• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экология 18 Желтоқсан, 2024

Астанадағы жалғыз қоқыс полигоны 95 пайызға толып тұр

76 рет
көрсетілді

Мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов депутаттық сауалында қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және шығару мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, полигондардың көпшілігінде қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу және сақтау үшін қажетті инфрақұрылым жоқ, бұл экологиялық мәселелерді қиындатады.

«Астанадағы жалғыз полигон қазірдің өзінде 95 пайызға толы, ал жаңа полигонның құрылысы келесі жылы басталады. Бұл жағдай көптеген облыс орталықтарында, мысалы, Семей, Орал, басқа да полигондарда қалыптасып отыр. Мен барлық өңірлерде полигондардағы санитарлық жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар мен оларды іске асыру мерзімдері көрсетілген қалалық қалдықтарды басқарудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді ұсынамын», деді ол.

Тұрғанов сондай-ақ әкімдіктерге қауіпті медициналық және сынап қалдықтарын орналастыруға лицензиясы бар мамандандырылған кәсіпорындардың экологиялық, санитарлық талаптарды және ұлттық стандарттарды сақтауын қадағалау, сондай-ақ өздігінен полигондардың пайда болуына жол бермеу бойынша нақты құзырет беруді сұрады.

«Қоқыс полигондарының көпшілігінің жағдайы санитарлық талаптарға сай емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес 3 мыңнан астам полигонның 20 пайызы ғана экологиялық талаптарға сай келеді», деді ол.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды түзету үшін қажетті шаралар қабылдамай отыр. 

Ол осы жылдың наурыз айында Үкімет ірі қалаларда 37 жаңа және жұмыс істеп тұрған 8 полигонды жаңғырту жоспарын жариялағанын еске салды. Сонымен қатар қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді.

«Әрине, бұл жоспарларды жүзеге асыру жағдайды жақсартуы керек, бірақ жағдайы жыл сайын нашарлап бара жатқан полигондарға қатысты нақты шешім жоқ», деп есептейді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, қалдықтарды сұрыптау мәселесі де өткір тұр. Соңғы уақытта түрлі қалдық түрлеріне арналған жаңа контейнерлер пайда болды. Бірақ тұрғындармен түсіндіру жұмыстары, ынталандыру шаралары жүргізілмей жатыр.