Жуырда Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионаты өткені белгілі. 71 кг салмақта сынға түскен Абылайхан Жүсіпов финалдық айқаста өзбекстандық Хавасбек Асадуллаевқа есе жіберіп, күміс медальды місе тұтқан еді.
Осы жекпе-жекте Хавасбек Абылайханның иығынан тістеп алғанын рингтегі рефери де, қаумалай отырған төрешілер де байқамаған болатын. Еліміздің бокс федерациясы IBA, ASBC ұйымдарына ресми хат жолдап, финалдық айқаста өзбек боксшысының көпе-көрінеу ереже бұзғанына шағым түсірді. Бейнежазбаны мұқият зерделеген жауапты мамандар жекпе-жек қорытындысын қайта қарап, алтын медаль Абылайханға тиесілі деген шешім шығарды. Сол жекпе-жекте рефери болған сербиялық маман Джованна Угреновичтің кәсіби қызметіне де сын айтылды. Қыршаңқы Хавасбек енді белгіленген мерзімге дейін сайыстарға қатыса алмайды.