2024 жылдың 14-16 желтоқсаны аралығында Терме Чатеж қаласында (Словения) U14–U18 рапид және блиц бойынша жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыстың соңғы күні Қазақстанның жас шахматшылары 10 медаль жеңіп алды оның 2-і – алтын (Елназ Қалиахмет пен Даниял Сәпенов).
«Осы жыл шахмат сүйер қауымды жағымды жаңалықтарымен қуантуды жалғастырып жатыр. Бізде рекордтық медаль саны бар, оның көпшілігін жап-жас балалар жеңіп алды. Жастар арасындағы рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында да осындай нәтижеге қол жетіп, спортшыларымызды мақтан тұтуымызға жаңа себеп пайда болды. Біздің қоржынымызда 10 медаль бар. Шахматшыларды, олардың жаттықтырушылары мен ата-аналарын осынау тамаша нәтижемен құттықтаймын. Бұл үлкен спорттық сапардың басы ғана екеніне кәміл сенемін»,деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Айта кетейік, U14–U18 жастар арасындағы рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына 36 елдің 320-ға жуық жас шахматшысы қатысқан. Қатысушылардың арасында 1 гроссмейстер (GM), 4 халықаралық шебер (IM), әйелдер арасындағы 1 халықаралық шебер (WIM), 37 ФИДЕ шебері (FM) және әйелдер арасындағы 16 ФИДЕ шебері (WFM) бар.
KazChess/Қазақстан шахмат федерациясына 16 жас шахматшы өкілдік етеді. Чемпионатты қабылдаушы ел (115) және оның еуропалық көршілері ғана – хорваттар (33), поляктар (22) мен словактар (19) көбірек қатысушы жіберді.
14–15 желтоқсанда жарысқа қатысушылар 15+10 рапидте швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнап, жүлдегерлерді анықтады. Қазақстан шахматшылары 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.