• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Желтоқсан, 2024

Хакімді қытайша сөйлеткен жазушы

69 рет
көрсетілді

Ұлт пен ұлтты, ел мен елді біріктіретін шекарасыз әлем – өнер. Киелі қалам ұшымен халық қасиетін бейнелеген озық­ ойлы қаламгерлердің бірі, Қы­тайдағы қазақ жазушысы – Акбар Мажиттің 70 жасы Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде аталып өтті.

Қытай Халық Республикасы Ха­лықтық Саяси Консультативтік Кеңе­сінің депутаты, Қытай Жазушылар одағы баспа корпорациясының вице-президенті, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, жазушы, аудармашы Акбар Мажиттің ме­рейтойына арналған «Қазақстан-Қытай: мәдени-рухани байланыстар көкжиегі» тақырыбындағы дәріске академик Серік Негимов, профессор Рақымжан Тұрысбек, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы сынды зиялы қауым өкілдері, университет оқы­ту­шылары мен студенттер қатысты. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлының  құттық­тау хатын проректор Ардақ Бейсен­бай оқып берді.

– Мәдениет пен әдебиетте ор­ны­ңызды айшықтаған ірі тұлға екеніңіз көпке мәлім. Сіздің аудармалары­­ңыз арқылы қытай елі ұлы Абаймен та­нысты. Тек әдебиетші, ғалым ғана емес, көркем тілмен оқырман жүре­гі­не жол тапқан шебер қаламгерсіз. Шығармаларыңыз оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағасын алып жатыр. Бүгінгі мерейлі жасыңызбен құт­тықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деген ректор құттықтау хатында.

Басқосуда жазушы Акбар Мажит атқарған еңбектеріне тоқталып, ұлы Абайды аудару барысын сөз етті.

– Әуелі маған Абай аудармасына редакторлық жасап беруді өтінді. Бірақ аудармаға қарасам, өңдеуге келмейді екен. Бір айдан соң ұлы ақынды түнімен аударып әкеліп бергенімде, «міне, нақ Абайдың өзі екен» деп бас редакторым мақтай жөнелді. Содан, міне, ақынның қара сөздерін қазақ тілі мен қытай тілінде қатар басып жинақ етіп шығардық. Сонымен бірге Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның өлеңдерін де аударып, қытай тілінде басып шығаруға ұсыныс түсті. Мен бұл ұсынысқа келісіп, үш-төрт айдың көлемінде Абайдың бүкіл жырларын аударып шықтым. Солайша хакімнің жеке кітабы Қытайдың «Әдебиет» баспасынан басылып шықты, – деді Акбар Мажит.

Жазушы сонымен бірге Қытайда шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналына қазақ әдебиетінің шығармалары жариялануына ұйытқы болғанын, ондағы аз халықтар мен қытайдың қазіргі әдеби үдерісі хақында айтып өтті.

Жазушы мерейтойына алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың жолдаған үшбу хатын жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы жеткізді.

Акбар Мажитұлы жазушы­лық биік­тің намысты, жанкешті және ең абыройлы сарбазы, жауынгері. Ол, міне, елу жылдай уақыттан бері намыс қаламын рух қаруы ретінде исі адамзаттың игілігіне жұмсап ке­леді. Оның қаламы нәзік те өжет ой­лы шығармалар арқылы қазақтың кү­йініші мен сүйінішін адамзаттың үштен бірін құрайтын үлкен халықтың қаперіне жеткізді. Жеткізіп қана қойған жоқ, бір жарым миллиард адам оның талантын мойындады. Сонымен қатар Акбар Мажитұлы аза­маттық, қайраткерліктің де нысаналы тұлғасы, – деген жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай.

Мұнан соң академик Серік Негимов сөз алып, қаламгердің тұлғалық болмысына тоқталды.

– Хакімнің тереңіне сүңгу, сол заманның келбетін таныту – қа­һармандық дер едім. Сондықтан қай­раткерлікті, рух қазығын берік ұс­таған көсем тұлғасыз. Сізді мерейлі жа­­сыңызбен құттықтай отырып, бар жақ­сылықты тілеймін! – деді ол.

Кешке жиналған зиялы қауым өкілдері мен студенттер жазушының шығармалары хақында ойларын өрбітті. Акбар Мажит университет рек­торының шешімімен «Күлтегін» меда­лінің иегері атанды.