Мемлекеттегі төменгі күнкөріс деңгейі адамның өмір сүру сапасын анықтайды. Оған қажетті шығындардың ең төменгі құнын білдіретін бұл көрсеткіш елімізде кедейлік пен әлеуметтік көмектерді есептеу үшін қолданылады. Мамандардың пікірінше, жан басына шаққанда ең төменгі ақшалай табыс тұтыну себетінің құнына тең болуы керек.
Азық-түлік себеті адамның орташа энергетикалық құндылығы күніне 2 175 ккал қамтамасыз етілуге тиіс. Оның ішіне ет, балық, сүт, май, нан, көкөністер мен жеміс-жидек, жұмыртқа, қант, шай, дәмдеуіштер секілді тағамның 43 түрі кіреді. Өнімдерді тұтынудың орташа нормасы, жылға есептегенде, қара нан – 25 кг, қара бидай наны – 42 кг, қарақұмық жармасы – 7,4 кг, көкөністер – 149 кг, жеміс-жидек – 132 кг, ет және ет өнімдері –78,4 кг, сүт және сүт өнімдері – 301 кг, қант пен кондитерлік өнімдер – 33 кг болуға тиіс. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі қараша айында 49 756 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш қазан айында 55 079 теңге болған, бір айда 9,7%-ға күрт азайған. Сәйкесінше, ең төменгі қажеттіліктерге кететін жалпы сома да аз.
Сонымен ең жоғары күнкөріс деңгейі Маңғыстау облысында (60 561 теңге), Астанада (53 560 теңге) және Алматы қаласында (53 167 теңге), ең аз қажеттілік Түркістан (45 528 теңге), Ақтөбе (44 957 теңге), Қызылорда (44 625 теңге) облыстарында тіркелген. Алайда бір адамның айына тұтынатын қажеттіліктеріне көрсетілген соманың жетуі көпшілікке күмән туғызып отыр.
Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов еліміздегі тамақ өнімдерін тұтыну туралы норма халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін, сондықтан тұтыну себетіндегі тамақ өнімдері мөлшерін ұлғайту керектігін айта келіп, ең төменгі күнкөріс деңгейін 115 710 теңгеге көтеруді ұсынды. Мамандардың пікірінше, адамның күнкөрісі тек тамақ қана емес, оның мәдени өмірі де ескерілуі керек. 80 мыңның төңірегіндегі там-тұм жалақы елдің айлығын шайлығына жеткізбейді. Сол тұрғыда төменгі күнкөріс деңгейін қайта есептеу халықтың әл-ауқатын көтеруге аз да болса себеп болатыны анық. Біздегі кедейлік шегі халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен. Елімізде белгіленген төменгі жалақыдан да аз айлық алатындардың саны былтыр миллионнан асқан. Сарапшылар егер осы әдіс енгізілетін болса, ең төменгі күнкөріске кететін қаражат та ұлғайып, атаулы көмек алатындар саны да артатындығын айтып отыр. Өткен жылы медиандық табыс, яғни орташа табыс арқылы есептелетін төменгі күнкөріс шегі 73 мың теңгенің төңірегінде болған.