2025 жылғы 15 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ-та жалауы желбірейтін футболдан клубтық әлем чемпионатының жеребесі Майами қаласында тартылды. Салтанатты шараға АҚШ-тың сайланған президенті Доналдьд Трамп пен оның отбасы мүшелері қатысты. Дүбірлі доп додасында 8 топқа бөлінген 32 команда бақ сынайды. Жүлде қоры 2 миллиард еуроны құрайды. Соның 1 миллиарды жеңімпаз командаға табыс етілсе, қалғаны да несібесіз қалмайды. Жарыс қарсаңында оның тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.
Клубтық әлем чемпионатының тұсауы 2000 жылы Бразилияда кесілді. Бірақ ол кездері жарыс мүлде басқа форматта өтетін. Түрлі дүбірлі додаларда топ жарған әр құрлықтың сегіз мықты командасының қатысуымен өткен бәсекеде Бразилияның қос үздігі – «Коринтианс» пен «Васько да Гама» суырылып шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Негізгі және қосымша уақытта есеп ашылмай, жеңімпаз пенальти соғу барысында анықталды. Бұл тартыста «Коринтианстың» бағы жанды – 4:3. Қола медальдың да тағдыры «футбол лотереясы» арқылы шешіліп, Мексиканың «Некаскасы» Мадридтің «Реалынан» басым түсті – 4:3. Жарыстың жүлде қоры 28 миллион долларды құрады.
2000-2023 жылдар аралығында аталған доп додасының жалауы 20 мәрте желбіреді. Ең көп олжаға кенелген команда – Мадридтің «Реалы». Корольдік клубтың бес мәрте мерейі үстем болды. Олар 2014, 2016, 2017, 2018, 2022 жылдары бас жүлдені олжалады. Испанияның тағы бір дарабозы – «Барселона» үш рет теңдессіз деп танылды. Каталониялықтар 2009, 2011, 2015 жылдары үстемдік құрды. «Коринтианс» (2000, 2012) пен Мюнхеннің «Бавариясының» (2013, 2020) екі бәсекеде жұлдызы жанды. Бразилияның «Сан-Паулу» (2005) мен «Интернасьонал» (2006), Италияның «Милан» (2007) мен «Интер» (2010), Англияның «Манчестер Юнайтед» (2008), «Ливерпуль» (2019), «Челси» (2021) клубтары бір-бір реттен дара шықты.
Аталған жарыста «Васько да Гама» (2000), Ливерпуль» (2005), «Барселона» (2006), «Бока Хуниорс» (2007), «ЛДУ Кито» (2008), «Эстудиантес» (2009), «ТП Мазембе» (2010), «Сантос» (2011), «Челси» (2012), «Раджа» (2013), «Сан-Лоренсо» (2014), «Ривер Плейт» (2015), «Касима Антлерс» (2016), «Гремио» (2017), «Әл-Аин» (2018), «Фламенго» (2019), «УАНЛ Тигрес» (2020), «Палмейрас» (2021), Әл-Хиляль (2022) клубтары тек финалда ұтылып, күміс медальды иеленсе, «Некаска» (2000), «Саприсса» (2005), «Әл-Ахли» (2006, 2020, 2021), «Урава Ред Даймонс» (2007), «Гамбо Осака» (2008), «Пхохан» (2009), «Интернасьонал» (2010), «Әл-Садд» (2011), «Монтеррей» (2012, 2019), «Атлетико Минейро» (2013), «Окленд Сити» (2014), «Санфречче Хиросима» (2015), «Атлетико Насьональ» (2016), «Пачука» (2017), «Ривер Плейт» (2018), «Фламенго» (2022) қола медальды еншіледі. Міне, аталған турнирде тек осы командаларға ғана жүлде алу бақыты бұйырды.
Соңғы клубтық әлем чемпионатының шымылдығы былтыр Сауд Арабиясында түрілді. Жеті команданың қатысуымен өткен жарыста «Манчестер Ситиге» тең келер ешкім табылмады. Финалда ағылшындар Бразилияның «Флуминенсесінің» қақпасына жауапсыз төрт доп салды – 4:0. Голдардың авторлары – Хулиан Альварес (1, 88-минуттарда), Нино (27-мин, автогол), Фил Фоден (72-мин). Қола медальды Мысырдың «Әл-Ахлиі» мен Жапонияның «Урава Ред Даймонсы» сарапқа салды. Бұл бәсеке 4:2 есебімен қара құрлықтан келген жігіттердің пайдасына шешілді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аталған доп додасының мергендер көшін Криштиану Роналду бастап тұр. Португалияның жұлдызы қарсыластар қақпасын 8 мәрте дәл көздеді. Екінші, үшінші орындарда – франциялық Карим Бензема мен уэльстік Гарет Бэйл. Екеуі 6 реттен мергендік танытты. Аргентиналық Сезар Дельгадо мен Лионель Месси, уругвайлық Луис Суарестің еншісінде бес-бес голдан бар. Сонымен қатар бұл турнирде бірнеше рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бұл рекордтар Криштиану Роналду мен Лионель Мессиге (финалда 4 голдан соқты), Луис Суареске (бір жарыста 6 гол соқты), Лионель Мессиге (үш бірдей финалдық ойында гол соқты), Тони Кроосқа (жарыстың 6 дүркін жеңімпазы) тиесілі.
Әр жылдары клубтық әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы деген атақты мына футболшылар иеленді: 2000 – Эдилсон, 2005 – Роджерио Сени, 2006 – Деку, 2007 – Кака, 2008 – Уэйн Руни, 2009 – Лионель Месси, 2010 – Самюэль Это’о, 2011 – Лионель Месси, 2012 – Рамос Касио, 2013 – Франк Рибери, 2014 – Серхио Рамос, 2015 – Луис Суарес, 2016 – Криштиану Роналду, 2017 – Лука Модрич, 2018 – Гарет Бэйл, 2019 – Мұхаммед Салах, 2020 – Роберт Левандовский, 2021 – Тиагу Силва, 2022 – Винисиус Жуниор, 2023 жылы – Родри.
Келесі жылы АҚШ-тың 11 қаласындағы
12 стадионда өтетін жарыста 32 команда өнер көрсетеді.
Олар төрт-төрттен сегіз топқа бөлінді:
А тобы: «Палмейрас», «Порту», «Әл-Ахли», «Интер Майами»;
B тобы: ПСЖ, «Атлетико», «Ботафого», «Сиэтл Саундерс»;
C тобы: «Бавария», «Окленд Сити», «Бока Хуниорс», «Бенфика»;
D тобы: «Фламенго», «Эсперанс», «Челси», «Леон»;
Е тобы: «Ривер Плейт», «Урава Ред Даймондс», «Монтеррей», «Интер»;
F тобы: «Флуминенсе», «Боруссия» Дортмунд, «Ульсан», «Мамелоди Сандаунз;
G тобы: «Манчестер Сити», «Видад», «Аль-Айн», «Ювентус»;
H тобы: «Реал», «Әл-Хиляль», «Пачука», «Ред Булл Зальцбург».