• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:17

«Алтын сақина» пьесасының құнды қолжазбасы

17 рет
көрсетілді

Алаш арыстарының көпшілігі 1937-1938 жылдары «халық жауы» есебінде жалған, ауыр айыптаулармен атылып кеткеннен кейін олардың мұралары түгелге жуық тәркіленгені белгілі. Алаш арыстарының артында жүздеген кітабы қалды. Оны алаштанушы-ғалымдар, төте жазуды оқып, зерттеп жүрген азаматтар зерделеп, қазақ оқырмандарына қайтадан ұсынып жатыр. Бірақ ащы болса да ақиқат сол арыстардан – Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Телжан Шонанұлы мен Қошке Кемеңгерұлынан қалған қолжазбалар жоқтың қасы. Ал қазір пайдаланып жүргеніміз – тек қана ресми баспада шыққан кітаптары, басылымдарда жарияланған мақалалары, мұрағаттар, деректер. Баспадан шыққан кітаптардан да құнды нәрсе – қолжазба, яғни автордың ең алғашқы, ең дұрыс деп қараған түпнұсқасы. Ал баспадан шыққан кітаптарда сол кездегі цензураға ұшырап, басылмай қалған тіркестер де болады. Кітаби нұсқа мен қолжазбаның арасы жер мен көктей.

Ішінара ғана мұралары қолжазба күйінде жеткен бірнеше Алаш қайраткері бар. Соның бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Осы мақаламызда көпшілікке беймәлім болып келген Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» шығармасының (4 перделі пьеса) қолжазба нұсқасын таныстыратын боламыз. Шындығында Қ.Кемеңгерұлы­ның қолжазбасының табылуы ғылым үшін қуанышты жағдай. Бұл – Алаш оқырмандарынан сүйінші сұраса да әбестігі жоқ жүрекжарды жаңалық.

Өзге арыстар секілді Қ.Кемеңгер­ұлының да мұралары кітап күйінде бір­ді-екілі нұсқада жеткен. Неше он мың­дап, тіпті жүз мыңдап таралған Алаш зия­лыларының еңбектері ғасырға жетер-жет­пес уақытта бірді-екілі ғана табылып жатуы да бір кездегі солақай саясаттың салдары қаншалық ауыр болғанын аңғартады. Бүгінгі таңда алаштанушы ғалымдар арыстардың табылған кітаптарын қазіргі жазуға түсіріп, баспадан шығарып, ғылыми айналымға енгізіп жатыр. Дегенмен, түпбасылымның да, қайтара басылымның да түпнұсқадай бола бермейтіні белгілі. Сол тұрғыдан алғанда бүгін араға 103 жыл салып оқырманмен қайта қауышқалы отырған Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасының» қолжазбасы баламасы жоқ құнды жәдігерлердің бірі деуге толық негіз бар. Ендеше «Алтын сақинаның» сарғайған қағазға жазылған қолжазба нұсқасын парақтайық:

«Алтын сақинаның» (4 перделі пьеса) қолжазба нұсқасы Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында №216 (РК) бума болып сақталған. Жәй дәптерден сәл көлемді жолсыз сары қағаз дәптерге жазылған. Дәптердің ұзындығы 23 см, ені 18 см, қалыңдығы 4 см шамасында. Дәптердің сырты кітапхана қызметкерлері жағынан өзге қолжазбалармен ұқсас үлгіде қатты сары қаппен бекітілген. Дәптер қабының сыртына қолжазбаның қордағы нөмірі (№216 РК) деп анық жазылған. Тысқы беттегі өзге ақпараттар 1930-1940 жылдар арасында Қазақстанда қолданылған латын әліпбиімен жазылған: Kemenger ulь Q; «Altьn saqьjna» 4 perdeli dьramma. 1921. Çьl.

Қолжазбаны баспаға кім, қай жылы тапсырғаны белгісіз. Жазба туралы мәліметтері латын әліпбиімен жазыл­ғанына қарағанда, құнды мұра қорға 1934-1939 жылдап арасында тапсырылған деп айтуға болады. Себебі аталған жыл­дар кезеңінде латын әліпбиінде де кісі есімдері мен жер-су атаулары бас әріп­пен жазыла бастады. 1930-1933 жылдары қазақ латын әліпбиінде де бас әріп мәселесі шешім таппаған еді. Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қо­рына берілген А.Байтұрсынұлының «Ша­руалық өзгерісі» атты көлемді қол­жазбасы да Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасымен» «тағдырлас». Атал­ған қорға қиын кезең­де бір ғана емес, бірнеше Алаш арысының жазба мұра­сын сақтана жүріп өткіз­ген бір адам болса керек. Себебі біздің көзі­міз шалып, қо­лымызға іліккен арыстарға тіке қатысты бірнеше қолжазбаның да ішкі-тысқы ерекшеліктеріндегі ұқсастық осылай болжауға жетелейді. Бұл туралы біз «Ақаңның белгісіз һәм белгілі еңбегі жа­йында» атты мақаламызда да оқырман­мен ой бөліскен болатынбыз.

Жазбаның бірінші бетінің бас жағын­­да төте жазумен «Х Кемеңгер» деп жа­зыл­ған. Орта және төменгі бөліміне «Алтын сақина», «драмма төрт перделі», «17 ноя­бірде жазылған, 1921», «Таш­кент» де­ген жазулар да төте жазумен берілген. Дәп­тердің осы беті бірша­ма шимайланған. Дәптерге қиғаштап «Алтын сақина, жазылып біткен» деген сөздері төте жазумен, №22, №25, № 39, 17 ноябрь, 1921 г, Научная комиссия, пьеса» деген сөздер орысша берілген. 

Қолжазба дәптер барлығы 38 парақтан (беттен) тұрады. Жазушы әр беттің келесі бетін ақ қалдырып, жаңа парақтан бастап отырған. Бірінші бетте кітап үлгісінде титул ретінде дайындалған ақпараттарға қарап, бұл нұсқаны 1921 жылы Ташкенттен бастыру үшін арнайы көшіргенін білеміз. Демек бұл баспаға берер алдындағы көшірме нұсқасы.

Әр беттің жоғары жағына бет саны қойылып отырған. Дәптердің екінші үшінші бетіне төрт перделі драманың қысқаша мазмұны берілген. Бұл да осы қолжазба автордың ең алғашқы төл­нұсқасы емес, баспаға дайындау үшін көшіріп реттеп, кітап үлгісіне келтіріп дайындағанынан дерек береді.

Екінші, үшінші беттердегі кітап мазмұны ретінде жазылған мәліметтер төмендегідей:

 

Ойнаушылар

Киіз үй, орта дәулетті байлардың отауының іші

 

І пердеде ойнаушылары

Сағынтай (үй иесі, жасы 20-да)

Жания (Сағынтайдың шешесі, жасы 50-де)

Халима (Сағынтайдың келіншегі, 16-да )

Тәуірше (Жанияның абысынының қатыны, 40-да)

Ұмсындық (Тәуіршенің баласы, жасы 11-де)

 

ІІ перде ойнаушылары

Сағынтай 2) Халима 3) Жания 4) Өрік (көрші қатын) 5) Бекболат (Сағынтайдың құрдасы)

        

ІІІ перде ойнаушылары

Халима 2) Бәну (Халиманың ауылына ұзатқан қыз, жасы 30-да) 3) Аруақ (Халиманың шешесі) ...

 

IV перде ойнаушылары

Қалима 2) Сағынтай 3) Жания 4) Бек­болат 5) Өрік 6) Қойшы  

Ескерте кетелік, шығарма төте жазу­мен жазылғанымен, 1921 жыл А.Бай­тұрсынұлы ұлттық әліпбиді әлі жетілдіру үстіндегі кезең болғандықтан, онда көне емле ерекшелігі сақталған. Сандар араб сандарының көне нұсқасында берілген. Ғалымдар қазақ әліпбиіндегі 28 әріпті (1 дәйекші) және емлені 1924 жылы тұрақтандырған. «Алтын сақина» одан бірнеше жыл бұрын жазылғандықтан, қолжазбадағы әріптерде және емледе 1924 жылдан бері қалыптасқан емледен айырмашылықтар бар. Мысалы, Халима есімі бірде Халима бірде Қалима болып беріледі. Қошке есімінің бас әрпі де «ح» (Х) арқылы берілген.

Осыдан кейін 4-беттен бастап шығар­маның негізгі мәтіні басталады.

Перде ашарда Халима төсек алдында мәшинемен іс тігіп отырады. Сағынтай Қалиманың бас жағында төрге таман шынтақтап жатып домбыра шертеді (көңілді бір күй).

Сағынтай: (жалынып) әй, менің жаныма келіп отыршы, біраз!

Халима: (күліп) сағынып қалдың ба?

Сағынтай: сағынбасам шақырам ба? Назданбай келсейші!

Халима (тағы да күлімсіреп): сендей мен ерігіп отырмын ба? Нағашы апамның баласына беретін қамзолды бітіруге алас ұрып асығып отырмын.

Сағынтай: несіне асығасың, бітер!.

..........................

Міне, пьеса осылай жалғаса береді.

Қолжазба жазушының жазуы орташа сапада. Тым көркем де емес, алайда анық оқылады. Бастапқы беттерінде (7-бетке дейін) жазуы ірі, жол аралығы алыстау, оқуға анық көшірілген. Көбінесе қара сиялы қалам пайдаланылған. Бірақ арасында көк сиялы қалам да іске қосылған. Ішінара жерлерде асты сызылған сөздер, қиғаш сызықтар, қате (көбейту) белгілері кездеседі.

Жазбаны бір адам көшірген болуы да, екі адам кезектесіп көшірген болуы да мүмкін. Олай дейтініміз, мәтіннің орта шенінде көшірушінің қолжазба стилі өзгеріп кетіп, қайта қалпына келіп отырады. Бірақ бұл бірде асығыс, бірде асық­пай жазған бір адамның еңбегі болуы да әб­ден мүмкін. Асыққан адамның жазуы сүй­кек шимай болып кететіні баршамызға түсінікті жай.

Мейлі кім көшірсе де, 40 бетке жуық шығарманы бір деммен көшіріп шық­па­ғаны, ара-тұра үзе тұрып, қайта жал­ғас­тырып жазғаны байқалады. Қалам сия­сы түсінің ауысуы, жазудың бірде көр­кем, бірде сүйкек болуы, кейде жазу сти­лінің өзгеріп кетуі осыны аңғартады. Деген­мен, бұл өзгешеліктерге қарап, қол­жазбаның 1921 жылы баспаға берер алдында көшірілген, автордың ең түпкі нұсқасынан кейінгі нұсқа екенін ешкім де теріске шығара алмайды.

«Ақжол» газетінің 1921 жылғы 16 қаң­тар күнгі санында Қызылжарда «Та­лап» иірімінің ұйымдастырумен қо­йыл­ған «Алтын сақа» пьесасы туралы ақпа­­раттың (авторы: Үнемші) бар екенін еске салсақ, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» 1920 жылы немесе онан да бұрынырақ жазылған болып шығады. Қызылжардағы қойылымға дейін «Алтын сақа» сахналанған-сахналанбағаны туралы қазірге дейін қолжетімді мәлімет жоқ. Егер, Қызылжарда 1921 жылы 16 қаңтарда тұңғыш рет қойылды деген күннің өзінде мұндай кесек туынды бір-екі апта ішінде жазып, Қызылжарға жеткізіп үлгерді ме, бұл да жұмбақ.

Бұл 1921 жылы қаңтар Қ.Кемеңгер­ұлы Сібір ауылшаруашылық және өнді­ріс институты­ның 1-курс студенті атан­ған кезі. Қалай деген күнде де Қ.Кемеңгер­ұлы­ның «Алтын сақинасы» бері болған­да ­1921 жылдың бастапқы он шақты күні ішін­де (1-16 қаңтар аралығы), ары бол­ған­да 1920 жылы немесе онан да бұ­ры­ны­рақ жазылған. Ал қолымыздағы ­қол­­жазба нұсқа 1921 жылы 17 қараша­да кө­шірілгені, оны Ташкендегі баспа­ға ар­найы дайындағаны дәптер бетін­дегі мәліметтерден белгілі. Демек, «Алтын сақинаның» қолы­мыз­ға түскен жалғыз қолжаз­басы автордың ең алғашқы нұс­қасы емес, екінші рет немесе онан да ке­йін көшірілген нұсқасы. Мейлі нешін­ші көшірме болса да, бұл нұсқа түпнұсқа­ға ең жақын, аса құнды мұра деуге то­лық негіз бар. Себебі бұл нұсқаға де­йін «Алтын сақинаның» жалғыз рет 1921 жылы Қызылжарда қойылғанынан сырт, осыған дейін (1921) басылым көр­гені туралы мәлімет жоқ. Оның үстіне көптеген салада шығарма жазған Қ.Кемеңгерұлының осы «Алтын сақинадан» өзге ешбір еңбегі қолжазба күйінде жетпегені жоғарыда айтылды.

Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» шығармасы 1923 жылы Орынборда кітап болып шыққан. Кейін ғалым ақтал­ғаннан кейін 1965 жылы да еңбектері «Алтын сақина» деген атпен жинақталып оқырманмен қауышқан болатын.

Осы жерде бір сұрақ көлденеңдей қалады. Қолымыздағы қолжазба 1921 жыл­­­­­дың соңын ала Ташкендегі баспаға да­­­йын­далғаны белгілі. Бірақ кейін «Алтын са­қи­наның» Ташкеннен басылып шыққан-шық­пағаны белгісіз. Қолжазба дәптердің сыртында қарындашпен жазылған шағын ескертпеде 1923 жылы Ташкенде басылып шыққаны туралы ақпарат бар. Бірақ бізде қазірше тек 1923 жылғы Орынбордан басылып шыққан кітап нұсқасы ғана бар.

Тағы бір қызықты мәлімет, Ұлттық кітапханадағы қолжазбалардың маз­мұн­­далған шағын көрсеткішінде (1965) «Алтын сақинаның» 1922 жылы басы­лып шыққаны жазылған. Бұл екі ақпарат­қа сенсек, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» 1922 жылы бір рет, 1923 жылы екі рет басылып шыққан болады. Бұл да алаштанушы, қошкетанушы ғалым­дар назарында жүруге тиісті бір сауал болып отыр.

Ендігі мәселе «Ұлттық кітапханада сақ­талған, біз сөз етіп отырған «Алтын сақинаның» жалғыз қолжазба нұсқа­сы автор Қ.Кемеңгерұлының өзі­нің төл қолтаңбасы ма, әлде көшіруші өзге бір адамның немесе бірнеше адам­­ның қолтаңбасы ма?» деген сұрақ төңі­регінде болып отыр. Қазірге дейін Қ.Кемеңгерұлының бірлі-жарым орыс тілінде жазылған қолтаңбалары бол­маса, төте жазумен бүгінге жеткен еш­бір қолтаңбасы бар мұрасы сақтал­ма­ғандықтан, қолдағы нұсқаны автор­дың өзінің төл жазуы ретінде ғалымға тәуелдеуге асықпадық. Алдағы уақыттарда Қошкенің өзге де қолжазбалары табылып жатса, ғалымдармен бірге зерделей отырып, бұл мәселені де тұрақтандыратын күн қашпайды деп сенеміз.

 

Әділет Ахмет,

А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің түркітану мамандығы докторанты