды.
Бәсеке аяқталғаннан соң, барлық төреші Шавкат Рахмоновтың мықтылығын бірауыздан мойындады. Сөйтіп, ол октагондағы 19 жеңісіне қол жеткізді. Бір өкініштісі, «Номад» өз карьерасында тұңғыш рет бәсекені мерзімінен бұрын аяқтай алмады. Десек те бұл «Шавкат осалдық танытты» деген сөз емес. Керісінше, қарсыласы өте жақсы дайындықпен келген екен. Оған тіптен UFC-дің кезіндегі чемпионы Чарльз Оливейраның өзі секундант болды. Бірақ бәрібір қазаққа әлі жетпеді. Осылайша, күллі Ирландия үміт артқан арлан алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.