Президент 11 Желтоқсан, 2024

Өңір дамуына серпін берген жобалар

93 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

Хромтаудың тыныс-тіршілігі

Президенттің жұмыс сапары Хромтау қаласындағы «Болашақ» шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаты жылына 7,5 млн тонна хром рудасын өндіруге жетеді.

Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1 800 жұмыс орны құрылатыны жөнін­де мәлімет берілді. Тартылатын инвес­тиция көлемі 1 трлн теңгеден асады.

Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибра­гимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.

Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режімде бұрғылайтын интел­лектуалды бұрғылау қондыр­ғысы, қашықтан жер үстінде басқа­ру жүйесі, сондай-ақ толықтай автомат­тандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. 1979 жылы негізі қалан­ған колледжде 1 157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Оқу орнының директоры Бағдаш­жан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлі­мет берді. Атап айтқанда, колледж­де теориялық білімді тәжірибе­мен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң студенттермен және түлектермен кездесті. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы дуальды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді.

Президент тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмыс­шы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отан­дық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады.

Мемлекет басшысы аралап көрген келесі жер – №1 Хромтау орта мектебі. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің білім беру ісіндегі ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты.

Президентке бұл оқу ордасы «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» қанатқақты жобасына енгізілгені жөнінде ақпарат берілді.

Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім берудің сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады.

Мемлекет басшысы аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режімде қатысты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.

 

Аймақ экономикасының биылғы өсімі – 6 пайыз

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласындағы болат құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Құны 3,5 млрд теңге болатын нысан биыл шілде айында пайдалануға берілген. Зауыт құрылтайшысы Мирғали Бурбаевтың айтуынша, қазір өндіріс орнында құбырларды, металл әзірлемелерін дайындайтын қондырғылар іске қосылған.

Президентке зауытты дамытудың ұзақмерзімді жоспары баяндалды. Кәсіпорын алдағы уақытта шығары­латын өнім түрлерін көбейтіп, цехтар­дың қуатын арттыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін аралады. Көрмеге өндіріс және теміржол саласына арналған жабдықтар, сондай-ақ медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмектер, арнайы киімдер, тұрмыстық химия, сантехника бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың өнімдері қойылған.

Бұдан кейін Президентке Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы 11 айда аймақ экономикасының өсімі 6 пайызды құраған. Ал өнеркәсіп өндірісі 4 пайызға артып, осы жылдың алты айында шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 175 млн долларға жеткен.

Президентке Ақтөбе қаласы­ның әуежайын мультимодалды хаб ретінде дамыту үшін мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бұл жобаға 1,2 трлн теңгеден аса инвестиция тартып, 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Облыс әкімі Мемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан және 2025–2027 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы да айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласында салынатын жаңа құрылыс нысандарының макеті таныстырылды. Президент тапсырмасына сай, шаһарда 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек.

Мемлекет басшысы келесі кезекте Ақтөбе қалалық полиция депар­таментінің жедел басқару орталығының ғимаратын аралап көрді.

Нысан өңірдегі 15 мыңға жуық бейнекамера арқылы жергілікті жердегі ахуалды нақты уақыт режімінде тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың жедел залында 32 инспектор мен «102» шұғыл желісінің 3 операторы жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов полиция қызметінде қолданылып жатқан цифрлық жобалар туралы баяндады.

Қазір Ақтөбе облысында 5 жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы өңірде 1,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.

Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастағаны туралы мәлімет берілді. Аталған технология бақылау камераларындағы бейнеге талдау жүргізіп, жоғалып кеткен азаматтарды табуға көмектеседі. Сондай-ақ арнайы платформаға жүктелген фотосуреттер арқылы күдіктілердің бет-бейнесін танып, қажетті мәліметтерді де ұсынады. Бұдан бөлек жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркеп, көлік қозғалысын қадағалауға жәрдемдеседі.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін айтып, қоғамда заң мен тәртіптің үстем­дігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.

Сонымен қатар Президент Ақтөбе облыстық перинаталдық орталы­ғының қызметімен танысты.

Медициналық нысанда жылына 8 200 нәресте дүниеге келіп, 13 мыңнан аса адам ем алады. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» жобасы аясында жылына 130 ЭКҰ жасалады. Ал ерте араласу орталығында 200 бала оңалту шараларымен қамтылады.

Президентке орталықта туа біт­кен сырқаты бар нәрестелерге 50 кар­­­дио­хирургиялық және офталь­мо­­логиялық ота жасалғаны туралы мәлі­мет берілді. Орталық ашылғанға дейін мұндай диагнозы бар сәбилер Астана қаласында емделген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мекеме­де жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан «Бір күндік клиника» жобасы таныстырылды. Аталған бастама қанмен берілетін ауруларды ерте бастан анықтауға көмектеседі. Осы жоба аясында бүгінге дейін 6 мың әйел медициналық тексеруден өткен.

Мемлекет басшысы мекеме қыз­меткерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.

Бұған қоса Президент Ақтөбе қаласындағы «Химик» стадионының базасында ашылған балалар футбол академиясына барды.

Заманауи үлгіде жабдықталған нысанда жыл бойы спортпен айналысуға жағдай жасалған. Академияда қазір 780 бала үздік халықаралық тәжірибе бойынша жаттығады. Онда спорт залдары, әкімшілік, оңалту, ем-дом және басқа да қызмет көрсету кабинеттері орналасқан.

Мемлекет басшысы академия­ны аралап көріп, жасөспірімдермен және жаттықтырушылармен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды зиян­ды әрекеттерден сақтау үшін оларды спортқа көптеп тартудың маңызы зор екенін айтты.