• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Намыс қайрағы шыңдаған

288 рет
көрсетілді

Әлемдегі екі жүзден сәл асып түсетін мемлекеттердің ішінде өзінің территориялық ауқымы мен жерінің кеңдігі жөнінен ортақ отанымыз – Қазақстан алғашқы ондықтың қатарына кіреді. Ал халқымыздың саны жөнінен өкінішке қарай, бұлай дей алмаймыз. Мемлекеттер арасындағы кейінгі орындардың қатарындамыз. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді дана халқымыз. Тұрғындардың саны неғұрлым көп болған елдер бір жағынан соғұрлым нық, еңселері биік көрінетіні бар. Мемлекет басшысы тарапынан демографиялық саясатқа да айтарлықтай көңіл бөлінуі, алдағы жылдарда ел халқының санын жиырма миллионға жеткізу жөнінде кешенді көзқарас қалыптасуы ел ішіндегі халықтың санын көбейту ниетінен туындағаны белгілі. Сөз жоқ, кез келген елдегі халық саны бірінші кезекте табиғи өсім есебінен көтеріледі. Бұл факторды тұрғырландыра түсудің тағы бір басты жолы дүниенің төрт түкпіріне тарыдай шашырап кеткен отандастарымыздың елге келуіне жол ашу. Соған жағдай туғызу. Осылай болды да. Алайда, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Б.Әмірғалиев Ресейден атақонысы Қазақстанға оралған кезде еліміз егемендік алғанына небәрі үш ай уақыт өткен еді. Бұл сонау 1992 жылдың наурызы болатын. Оған елге келу жөніндегі ұсы­ныс республикамыздың шалғай өңір­лерінің бірі, сол кездегі Жәнібек ауданының әкімі Самиғолла Ора­зовтың тарапынан түскен-ді. Ол оны өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Ашығын айтқанда, Болаттың Ресейдің Волгоград облысында өзінің мамандығы бойынша атқарып жүрген қызметі де ортан қолдай еді. Жұмыс істесе жанып, құлшынып тұратын жігітті Эльтон мен Приозерная өңірі­­нің барлық тұрғындары жандары­на жақын тұтты. Жас та болса, бас бола білген жоғары білім­ді құрылыс маманының жетекші­лігімен тұрғызылған үйлер және әлеуметтік-тұрмыстық нысандар өзінің айрықша ажарымен көз тартты. «Прораб болсаң, Болаттай бол!» деген сөз де ресейлік тұрғын­дардың арасында жиі естілетін. Әрине, қазақстандық жас аудан басшысы Самиғолла да өз қатар­ласының бойындағы мұндай іскер­лік қабілеттің тереңдігінен жақсы хабардар болатын. Оның Болатты егемендігін енді алған елге бірлесіп қызмет атқаруға шақыруының да бір сыры осында жатқан. Ресейлік қандасымыз Болат Әмірғалиевтің Қазақстанға келу жөніндегі ойын анасы да құптады. Сөйтіп, көп кешікпей сол кезде отызды орталай қоймаған қазақтың қайсар жігіттері еліміздің шалғай ауданында істі бірден орнынан жылжытып, қозғап, дөңгелентіп алып кеткеніне куә бола аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы қиындықтармен ең бі­рінші жаңа қазақстандық басқару құрылымы – әкімдік институттың төмен және орта буынының өкілдері бетпе-бет келді. Өйткені, олар сол бір күрделі кезеңнің сыни тұсында халықтың арасында бола жүріп республикада басталған реформалар мен эволюциялық өзгерістердің нәтиже беретініне халықтың көзін жеткізуге тырыс­ты. Бұған қоса өздеріне берілген өкілеттік пен мүмкіндік шеңбе­рінде тұр­ғындардың қалыпты тұрмыс ке­шуіне қажетті жағдайларды жасай білді. Бұл пікіріміздің Б.Әмір­ғалиевке де тікелей қатысы бар. Кейін Қазақстанның батыстағы қақпасы – Орал қаласына ауысқан Болат Жәзитұлының бұдан кейінгі еңбек, жұмыс сатылары жол құрылысы және оны пайдалану қызметімен, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық салаларымен тығыз байланыста болып келеді. Жеке бизнеспен де айналысты. Оның өрісі де алдыңғы айтылған жол-құрылыс мәселелерімен үндес, ыңғайлас жүргізілді. Бүгінде туғанына сексен жыл толып отырған Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің өшпес өлеңдерінің бір шумағы: «Жұмыс десе, жанын берген жігіттің, Жаман адам болу өзі мүмкін бе», деп келуші еді. Иә, жұмыс істесе, еңбек десе өзінен өзі елегізіп, тықыршып, арқаланып, тау қопарардай болып отыратын, соны ісімен дәлелдей білген адам – ең құрметті адам. Жақсы – ісімен жақсы. Болат Әмірғалиев – осындай азамат. Біздің ойымызша уақытпен санасу табиғатына мүлдем жат. Елдің коммуналдық-шаруашылық жүйесіне дәл осындай еңбеккер ерлер керек. Әйтпесе бұл сала ойдағыдай өркендеп дами алмайды десек қателеспейтін шығармыз. Бүгінде Орал қалалық әкім­дігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көп салалы мемлекеттік коммуналдық жол пайдалану кәсіпорнының жетекшісі қызметін атқаратын Болат Әмірғалиевтің аталмыш саланың қалыпты дамуы­на қосып отырған еңбегі елеулі. Осы арада «Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске», – деген дауылпаз ақын, батыр бабамыз Махамбеттің өлеңі де еріксіз еске түседі. Тағы бір шындық – еріншек, еңбек етуге желкесінің қыры жібере бермейтін жалқау жан коммуналдық жүйеде бір күн түгіл, бір сағат істей алмаса керек. Бұл нағыз құс ұйқылы адамның қызметі. – Біздің қызметіміз күнмен де, түнмен де, жылмен де есеп­телмейді. Тіпті, тәулігіне бір сағат қана ұйықтайтын немесе мүлдем көз ілмейтін кездер де болып тұрады. Өйткені, жүйенің тәртібі мен талабы сондай. Мұндайда қалғып қала беруге болмайды. Мен ғана емес салада қызмет жасайтын әріптестерімнің бәрі де солай жасайды. Қажет жерінде қызмет орнынан табылады, – дейді бізбен әңгімесінде аталған кәсіпорын жетекшісі Болат Әмірғалиев. Қалай дегенде де коммуналдық қызмет жүйесінсіз республиканың бір де бір қаласының қалыпты тірлігін көзге елестету мүмкін емес. Бұл кез келген шаһардың күре тамыры іспеттес өте жауап­ты сала. Бұл өз кезегінде жол, су, газ, жылу, электр энергиясы қызметтерімен қала тұрғындарын жүйелі әрі үздіксіз қамту деген ұғыммен парапар. Бүгінде мемлекетімізде коммуналдық-шаруашылық жүйесін жаңғырту жөнінде кең ауқымды шаралар белгіленген. Орталықтан бастау алған бұл іс қазір өңірлерге қадам басып келеді. Соған сәйкес Орал қаласында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл істің бел ортасында келе жатқан сала жетекшісі жаңғырту жұмыстарының бұдан да гөрі жеделірек әрі ауқымды­рақ, толыққанды бола түскенін қолдайды. Біз білетін Болат Жәзитұлына тән тағы бір тамаша адамгершілік қасиеттің бірі ерлік намыс пен елдік намыстың туын тең ұстай білуі. Оны қай кезде де жықпауы. Ол – тұла бойы намыстан жаратылған жан. Қоғамдық өмірде намыстың сынға түсетін кезі көп. Бұл қажет жерінде бұғып, бұқпантайлап қалмау, негізсіз ортақ іске пайдасы тимейтін тиянақсыз пікір мен өресі төмен істің жетегінде кетпеу. Ал елдік намыс дегенде ол тұтас отаншылдық сезім мен қазақстандық патриотизм ұғымын үнемі жоғары ұстай білетінін айта кетуге тиіспіз. Әлбетте отаншылдық рух – сөзбен емес іспен танылады. Болат Әмірғалиев өзін жайдақ сөзбен емес, өнегелі ісімен, қайтпас қайсар қайратымен көрсете білген қазақтың нар ұлы. Бұл тұрғыда ол өз ой-пікірін ірікпей, күлбілтелемей тіке айта алады. Болат Әмірғалиев намы­сының қайрағын жанып-жанып алып, іске алаңсыз кіріп кетуді өз өмірінің басты ұстанымына айналдырған. Біз бүгін әңгіме жасаған елдің ком­муналдық ша­руа­шылық саласы ырғалып-жыр­ғалу мен сылбыр­лықты және салдыр-салақтықты көтермейді. Оған жеделдік пен іскерлік және кәсібилік пен біліктілік қажет. Еділ мен Жайыққа тең перзент Болат Жәзитұлы дәл осы қасиетті өзіне серік ете білген саланың өз өкілі. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суретте: Болат ӘМІРҒАЛИЕВ.