• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2015

Қарақшыны қапыда қалдырған келіншек

340 рет
көрсетілді

Бұл оқиға елдің жадынан әлі шық­қан жоқ. Елең-алаңда кісі жо­ғын пайдаланып бетперде киіп дүкенге кірген қарақшы есікті іштен іліп, сатушы Айшагүл Ибашева­ға қару кезеген. Көбірек олжа қамтығысы келген ол өзіне қарсы тұрған келін­шек­ті сүйрей-мүйрей келесі бөлмеге өтеді. Ауылдың қара шаруа­ға піскен қайратты әйелі тапанша ұстаған қолдан қос қолдап ұстап, орайы келгенде оқпанын қылмыскерге қаратып шүріппені басып қалады. Қанға бөккен қылмыскер де қарап қалмай, әйелді бір қойып жалп еткізеді де атып салады. Әрі қарай жұрт құлақтанып, оңбасын білген ол дереу сыртқа атылып, машинасына мініп үл­гереді. Қылмыскермен арпалысып қанына қарайған Айшагүл жара­қа­тына қарамай оның көлігін байқастайды. Оқ иығынан тиген екен. Жаны көзіне көрініп тұрса да Айшагүл Отырар аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, болған жайды мәлімдейді. Жедел жеткен тәртіп сақшыларына қыл­мыс­кердің түр-түсі, дене бітімі, мін­ген машинасына дейін сипаттап береді. Қылмыскер арада бір ай өт­кеннен кейін ұсталған. Алыстан келген жау емес, сол Отырар ау­даны­ның тұрғыны екен. Бұрын Тараз қаласында адам өлтіріп сотты болған. Мерзімін өтегеннен кейінгі тірлігі осы. Түрме, бас бос­тандығы сабақ болмаған сабаз­дың үстінен ҚР ҚК-нің 179-бабына сәйкес қылмыстық іс қоз­ғалып, тергеу амалдары жүру­де. Ал ауыр қылмысты ашуға жәрдемдескен Айшагүл Ибашева жақында ІІМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары, полиция генералы Рашид Жақыповтың қолы­нан грамота алды. Айшагүлді жерлестері батыр­ға теңейді. Қысылтаяң шақ­та қыл­­мыскердің ырқында кетпей, ерлерге лайық ерлік көрсет­кен келіншек қауіпті ойлап үлгер­­мегенін айтады. Батырлық қанын­да бар-ау, сірә! Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.