Ақтаулық оқушылар Артем Ахметханов пен Мәдина Абдулла төрт түлікті жоғарыдан бақылайтын робот-шопан ойлап тапты. «Кью Агро» деп аталатын құрылғы өзін-өзі қуаттап, адамның көмегінсіз ұша береді.
Аталған дрон өрістегі төрт түлікті санап, түгендейді, ауырып тұрған малды анықтайды, тіпті отардан бөлініп қалған қойды тауып береді. Ең бастысы, бұл құрылғы кез келген ауа райына төтеп береді. Айта кетейік, инновациялық жоба жуырда ғана Қытайда өткен сайыста 1 500 стартаптың арасынан топ жарып, екінші орынды жеңіп алды.
Ит ас па, дос па?
Оңтүстік Кореяда ит өсіруге, союға және тағам ретінде сатуға тыйым салынды. Жаңа заң 2027 жылы толық күшіне енеді.
Ережеге сәйкес, итті сойған құқық бұзушылар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 22 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал оның етін тұтыну үшін жануарды бағып-баптағандар 2 жылға дейін түрмеге тоғытылады, болмаса 15 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл арқалайды.
Мұз фестивалі
Қытай кейінгі жылдары қысқы туризмді дамытуға кәдімгідей ден қойған. Соның арқасында көрші мемлекет 2030 жылға қарай 200 миллиард доллардан аса табыс табуды көздейді.
Қытайдың Харбин қаласында жыл сайын өтетін ерекше мұз фестиваліне қызу дайындық жүріп жатыр. Аталған іс-шараны көруге жыл сайын мыңдаған турист аймаққа ағылады. Биылғы фестивальде келушілер назарына 260-тан астам мұзды мүсін ұсынылмақ. Ол 1 миллион шаршы метр аумақты қамтиды. Айта кетейік, ауқымды іс-шара желтоқсан айының ортасында басталады.