• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.66
  • EUR:
    550.21
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 09:57

Отбасындағы озбырлық: себебі, салдары, сабағы

25 рет
көрсетілді

Қоғам ізгілігінің өлшемі, өркениеттің нышаны, қала берді жай ғана адамдықтың белгісі – әйел баласына деген қамқорлық пен құрметтен көрінетінін бүгінгінің көзі ашық адамдарына айтып отырудың өзі әбестік. Өкінішке қарай, әлімжеттіктің тақсіретін тартып келе жатқандар жетіп артылады. «Өз үйіңнен жау шықса, қашатын жер табылмас» дегендей, тағдырдың азабы мен азарын өзгелерден емес, өз жақындарыңнан көруден асқан қасірет жоқ. Ал өтіп бара жатқан жылда қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалар әлеуметке қаншалықты сабақ болды?

Полиция деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйел­дерге қа­тысты 7705 қыл­мыс тір­келген, бұл көр­сет­кіш өткен жыл­дың осы кезеңімен са­лыс­­тырғанда 8,1%-ға кеміген.

Құқық қорғау органдары отбасындағы озбырларға қарсы қандай әрекет жасап отыр деген сауалға Алмалы аудандық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Құласбекова: «Биыл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу амалдарын күшейттік. Профилактикалық есепке 6800-ден астам адам қойылды, 6200-ден астам қорғаныс ұйғарымы шы­ғарылды. Бұл шаралар әлімжеттіктің алдын алуды ғана емес, зәбір көргендерге көмек көрсетуді, күш көрсетуге бейім­дер­мен жұмыс істеу жолдарын қарастырады. «Серіктестік – тұрмыстық зорлық-зом­бы­­лықтың алдын алу құралы» қанат­қақты жобасы аясында 105 озбыр психо­коррек­ция­лық бағдарламаларға жіберілді», деп жауап берді.

«Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Зульфия Байсақова биыл сәуір айында заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары құзырлы мекемелерге жиі жүгіне бастағанын айтады. «Ең бастысы, зәбір көргендер мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, өз құқық­та­рын қорғаудың нақты тетігін қол­дана бас­тады» дейді З.Байсақова.

Тұрғындар арасында ақпараттық-түсін­діру жұмыстарына көңіл бөлініп, оқу орындары мен ұйымдарында 160 дәріс, тренинг мен кездесу өткізілді. Әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 776 әйелге кеңес берсе, 150 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылып, 9 әйел «Аналар үйі» бас­панасынан қолдау тапты. Алдағы уақытта осы мәселеге азаматтық қоғамды барынша тартуға, ODARA тәуекелін бағалау әдіс­темесін қоса алғанда, халықаралық тә­жіри­бені енгізуге баса назар аударылатын болады. «ODARA» деп отырғанымыз – Канаданың Онтарио қаласында жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық құралы. Бұл бас­тама әлімжеттік мәселесін шешуде озбырды міндетті түрде бас бостандығынан айыруды емес, оның тәубесіне келіп, қателігін түзеп, жәбірленуші тараппен татуласуын көздейді. Үйінде күш көрсетіп жүргендерді қайта тәрбиелеу мәселелері азаматтық қоғам өкілдеріне жүктеледі.

Өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдар­дың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күрестегі рөлін жоққа шы­ғармау керек. Сол тұрғыда Әлеуметтік ко­дек­с­тегі соңғы өзгерістерге сәйкес олар­дың сапасын арттыруға бағытталған қыз­мет­терді лицензиялау үдерісі жүріп жа­тыр.

«Қазір ҮЕҰ өзінің материалдық-тех­никалық базасын нығайту мен оқытудан өтіп жатқан мамандардың біліктілігін арт­тыру бағытында белсенді жұмыс жүр­гізіп, сондай-ақ лицензия алу үдерісіне қатысып келеді. Бұл өзгерістер отбасылық-тұрмыстық әлімжеттікті азайтуға, жалпы қауіпсіздікті қалыптастыруға оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз», деді З.Байсақова.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова былтырғы он айда дағдарыс орталықтарынан 2657 адам пана сұраса, биыл 1 қарашада бұл көр­сеткіш 2279 болғанын алға тарта келе, жазаны қатаңдату шаралары өз алдына, қоғам­ның зорлық-зомбылыққа деген жалпы көзқарасын өзгерту маңызды екенін атап өтті.

Көтеріліп отырған мәселеге орай халық­аралық ұйымдар да бірлескен нақты іс-әрекет­терді қолға алып жатыр. Жақында Алма­тыда Орталық Азия елдері тұрмыс­та­ғы зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету тәсілдерін талқылау мақсатында бас қосты. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа белсенді қарсы әрекет ететін 16 күн» жаһандық науқаны аясында ұйымдастырылған «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрес­­сорларды түзету бағдарламалары» атты халықаралық жиын­­ды Фридрих Эберт атын­дағы қордың Қазақ­стандағы өкілдігі мен «Дағдарыс орта­лықтары одағы» ЗТБ Астана­дағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі­мен бірлесіп өткізді.

Сексеннен астам сарапшыны бір алаңда жинаған конференцияда Парламент депутаттары, Қазақстан мен Қырғызстан ішкі істер министрліктерінің, Қырғыз Респуб­ли­касы Жогоргу Кенешінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сия­ның, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комитеттің, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы психикалық ден­сау­лық ғылыми-зерттеу орталығының өкіл­­дері, зерттеушілер, азаматтық қоғам өкілдері сөз алды.

Алқалы жиында отбасындағы әлім­жет­тік әр қырынан талқыланып, заңна­малар мен құқық қорғау органда­рының жұмысы тал­данып, озбырлықтың қайталануы мен қатері сарапталды. Агрессорларды түзе­­ту бағдарламаларына шолу жасалып, үй­дегі зорлық-зомбылыққа куә болып, содан жәбір көрген балаларды қолдау шара­лары қарастырылды. Отбасындағы қасіретті жағдайларға қоса, кибер зорлық-зомбы­­лық­пен күресу мен алдын алуда ІТ технологияларды қолданудағы табысты кейс­тер талданды. Мәселеге қатысты БАҚ рөлі мен ықпалы да назардан тыс қалған жоқ.

Конференцияда баса назар аударылған проб­лемалардың бірі тиімділігі халық­аралық деңгейде дәлелденген агрессорларды түзету бағдарламалары болды. Неміс зерттеушілерінің тұжырымына сүйен­сек, түзету бағдарламаларына қа­тыс­қандар 8-9 айдан кейін кез келген зорлық-зомбылықтан сап тыйылған. «Агрес­сорларды түзету бағдарламаларын енгізу зорлық-зомбылықпен күреске жүйелі көзқарас ұстануға қажет. Қазір күш-жігер көбінесе құрбандарды қол­дауға жұмсалады, сондай-ақ агрессорлармен де жұмыс істеудің маңызы зор. Зорлық-зомбылық – екі тарапқа да: әлімжеттік жасайтындарға да, одан зардап шегетіндерге де қатысты. Сол тұрғыда агрессорларды түзету бағдарламалары – зорлық-зомбылық қайталануының алдын алу құралы болмақ», – деді Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкіл­дігінің жоба менеджері Әлима Теңізбай.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Орталық Азия елдері үйдегі зорлық-зом­бы­лықпен күресуде маңызды қадам­дар жасап жатыр. Жиын барысында «Zertteu Research Institute» ұйымы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері инс­пекторлары арасында ODARA әдісі­нің тиімділігін зерттеп, сынап көрді. Нәти­жесінде, инспекторлардың 83%-ы ODARA құралын өз жұмысында үнемі қол­дана­­­ты­ны анықталды. Сауалнамаға қатыс­қан­дардың 73%-ы оның үйдегі зорлық-зом­бы­лықтың қайталануы ықти­мал­дылығын бол­жауда тиімді екенін атап өткен.

Баршаға мәлім, биылғы жылдың сәуірі­нен елімізде үйдегі зорлық-зомбылық қылмыс санатына жатқызылғандықтан, ендігі жерде отбасы мүшесін ұрып-соққан, денсаулығына жеңіл, орташа, яки ауыр зақым келтірген адам қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылады. Сол сияқты биыл тамыз айында Қырғыз Респуб­ли­ка­сының Президенті Садыр Жапаров отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді көздейтін заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Түзе­ту­лер сон­дай-ақ Қырғыз Республикасы Әділет ми­нистрлігі жанындағы Пробация және жаза­ларды атқару қызметі іске асыратын түзету бағдарламаларынан өтуді міндеттейді. Айта кету керек, Қырғызстан Орталық Азия елдері арасында үйдегі зорлық-зом­бы­лықты өзгелерден бұрын, 2017 жылы қылмыс санатына енгізген.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті де агрессорлардың зорлық-зомбылыққа бейім мінез-құлқын өзгертетін түзету бағдарламаларына қатысуды міндеттейтін  қаулыға қол қойды. 2025 жылғы қаңтардан бастап елдегі агрессорлар тізімі жасала бас­тайды. Бұл елде де 2023 жылы үйдегі зор­лық-зомбылық қылмыс санатына қосылған.

Тәжікстанға тоқталсақ, елде отбасын­дағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңға өзгеріс енгізілген. Олардың бірі жұмысты күшейте түсу мақсатында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесін құруды көздейді.

Конференция үйдегі зорлық-зомбы­лық­­қа қарсы әрекет ету шараларын күшей­ту жөніндегі ұсыныстар жазылған қарар қабыл­даумен тәмамдалды. Қатысу­шы та­­рап­тар тәжірибе алмасуды тоқтат­пай, бір­­лесе жұмыс істей беруге дайын екенін білдірді.

 

АЛМАТЫ