Дарынды жасты қарғадайынан қанаттың астына алып, қамқорлық жасау, тұма бұлақтың көзін ашып, өркенін өсіру жолындағы 1-7 сынып оқушылары арасында өткізіліп келе жатқан оқушылардың республикалық шығармашылық «Зерде» конкурсы биыл көрікті Көкшетаудың баурайындағы «Балдаурен» кешенінде өтті. Бұл білім сайысына Отанымыздың төрт бұрышынан 300-ге таяу талапкерлер қатысты. Олардың қатарында барлық облыс өкілдерімен бірге, Астана және Алматы қалаларының, Назарбаев зияткерлік мектептерінің үміткерлері де болды. Ережеге байланысты конкурсқа қатысатын талапкерлер үш кезең бойынша іріктеуден өткен. Оның біріншісі мектепте, екіншісі облыста жалғасып, үшіншісі республикалық деңгейде болды.
Оқушылардың зерделеу жұмыстары 8 секция бойынша қабылданған. Ондағы басты пәндер: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, информатика, физика, техника, медицина, биология, тарих, экология – осылай жалғасып кете береді.
Жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі байқаудың ашылу сәтінде республикалық «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаева бұл шығармашылық конкурс болашақта талантты анықтаумен бірге, еліміздің ертеңіне өз үлесін қосатын білімді ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып келе жатқанын алға тартты. Осы дәстүрлі шараға жыл сайын қазылық жасап келе жатқан профессор Тілеген Садықов баули білсек, талантты жастардың жұртымызда аз емес екендігін алға тартып, ондай ұл мен қызды ата-ана, мектеп ұстаздары көзден таса етпей, көңілден шығармай, қамқорлық жасау қажеттігін атап өтті. Осындай жастардың арасынан ертең Отанымыздың намысын қорғайтын, алдыңғы толқынның ізін басатын ұрпақтың өсіп шығатынын, ондай үрдістің қазірдің өзінде қалыптасқанын жеткізді.
Үш күнге созылған білім жарысында жүзден жүйрік шыққандарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар тапсырылса, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».