• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Байқау 12 Желтоқсан, 2024

Алаш жолы – алтын қазық

68 рет
көрсетілді

«ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық бай­қауының қорытындысы биыл Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында өтті.

Байқаудың ашылу рә­сімінде сөз сөй­леген «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Ұлттық идеология – кез келген мемлекеттің тірегі, ол халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір іспетті. Қазақ елі үшін Алаштан асқан, Алаштан өзге ұлттық идея жоқ. Ал идея – тірі дүние, ол үнемі дамып, тереңдеп, кеңейіп отыруы керек. Біздің байқау – дәл осы Алаш идеясын жаңғыртуға арналған бастама. Байқауға қатысушылардың әрқайсысы осы идеяның дамуы­на өз үлестерін қосып жатыр», деді.

Биыл 13-рет ұйымдас­ты­­рылып отырған байқауға 250-ден астам студент пен маман жұмыстарын жіберіпті. Қорытынды кезе­ңінде қызу пікірталас өрбіп, сапалы баяндамалар жасалды. Жал­пыұлттық байқауға Пар­ла­мент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының аппарат жетекшісі Берік Дүйсембинов, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов және партияның мәслихат депутаттары қатысты. ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» институтының директоры, PhD Сұлтан Хан Аққұлұлы, PhD, MNU ассистент-профессоры Алма Сайлау­қызы қазылық етсе, ЕҰУ қазақ кафед­расының профессоры, алаштанушы Қайырбек Кемең­гер қорытынды іс-шараны модератор ретінде жүргізіп отырды.

Іріктеу кезеңінен өткен қа­тысушылардың баяндамалары мен пікірсайыстарының нәтижесінде, «Алаш қайрат­керлерінің Алаш республи­касының мемлекеттік құ­ры­лымы туралы идеясы және оның қазіргі Қазақстан үшін өзек­тілігі» аталымы, «Алаш қай­раткерлерінің оқу-ағарту мен ғылымдағы ұстанымы және оның қазіргі Қазақстан үшін маңызы», «Алаш қайраткерлерінің эко­номикалық көзқарасы және кәсіпкерлікті дамыту», «Алаш республикасы – алдыңғы қазақ мемлекеттері (Көне Түркі қа­ғанаттары, Ұлық ұлыс – Алтын орда, Қазақ хан­дығы) мен қа­зіргі тәуелсіз Қазақ елінің заң­намалық сабақ­тастығын жал­­ғайтын көпір» аталымдары бойынша еліміздің түкпір-түк­пірінен қатысқан шы­ғарма­шылық тұлғаларға жүлд­е­лі орындар табысталды.