Алматыда Жаһандық геопарктер жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитеті мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының ұйымдастыруымен «ЮНЕСКО геопарктері тұрақты даму мен ынтымақтастық үшін» халықаралық геофорумы өтті.
Геопарктер аумақтардың табиғи-тарихи мұраларын тұрақты дамытуды, жергілікті мәдениет, ғылым-білім, салт-сана, әдет-ғұрыптар сынды, рухани ұстындардың сан саласын жан-жақты насихаттауды қарастырады. Қазіргі таңда әлемнің 49 еліндегі 213 аумақ ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктері құрамына кіреді. Сол тұрғыда еліміз де туризмнің орнықты дамуына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, геомұрағат нысандарын сақтауға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, білім беру сапасын жақсартуға мүдделі.
– Мемлекетті геологиялық дамыту мәселелері өте маңызды. Сол тұрғыда ел аумағында геопарктер құру мәселелерін шешетін жұмыс тобы құрылған. Сонымен қатар нормативтік талаптар мен тиісті заңнамалық базаны қайта қарау, талдау мен әзірлеу қажеттігі туындап отыр. Еліміздің геологиялық мұрасы Атласын жасауға қажет материалдар дайындалып жатыр, оған республикалық, халықаралық маңызы бар нысандар енеді, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров.
Ұлттық геопарк желілерін құру бастамасы 90-жылдардың аяғында Еуропадағы геологиялық мұра нысандарына туристер легін тарту арқылы жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімдері мен қызметтерін тұрған жерлерінде тұрақты өткізуіне жағдай жасау, ауылдық жерлердегі экономикалық құлдырауды тежеу мақсатында қолға алынған.
Осы орайда ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер жөніндегі Ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нығматова: «Геологиялық парктердің жұмысын жандандыру жергілікті және халықаралық деңгейдегі аймақтар үшін келешегі бар тәсілдің бірі. Кейінгі жылдары геопарктер туристерді көптеп тартуға ықпал ететін табысты бизнес бастамаларға кеңінен жол ашып отыр», деп атап өтті.
Қазірде елімізде Арал, Ұлытау, Кіші Қаратау геопарктері құрылып жатыр. Қызылорда облысы аумағында ашылған еліміздегі алғашқы геопарк өзін жан-жақты таныта да бастады.
– «Geopark Aral» – Арал теңізінің табиғаты мен осы өңірдің экономикасын сақтау мақсатында қолға алынған Орталық Азиядағы алғашқы туристік бағыт. Бұл – геологиялық, этникалық турларымен қоса, басқа туристік нысандарды қамтитын ашық аспан астындағы музей. Бәрі де жергілікті халықтың қолдауымен ұйымдастырылған. Келесі жылы біз ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк мәртебесін алуға өтініш береміз. «Geopark Aral» осы бағдарламадағы еліміздің алғашқы жобасы болмақ. Жоба құрылтайшысы – Халықаралық Аралды құтқару қоры, – дейді осы парктің директоры Сәуле Темірбек.
Сәуле Темірбек аумақ экологиясымен байланысты түйткілдерді баяндай отырып, бүгінде Қызылорда облысында жаппай сексеуіл отырғызылып жатқанын жеткізді. Сексеуіл қыста қар ұстайды, жазда малға қорек, сондай-ақ топырақты байытып, жазда шаң мен тұзды ұстап тұруға да септесе алады. Аралдың тұзы мен шаңы сонау Еуропа шекарасына дейін жетіп жығылады деген деректер бұрыннан бар.
Бүгінде «Geopark Aral» мұражайының дамуына, туристерді келтіруге жергілікті тұрғындар да мүдделі болғандықтан, түйе сүтінен, жүннен жасалған, кәдеге жарайтын тәбәрік өнімдерін жасайтын сәндік-қолданбалы өнер шеберлері де бұл шараға көптеп тартылып жатыр. Форумда Арал өңірі шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтті.
Елімізде республикалық маңызға ие, ерекше қорғалатын 119 табиғи аумақ пен жергілікті маңызы бар 46 өңірлік табиғи парк, қорықтар мен табиғат ескерткіштері бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көлемі 31 млн гектардан астам. Осы аумақтардың басым бөлігінде зерттеу, рекреациялық жұмыстары жүргізіліп, экологиялық туризмді дамытудың іс-шаралары жан-жақты жасалып жатыр.
Түрлі экофестивальдар, акциялардың көмегімен Қызылтас саяжайының маңында орналасқан, ел арасында «Тасбақа тас» аталып кеткен археологиялық парктің мәдени-тарихи мұраны сақтау, экологиялық туризмді дамыту жөніндегі жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Талдықорған қаласындағы «Алтын Адам креатив орталығы» ҚБ геопаркі кеңінен насихатталып жүр.
Алқалы жиында сөз алған сарапшылар, Ресей, Литва, Иран, Түркия, Қырғызстан геопарктерінің өкілдері күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өзі тәжірибелерін ортаға салды.
Ресейдің Геология ғылым-дары және геопарктер жөніндегі Ұлттық комитетінің жауапты хатшысы Сергей Семилеткин ресейлік ғалымдар геологиялық саябақтардың жаңа атласын шығаруға дайындалып жатқанын, оған Еуразия кеңістігіндегі барлық белгілі орындар, соның ішінде енді құрылып жатқан нысандар да енгізілетінін мәлімдеді. Өкінішке қарай, әзірге, ешбір атласта Орталық Азияның бірде-бір геопаркі жоқ.
Геофорумда Башқұртстан өкілдері барынша белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Ресей Федерациясында 2020 жылы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркі мәртебесін алған «Алтай», «Ундория Геопаркі», «Янган-Тау» геопарктері табысты жұмыс істеп тұр, сондай-ақ Ресейдің басқа аймақтарында да жаңа геопарктер көптеп құрылып жатыр.
– Геопарктер табиғи қазына ғана емес, экотуризмнің де маңызды орталығы, ошағы. Осындай іс-шараларға қатысу бізге Башқұртстанды туристер мен инвесторлар үшін тартымды бағыт ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді, – деді Башқұртстан Республикасы Кәсіпкерлік және туризм министрінің міндетін атқарушы Зухра Гордиенко.
Башқұртстандағы «Торатау» туралы мәліметтерді осы парктің ғылыми қызметкері Фаниз Ардисламов толықтыра отырып, олардың архитектуралық тұтастығын сақтауға ерекше мән берілетініне баса назар аударды. Мысалы, «Торатауда» арнайы баспалдақтар жасалған, бір жағынан бұл туристердің саяхатын жеңілдетсе, екіншіден саябақты қираудан қорғайды.
Геофорумда Иран ұлттық парктерінің төрағасы Алиреза Амирказеми дамыған инфрақұрылымымен, табыс тарихымен, бизнес-идеяларымен жиналғандарды қайран қалдырды. Форум қатысушыларын тәнті еткен саябақтарды дамытуға жергілікті халық та белсене қатысады екен. Бұл экономикасы әлсіз аймақтарды көтеруге, тұрғындарды пайдалы іспен айналысуға жетелейтін көрінеді.
Түркияда керісінше, осы елден келген Сердар Айтачтың айтуынша, әлсіз заңнамалық база мен бюрократиялық кедергілерге байланысты, геопарктердің жаһандық мән-маңызын танып-білуде, дамытуда бірқатар күрмеулі мәселе бар.
Геофорумда негізінен елімізде Ұлттық геопарктер желісін құруды ілгерілетуге, Еуразия аумағындағы геопарктер ынтымақтастығын үйлестіруге, Кіндік Азияның геомұрасын сақтау мәселелеріне халықаралық қауымдастықтың назар аударуына, Қазақстан, Орталық Азия мен ЮНЕСКО елдері арасындағы ынтымақтастық аясында геоғылымдар мен геопарктер жөніндегі бағдарламаны іске асыру тетіктерін жетілдіруге мән берілді.
Мемлекеттік мекемелер, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері, ұлттық және халықаралық сарапшылар бас қосқан жиында геологиялық, экологиялық туризмді дамыту, номинациялық құжаттарды әзірлеу, геопарктерді дамыту басқармасының жоспары мен тұжырымдамасын жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
АЛМАТЫ